Жаңалықтар

«Ескі Заң есіркеп, жаңа Заң жарылқасын!»

Біз кейде «Қазақстанда идеология жоқ», – деп танау­рап жатамыз. Ал, еліміздің Ата Заңы тұнып тұрған идеология екеніне неге мән бермеске? Ащы да болса, ашығын айтайық, біз Конс­титуцияға «заңдар мен баптар жинақталған кітап» деп қарайтын немесе мемлекеттік қызметке қабылдау кезінде сынаққа дайындалу үшін ғана пайдаланатын көмекші құрал ретінде қабылдайтын жағдайға жеттік.

Қазақстан Республикасы Конституциясының 15 наурыздағы жалпыхалықтық Референдумға ұсынылған жаңа жобасы – біздің бұл ұшқары пікір, ұшқалақ көзқарасымызды кешірмейтін құндылыққа ие. Өйткені, Ата Заңымыздың жаңа жобасында бабалар аманаты мен Алаш көсемдерінің азаттық жолында құрбан болған жалын ғұмырларының өтеуі бар. Жаңа жобаның преамбуласында біз көксеген құндылықтардың барлығы қамтылып, адами капитал Конституция жобасының негізгі өзегіне айналған. Қазақ елінің тарихи хақысы қамтылған бас құжаттың талқыдағы жобасының ма­ңызы мен мәні неде?
Бірге үңіліп көрелік…

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Тәуелсіздік төлқұжаты

Алты ай талқыланып, ашық алаңдағы пікірталас пен әлеуметтік желідегі кең ойлайтындар мен кем ойлайтындардың ой-көкпарына негіз болған жаңа жобаның ең басты артықшылығы – түпнұсқаның ана тілімізде әзірленуінде. Алысқа бармай-ақ, өз отбасымнан мысал келтірейін… Осыдан төрт жыл бұрын қыз балам мемлекеттік қызметке орналаспақшы болып, сынаққа дайындалды. Тест сынағында қамтылған басқа заңдарды қайдам, тура осы қолданыстағы Ата Заңымыздың қазақша нұсқасын қабылдай алмай, сынаққа орыс тіліндегі Конституциямен дайындалғанын көзіммен көрдім. Жаңа жобаны жаппай сынап, Мемлекеттік тіл мәртебесін «даулап» жүрген замандастарымыз осы артықшылыққа неге көңіл аудармайды екен?

Жалпы, қазақстандық қоғам дәл қазір тарихи жауапкершілікпен де, теңдессіз мүмкіндікпен де бетпе-бет келіп тұр. Жауапкершілік те, мүмкіндік те – ел ертеңі үшін маңызды факторлар. Бүгінгі қабылданған әр шешімнің болашақ алдында сұрауы болатыны жауапкершілікті меңзейді. Ал, мүмкіндік ше? Мүмкіндік, ол – жауапкершілік жүгін арқалаған әрбір тарихи шешімнің демократиялық принциптері негізінде қабылдануы.
Мәселен, ел Конституциясының жаңа жобасы халықтың қатысуымен талқыланып, тікелей Қазақстан азаматтарының талғамымен қабылдануы тарихи мүмкіндік емей немене?! Алдындағы жазбаларымның бірінде Конституциясы жоқ елдер бар екенін жазған едім. Шындығын айтқанда, ол кемшілік емес. Кемшіліктің көкесі ата Заңы болсын, басқа да мемлекеттік һәм тарихи маңызы зор шешімдерді «жабық есік» жағдайында қабылдайтын мемлекеттерде екен. Осы тұрғыдан қарағанда, 15 наурызға белгіленген Референдумның Қазақстан азаматтары үшін ой бостандығы мен таңдау еркіндігіне кепіл болар тарихи маңызын аңғарар едік.

Өткен жылы қолданыстағы Конституцияның 30 жылдық мерейтойына арналған салтанатты жиында сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев:

– «Мемлекеттік биліктің бірден-бір бастауы – халық» деген Конституция бабы нақты жүзеге асырылды. Бұл қоғамымыздағы саяси үрдіске зор серпін берді. Енді еліміздегі барлық маңызды шешімдерді ел болып талқылап, бірге қабылдайтын болдық, – деген болатын. Ел Президентінің осы тұжырымында биліктің жауапкершілігі де, халықтың мүмкіндігі де жатыр.

