Абай қаласын қыс мезгілінде жылумен тұрақты қамтамасыз ету үшін 2015 жылдың 1 қазанынан бастап, «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС жұмыс істейді. Құрылтайшысы Абай ауданы әкімінің аппараты болып табылатын оның қызметінің негізгі бағыты – осы қалаға жылу беру, тарату.

Кәсіпорынның қарамағына 2020 жылдан ауданның Южный кентіндегі қазандық та көшіріліп, ол да осы елдімекенді қыста жылумен жабдықтайды.
Биылғы қысқы жылыту маусымы бұл өңірде де 30 сәуірде аяқталып, бұл маусым еш апатсыз қалыпты жағдайда өткен. Үнемі жүргізілген профилактикалық тексерістер мен ескірген жабдықтарды уақытында ауыстыру жылу жеткізуде кідірістерді болдырмай, тұтынушыға сапалы қызмет көрсетуге мүмкіндік берді. Бұл істе «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС қызметкерлері мен жұмысшыларының жоғары жауапкершілігі мен біліктілігін атап өткен жөн.
Енді жазғы маусымға көшу кәсіпорын мамандарының барлық қажетті жөндеу жұмыстарын жүргізіп, қаланың жылу жүйелерін алдағы күзгі-қысқы жылыту кезеңіне дайындауға жол ашқан. Қазірдің өзінде профилактикалық іс-шаралар қолға алынып, магистральдық және орамішілік жылу жүйелерін гидравликалық сынақтан өткізу кезінде анықталған ақауларды жойып, энергияны үнемдеуді арттыру басталды.
– Бүгінгі таңда біздің кәсіпорын «Абай ауданының ТКШ, ЖК және АЖ бөлімі» мемлекеттік мекемесімен бірлескен түрде жылу энергиясының жоғалуын азайту жөнінде кең көлемдегі жұмысқа кірісті, – дейді «Абайлық жылу жүйелері» ЖШС директорының міндетін атқарушы Валентина Әбдіхалықова.
Егер 2023-2024 жылдары Абай-ГРЭС магистральдық жылу құбырлары жылыланып оралса, 2024 жылдан күні бүгінге дейін жылу энергиясын тұтынуды бақылау мен есепке алу үшін жалпы үйлерге есептегіш құралдар 95% орнатылып, ол жаңа жылыту маусымы басталғанша бітпекші. Сол сияқты кәсіпорын мамандары мен жұмысшылары жыл сайын жылу жүйелерін жөндеп, жылу құбырларын ауыстырып отырады. Соның арқасында биылғы қысқы жылыту маусымында жылу энергиясын жоғалту 2022-2023 жылғыға қарағанда 12% -ға кеміген екен.
Осы 2025 жылы кәсіпорын инвестициялық бағдарламалар шеңберінде және өз қаражаты есебінен қала ішінде «Абай» сорғы станциясынан «Мерей» компенсаторына, 1-жылу құбыры торабынан 15-жылу камерасына (айналма жол) , Гете көшесінен Сейфуллин көшесі бойымен (Карл Маркс көшесі) айналма жолға дейін 52,677 миллион теңгеге 0,32 шақырым жылу құбырларын жөндеуді жоспарлаған.
Тағы бір маңызды жаңалық – Южный кентінде жаңа модульдік қазандықтың іске қосылуы. Осы заманғы автоматтандыру және басқару жүйелерімен жарақтандырылған бұл қазандық өндіріс үдерісін оңтайландыру мен энергия шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Сонымен бірге оның жоғары тиімділігі мен қалдықты аз шығаруы пайдалану мен қызмет көрсету шығындарын да азайтады.
«Қыс шанаңды жаз сайла» демекші, осы жұмыстар мезгілінде аяқталған соң, Абай қаласының тұрғындары да келесі қысқа алаңсыз кіреді деген ойдамыз.
Ержан ИМАШ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Абай қаласы