Жаңалықтар

Ескертуді елемегендерге айыппұл салынады

Ауа райының қолайсыздығына байланысты соңғы бір аптаның ішінде 44 адамды үсік шалып, алты адамға ота жасалған. 22 адам ем алуда. Мұндай оқыс жағдайға тап болғандар қатарында тек үй-күйсіз жүрген жандар ғана емес, ішімдік ішіп, далада қалып қойғандар да бар. Бұл көрсеткіш былтырғы жылдың осы айымен салыстырғанда 42%-ға өскен.

Аймақта аяз салдарынан үсікке ұрынғандар саны артқан. Сәйкесінше жол-көлік оқиғалары да көптеп тіркелуде. Сарышұнақ аязда аяқ-қолынан айырылып, көкмұзда көлігіне ие бола алмай ажал құшқандар туралы ақпараттар өріп жүр. Абай облысында немересімен бірге далада үсіп, көз жұмған қарттар. «Қарағанды-Аягөз-Бұғаз» тас жолындағы жол-көлік апатынан сегіз адам зардап шегіп, бір адам қайтыс болған. Өткен жылдың осы уақытымен салыстырғанда жол көлік апаты да 20%-ға өскен.

Қара жолда апатқа түсіп, сары аяздан сал болып қалғандар қатары жыл санап артып келеді. Адами фактор. Көлік тізгіндеген адам жанындағы адамдардың өміріне жауапты екенін, жол сапасын ескерсе, күре жолда талай адамның тағдыры қиылмас еді. Елімізде жол апатынан қаза табатындардың саны 13 мыңнан асқан. Аймақта жол-көлік оқиғаларының салдарынан адам өлімі көрсеткіші жыл басынан 50%-ға артқан.

Тас жолда қарама-қарсы қозғалыс жолағына шығып кету жиі орын алса, жаяу жүргіншілер жолында да адамдарды жиі көлік қағатын болған. Себеп көп, салдары – не мүгедек болып қалу, не қаза болу. Жол бойында жылдамдықты арттыру апат салдарының басты себебі. Оған қыс мезгіліндегі жолдың тайғақтығы тағы бар. Кейінгі айда жол-көлік апатына 100 адам түсті, оның 30-ның жағдайы ауыр. Сақтық шараларын басты назарда ұстау керек. Жаяу жүргіншілер жолы да қауіпті. Құлаққап киіп, маңайын елемейтіндер көбейді, – дейді облыстық травматологиялық орталықтың бөлім жетекшісі Ерік Шонбаев.

Өңірде бір аптаға жуық сақталған түнгі аяз үсікке ұрынғандар санын арттырды. Олар үй-күйсіз жүрген жандар емес. Керісінше, көңілді отырыстардан шыққан адамдар.

– Үсікке шалдыққандардың басым бөлігі ішімдік ішкендер. Мәселен, табысты кәсіпкер көңілді отырыстан шығып, саябақтағы орындықта ұйықтап қалады. Салдарынан екі аяқ-қолынан айырылды. Тіпті қонаққа барған отбасы кішкентай баласына қолғап кигізуді ұмытып, қолын үсітіп алған. Дер уақытында медициналық көмекке жүгініп, баланың қолын сақтап қалдық. Осындай оқиғаларды жиі кездестіреміз. Бастысы – сақтық шараларына баса назар аудару керек. Аязды күндері алдын ала ескерту жарияланады. Соны ескеру қажет. Жылы киінумен қатар, үсік шалған жағдайда өз бетінше емдом жасамай бірден медициналық көмекке жүгіну керек, – дейді Ерік Шонбаев.

Ақпараттық технология дамыған уақытта ауа райының қолайсыздығын білмей қалдым деген қисынсыз. Сәт сайын ұялы телефонға келіп түсетін ескерту, теледидардан берілетін хабарламаны елемеу мүмкін емес. Егер төтенше жағдайлар қызметі ескерту жасаған уақытта жолға шығып кеткен жағдайда жүргізуші айыппұл арқалайды. Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 613-бабына сәйкес 30 АЕК мөлшерінде, яғни 91 890 теңге көлемінде айыппұл төлейді.

Жол жағдайы мен метеорологиялық ескертуді елемей, опық жегендерге айыппұл тосқауыл болса игі…

Сағыныш ӘБІЛ

Ortalyq.кz

Басқа материалдар

Back to top button