Бізде мұндай мүмкіндік бұрын болды ма? Саралап көрелік…

Әлем елдері арасында мемлекет үшін аса маңызды тарихи шешімдерді билік пәрменімен қабылдай салуға мүдделі мемлекеттер аз емес. Мысалы, Украина, Молдова, Грузия, Өзбекстанда Конституция парламенттік жолмен қабылданса, Болгария, Румыния, Бразилия, Камбоджа, Колумбияның Конституциялары Құрылтай жиналысында қабылданады екен. Заң қабылдаудың бұл екі форматында да қарапайым халықтың ұсыныс-пікірі шектеулі болады.

Естеріңізде болар, тәуелсіз Қазақстанның да алғашқы Конс­титуциясы 1993 жылы 28 қаң­тар­да ХІІ шақырылған Қазақстан Жоғарғы Кеңесінің ІХ сессиясында қабылданған. Әлем Конституцияларын зерттеуші мамандар небары 1,5 жыл ғана өмір сүрген алғашқы Ата Заңымыздың ғұмырының қысқа болуын 1978 жылғы Қазақ КСР Конституциясының желісімен дайындалып, посткеңестік мүдде шеңберінде қалып қойғандығына жатқызады. Ал, мен айтар едім, тұңғыш Ата заңымыздың өміршең болмауының басты себебі – Ата Заң жобасын я талқылауға, я қабылдауға қарапайым халықтың қатыспауы. Жоғарғы Кеңестің шағын аппаратында әзірленіп, сессияда қабылданған басты заңымыздың бағы баянды бола алмады, ақыры…
Ал, 1995 жылы қабылданған қолданыстағы Ата Заңымыз жалпыхалықтық Референдумда қабылданды демесеңіз, оның да жобасын оншақты адамнан құралған жұмыс тобы жабық жағдайда әзірлеген. Әуел бастан кемел ойлап, кең пішілген дүние болмаған соң, кемдігі де, келтелігі де тез байқалады ғой. Айналасы 30 жылда 6 рет өзгертуіміздің себебін енді аңғарған боларсыз…

Менің бұл пікірім – өткеннің бәрін жоққа шығару емес, салдары ғасырларға жүк болатын тарихи қателіктердің себебіне көңіл аудару. Әйтпесе, қолданыстағы Конституция Кеңес Одағының қирандысына үй тігіп, енді ғана шаңырақ көтерген еліміздің мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінде Тәуелсіздікті нығайтып, ішкі-сырт­қы саясатымыздың бағыттарын айқындауда өзінің тарихи миссиясын толық атқарған бағаналы елдің басты заңы болғанын қалай ұмыта қалайық?..

Иә, біз жаңаруға бет алып, жаңғыруға ниет еттік. Конституцияның жаңа жобасы алғашқы күннен-ақ ашық алаң талқысына шықты. Конституциялық реформа жөніндегі комиссияның барлық отырыстары тікелей эфир арқылы ел назарына ұсынылып, халықтан түскен 10 мыңнан астам талап-өтініш, тілек-ұсыныстың барлығы назарға алынды. Нәтижесінде, адами факторға бағдарланған, мемлекеттік құндылықтарға кепіл боларлық, кешегі Алаш көсемдерінің аманаты мен арманын арқалаған жоталы жоба әзірленді.

Қазақстан соңғы жылдары берік қалыптаса бастаған ашықтық принципі, яғни, түпкі шешім, соңғы сөзді халықтың өзіне қалдыру қағидаты еліміздің әлем алдындағы беделін еселеп келеді. Бұрнағы жылы АЭС құрылысы бойынша өткізген Референдум мен биылғы Конституциялық реформа Қазақстанның сәтті қадам, нақты мақсатын айқындап тұр.

Қазақстан үшін жарқын болашаққа бір-ақ қадам қалды. Ол – 15 наурызда өтетін Референдум. Сөз басында айтқан тарихи мүмкіндік – халықтың талғам таразысында. Азаматтық ұстаным мен биік парасатқа сүйеніп, терең білім, салмақты сабыр танытатын жеріміз – осы!

