Жаңалықтар

Ескертпені неге елемейміз?

Қыстың соңғы айы мен көктемнің алғашқы күні «екі аяқты бір етікке тыққандай». Кеше Қарағандыда қардың айлық нормасы жауып, кептеліс орын алды. Синоптиктер «қар жауып, боран әлі басылмайды» деп дабыл қағуда. Қаланың коммуналдық қызметтері күшейтілген режимде жұмыс істеуде.

Қала әкімі Ермағанбет Бөлекпаев: «Қарды тазалау мен шығаруға 300-ден астам арнайы техника жұмылдырылған. Бірінші кезекте жолаушылар көлігіне арналған жолдарды, аялдама павильондарын, одан әрі аула кіреберістері мен тротуарларды тазалау жүргізіледі. Жағдайды тұрақтандыру үшін бар күшімізді саламыз», деп жазды өзінің Facebook парақшасында. Сонымен қатар, қалың қардың салдарынан Майқұдықта ұзындығы 1 шақырымнан асатын көлік кептелісі пайда болды.

Төтенше жағдайлар департаменті де алыс жолға шықпауды ескертіп-ақ жатыр. Дегенмен, олардың айтқанына құлақ аспау қайғылы жағдайға ду- шар етті. Оқиға 26-ақпанда болды. Төтенше жағдайлар департаментіне Шет ауданы Ақжал кентінің маңында ер адамның жоғалып кеткені туралы хабарлама келіп түсті. 1961 жылы туған ол 25-ақпанда күндіз қыстаудан шығып, оралмаған.

«Қарағанды облысы ТЖД бөлімшелерінің, полиция мен жергілікті атқарушы органдардың күштерінен тұратын іздестіру тобы іздестіру-құтқару жұмыстарына кірісті. 26-ақпанда сағат 17:15-те іздеу тобы қыстақтан 5 шақырым жерде жоғалып кеткен адамның денесін тапты», – деп хабарлады облыстық ТЖД баспасөз қызметі.

Облыстың құтқарушылары «ауа райы нашарлаған кезде елді мекендерден тыс жерлерге жаяу және көлікпен жол жүруден аулақ болып, ауа райының өзгеруіне сәйкес киініп жүріңіз» деп ескертеді. Ал, егер далада қалып қойсаңыз немесе төтенше жағдайға душар болсаңыз 112 немесе 8(7212)43-36-36, 43-37-37 телефондарына хабарласуға болады.

Сонымен қатар, облыс аумағында болған боранда автокөлігі жолда бұзылып қалып, соны жөндеймін деп жүріп құлағын үсітіп алған ер адамның хикаясы әлеуметтік желілерде кеңінен таралған болатын. Ол азамат профессор Х.Мақажанов атындағы облыстық клиникаға жатқызылды. Жол-көлік оқиғалары да артқан. Аталмыш клиникаға бес күн ішінде, яғни 23-27 ақпан аралығында 28 адам көмекке жүгінсе, ал, тек 28-ақпанда, яғни бір күнде 27 адам дәрігерге қаралған.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ

Басқа материалдар

Back to top button