Жаңалықтар

Ескі салтты сақтаған

Қарағанды облысы кәрістер этномәдени бірлестік өкілдері ұлттық тағам дайындау үшін 170 келі қырыққабат пайдаланған. Биыл кәрістердің ұлттық «Кимчи» жобасы жетінші рет өтті. Ол алғаш рет Қарағандыда 2017 жылы өткен еді.

Суреттер облыс әкімдігінің сайтынан

Түрлі этнос өкілдерінің өз салты мен дәстүрі бары мәлім. Әр ел сол салтымен ерекшеленеді. Кәрістердің де белгілі нанымы мен салты біршама тәрбиелік мәнге сай қалыптасқан.

– Бұл жобаның мақсаты – дәстүрді сақтау және оны аға буын өкілдерінен үйреніп, болашақ ұрпаққа жеткізу. «Кимчи» жобасы әрдайым жанұя болып, ойын-сауық форматта өтетін дәстүрлі дүние. Бұл ешқандай насихат немесе өзге ұлтқа баулу емес. Кимчи – бұл кәрістердің ұлттық асы. Бұл жобада отбасы кимчи дайындаумен бірлесе айналысады. Көксегені ортақ мүддеге жұмыс жасау. Ал, кимчи тағамы ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұра тізіміне енгізілген, – дейді корей этномәдени бірлестігінің төрағасы Лилия Ким.

Расында, кәріс халқы бұл үрдісті берік сақтанған. Олар бұл дәстүрді кейінгі ұрпақтары да сақтаса дейді. Биыл іс-шараны алғаш рет кәріс жастары ұйымдастырды. Дайын кимчи контейнерлерге салынып, олардың достары мен таныстарына таратылды. Контейнерлерге арналған жапсырмалардың дизайнын да этномәдени бірлестіктің жас мүшелері дәстүр бойынша жасаған.

– Ереже бойынша біз дайындалған тағамды дәм таттыруға жібереміз. Биыл біз Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелеріне тараттық. Олар біздің жоба туралы біледі және оны жыл сайын күтеді. Достарымыз, әріптестеріміз, іскер топ мүшелеріміз де ауыз тиді, – деді Лилия Ким.

Шараға келушілер кимчи тамағының ерекше екенін айтады.

– Маған корейлердің бұл тағамы қатты ұнады. Жоба аясында бірігіп дайындап көрдік. Ептеп үйрендім. Енді үйде дайындап, отбасыма ұсынбақшымын. Кимчидің дәмі бөлек болуымен қатар, адам организміне пайдасы да зор, – дейді қала тұрғыны Әділбек Қанатұлы.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button