Түйіндей келгенде, Ата Заңымыздың алғашқысы да, қолданыс­тағысы мен ертеңгі жаңа жобасы да – Тәуелсіздіктің төлқұжаты. Ал, төлқұжаттан қастерлі ештеңе жоқ!

Алаш идеясы һәм Ата Заң

Бүгінгі Тәуелсіздік бақыты Алланың аспаннан түскен тосын сыйы емес. Ол – ғасырдан – ғасырға, бабадан – ұрпаққа аманат болып жеткен арман мен сабақтас­тықтың ақиқатқа айналған жасампаз формасы.

Жаңа жобаның ұлттық құндылықтарға негізделген преамбуласында «Ұлы Даланың мыңдаған жылдық тарихының сабақтас­тығын сақтап» деген мақсатшыл тұжырым бар. Оның астарында «байырғы қазақ жерінде» мемлекеттік құрылым ежелден қалыптасқандығын дәлелдейтін және «оның шекарасы мен аумағының тұтастығына қол сұғуға жол бермейтін» өр рухқа өлшем болар өнеге жатыр.

…Жақында конституциялық реформа жөнінде Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті археология, этнология және Отан тарихы кафедрасының қауымдастырылған профессоры, PhD докторы Нұртас Смағұловпен пікірлесе қалғанмын. Тарихшының мына пікірі елең еткізді. Ол:

– Сіз кешегі Алаш идеясы мен бүгін талқыланып жатқан Конс­титуция арасындағы үндестікті аңғардыңыз ба? – деп қалды. Тосырқап қалсам да, тосылмадым.
– Иә, Президентіміз Қасым- Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы мен Алаш идеясы арасындағы сабақтастық туралы қалам тербегенім бар. Бірақ, конституциялық реформаның мақсаттары мен Алаш идеясы арасындағы үндес­тікке үңіле қоймаппын, – дедім. Нұртас Бірлікұлы нақты мысалдарға жүгіне отырып, өз пікірін тарқата бастады.
– 1917 жылы қабылданған «Алаш» партиясы бағдарламасының тарихи маңызы зор екенін біз Алаш идеясы мен бүгінгі сая­си үдерістер мазмұны арасындағы мүдде сабақтастығынан көріп отырмыз. Алаш зиялылары өз бағдарламасында қазақ елінің сан ғасырлық даму тәжірибесін, салт-дәстүрін революциялық әдіспен өзгертуді емес, қайта оларды эволюциялық жолмен басқа өркениетті елдердің өмір тәжірибесін ескере отырып, одан әрі жетілдіре түсуді көздеді. Референдумға шығарылған жаңа жобаның 3-бабында қамтылған конституциялық талаптар «Алаш» партиясының бағдарламасында да айшықты көрініс тапқан. Бұл баптағы Егемендік пен Тәуелсіздікті қорғау, адамның және азаматтың құқықтары мен бос­тандықтарын сақтау, қағидаттары алашордалықтар бағдарламасының «Жергілікті бостандық», «Негізгі құқық» деп аталған ІІ-ІІІ бөлімдерінде толық қамтылған. Сондай-ақ, біз талқылап жатқан жаңа жобаның 7-бабындағы «Дін – мемлекеттен бөлек» деген тұжырым «Алаш» партиясы бағдарламасының IV бөліміндегі «Дін ісі мемлекет ісінен айырулы» деген талаппен үндеседі. Алаш көсемдерінің жасаған бағдарламасында қамтылған барлық құндылықтар тәуелсіз Қазақстан ұстанған бағыттың бастауындай болуы – кездейсоқ сәйкестік емес, тарихи сабақтастық, – деп ой тұжырды.

Біз де үңілдік. Иә, көлемі шағын болғанмен, мазмұны терең, маңызы зор «Алаш» партиясының бағдарламасы қабылданғанымен, мақсатына жете алмады. Тарихи бағдарламасының «Жергілікті бостандық» аталған ІІ бөлімінде «Қазақ жүрген облыстардың барлығы бір байланып, өз тізгіні өзінде болып, Россия Республикасының Федерациялық бір ағзасы болу» деп, отаршыл жүйеден бірден іргесін аулақ салмайды. Мұнда дала дипломатиясының дана үлгісі айқын көрініс тапқан.

Алаш идеясында қамтылған мемлекет басқару құрылымы, президенттік басқару жүйесі, азаматтардың еркіндігі, һақысы, білім мен ғылым игеру құқығы, жер мәселесі, ел қорғау міндеті секілді талап-тұжырымдардың барлығы бүгінгі Конституция жобасының стратегиялық өзегіне айналған.

Мұның барлығы – жай ғана қайталау емес, азаттыққа ұмтылған арманды аялаған сабақтастық. Яғни, біздің қоғам әлеуметтік желідегі «диван батырлар» байбалам салатындай құндылықтардан бас тартып отыр­ған жоқ. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өзі 2021 жылы жариялаған «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты тарихи мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса береді» деген болатын. Ел Президентінің аманатқа адалдық танытып, Алаш көсемдері бастаған асыл мұратқа ой жұмылдырып, Қазақстанды әділетке жақтас, қиянатқа жау ел ретінде ізгі жолға бастауы азаттықты баянды ету, Тәуелсіздікті сақтау мақсатындағы тарихи сабақтастықтың көшелі көрінісі екені даусыз. Анығын айтқанда, біз аңғарған, біз тілге тиек етіп отырған сабақтастық – тек мәтін сәйкестігі емес, рух үндестігі.

Адамзат баласының ғана емес, адам баласына игілік нәсіп еткен жұмыр жердің жүрегі «Бейбітшілік. Азаттық» деп бүлкілдеп тұрғандай көрінеді. Өйткені, өртке шарпылып, дертке шалдыққан елдер аз емес жер бетінде. Олардың арасында қырғи-қабақ соғыс­тың салдарынан тәуелсіздігінен айырылып қалып жатқандары бар. Алты құрлықты абдыратып тұрған геосаяси ахуал шиеленіскен бүгінгі дәуірдің сын-қатерге толы соқпағы соқтықпалы күй кешіп тұр. Соның барлығынан сабақ алған біздің мемлекеттің саяси жүйесі дағдарыстан айналып өтіп, өзгерістерге шапшаң бейімделуде. Бүгінгі конституциялық реформа да – осы мұраттан туындаған тарихи қажеттілік.

Азаттық рухы ортақ арнаға тоғыстырған мүдделер сабақтастығы мен идея үндестігіне терең үңіле берсеңіз, тарихтың тереңінен тамыр тартып, күні бүгінге дейін өміршеңдігі көмескіленбеген ұлттық бағдарламалар аз болмағанына көз жеткізе бересіз. Мәселен, біз сөз етіп отырған Алаш көсемдері әзірлеген бағдарлама ұлтымызды ұлы мұратқа ұмтылдырған алғашқы құжат емес. 1911 жылы тікелей Алаш көсемі Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасымен заңгер Барлыбек Сыртанов жазып шыққан «Қазақ елінің уставы» деген конституциялық құжат болған. Өкініштісі сол, бұл құжат қабылданып та үлгермеген. Тағдырлы құжат.

1911 жылы 13 маусымда жазылып біткен еңбекті патшалық империяның отарлау саясатына жән-тәнімен қарсы шыққан қазақ зиялылары енді жарияламақ тұста патша жандаралдары сезіктеніп, Барлыбек Сыртановтың соңына түседі. Оны Петербордан қуғынға ұшыратып, еліне қайтарады. Өзіне зор қауіптің төнгенін сезген кәсіби заңгер Әлихан Бөкейханмен кеңесе отырып, қазақтың тұңғыш Конституциясы саналған құнды құжатты жасырып тастайды. Бұл құжат туралы еш жерде айтылмайды, ешқандай баспада жарияланбайды. Тек еліміз тәуелсіздігін жариялаған жылдары ғана қайраткер Сыртанов мұрасын зерттеуші, профессор Сәкен Өзбекұлының ұсынуымен жарық көрген. Бағалы мұраны Барлыбек Сыртановтың үлкен қызы Қанипа басын қатерге тіге жүріп, жерге көміп сақтаған екен. Отызыншы жылдардың ойранында күрескерлік ұстанымы әшкере болған «Алаш» партиясы көсемдерінің ісін жүргізген жендеттер әуелі осы Барлыбек жазған Уставты іздейді. Устав авторы өмірден озып кетсе де, НКВД жендеттері үшін бұл құжаттан келер қауіп зор болғанға ұқсайды. Ал, шын мәнінде әлгінде ғана әңгімемізге өзек болған «Алаш» партиясы бағдарламасының негізгі идеясы мен тұғырнамасы осы Уставтан алынған болатын. Сол үшін де НКВД-ға қажет болды.

Устав – 4 бөлім, 28 баптан тұратын толыққанды бағдарламалық құжат. «Кіріспе сөз» деп аталған преамбуласы бар нағыз Конституция. Біздің бүгінгі Ата Заңның жаңа жобасы «…келешек ұрпақ алдындағы аса жоғары жауапкершілікті сезініп, Қазақстан Республикасының Ата Заңын – осы Конституцияны қабылдаймыз» деп басталса, Сыртановтың Уставы «Өз алдына ел болуды көздеумен дүниеде өзін-өзі билеген нәсілдер сияқты жеке ел болу мақсатында һәм елді бақытты, теңдік, бостандық өміріне жеткізу үшін осы Уставты енгізеді» деген айқын мақсат сипатында ой өрбітеді. Міне, мүдде сабақтастығының зоры – осы.

Тарқатып-талдай берсек, Сыртанов Уставы мен бүгінгі жоба төңірегінде сәйкестік өте көп. Тіпті, билік тармағына біз енгізгелі отырған «вице-президент» институты «Қазақ елі Уставының» 8-бабында «Қазақ елі Президентінің орынбасары – вице-президент. Ол Президент жоқ кезде орнын басады, ал, бар кезде оның айтқанын орындайды» деген заңды норма шеңберінде нақтыланған.

«Қазақ елі Уставының» ІІІ бөлімі «Қазақ жері турасында» деп аталады. Осы бөлімнің үш бабында келтірілген жерге қатысты құқықтық нормалар біз талқылап жатқан жаңа жобада айна-қатесіз көрініс тапқан. Сыртанов Уставының 18-бабында «Қазақ жері өзінің меншігінде болады» делінсе, 20-бабы «Жердің кені, орман, суы, көлі һәм таулары қазақ елінің иесінде. Мал жаю, егін өсіру, жерді өңдеу һәм жерді пайдалы іс мақсатында қазынаға қайтару хүкмет рұқсатымен болады» деген талап қояды.

Тарихшы пікіріне жүгінелік. Е.Бөкетов атындағы Қарағанды Ұлттық зерттеу университеті конституциялық және халықаралық құқық кафедрасының қауымдас­тырылған профессоры, PhD докторы Маржан Билялова:
– Ұлт көсемі Әлихан Бөкейхановтың тапсырмасымен Барлыбек Сыртанов әзірлеген «Қазақ елінің Уставы» еңбегін Қазақстанның тұңғыш Конституциясы деуге әбден болады. ХХ ғасырдың басында жазылған бұл құжат сол уақытта қабылданбағанымен, оның негізгі идеялары кейінгі Конституцияларда көрініс тапты. Алаш зия­лылары қазақ елінің азаттығын, тәуелсіз ел болуын және өзге елдермен терезесі тең болуын қалады, армандады. Сонымен қатар, адам мен азаматтардың құқықтары мен бостандығын қорғауды басты орынға қойып, осы мақсатты қамтамасыз ету үшін негізгі өзегі адами құндылықтарды қорғауға бағытталған басты құқықтық құжат Конституция қажет екенін айтты. Мұның барлығы – өзгермейтін идеялар мен көнермейтін құндылықтар еді. Алаш идеясы мен бүгінгі Ата Заң жобасы арасындағы үндестікке осы факторлар негіз болып отыр, – дейді. Санаға сіңімді, ақылға қонымды пікір.

Шындығында біз елес қуып жүрген жоқпыз. Біздің қоғам шынайы идеяға негізделген тарихи сабақтастық желісінде көнені жаңартып, жақсыны жаңғырту мақсатына ұмтылуда. Идея көнерсе де, Тәуелсіздікті баянды ету мақсаты көнермейді! Ол Ата Заңымыздың 2-бабында: «Қазақстан Республикасының Егемендігі, Тәуелсіздігі, унитарлығы, аумақтық тұтастығы мен басқару үлгісі өзгермейді» деген құқықтық иммунитет негізінде айқындалған.

Ескі Конституция есіркеп, жаңа Ата Заң жарылқасын!

Ерсін МҰСАБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button