Ескерткіш тақта орнатылды
Қарағанды қаласында айта қаларлықтай шара өтті. Абай даңғылының бойындағы 17-ші үйдің қабырғасына бұдан 32 жыл бұрын қайтыс болған ардақты азамат, ардагер журналист, облыстық «Орталық Қазақстан» газетінің бас редакторы қызметін абыроймен атқарған Тілеухан Әжбабаұлы Жүсіпов пен оның былтыр өмірден өткен аяулы жары, Қарағанды экономикалық университетінің ұлағатты ұстазы, Жоғары математика кафедрасының доценті Зекен Асамбекқызы Туғанбаеваға арналған ескерткіш тақта ашылды.
Тілекең қарымды қаламгер, үлкен ұйымдастырушы еді. Ол кісі облыстық газетке редакторлық етіп отырған жылдары Қарағанды облысының қалалары мен аудандарында «Орталық Қазақстан» газетінің күні аясында редакция ұжымының газет оқырмандарымен кездесулер өткізуі игі дәстүрге айналған болатын.
Жұртшылықтың газетке деген ықыласы жақсы болды. Бұл журналистердің де қиялына қанат бітіріп, шабытын одан әрі шарықтата түсетін.
Қарамағындағы қаламгерлермен қатар Тілекеңнің өзі де облыс өмірі мен экономикасының алуан түрлі тақырыптарына арналған проблемалық мақалалар жазып тұрды. Республикалық баспалардың бірінен ол кісінің «Арқадан – Атлантикаға дейін» деп аталатын тартымды кітабы жарық көрді.
Тілекеңнің ұсынысымен ашылған «Бейсенбі күнінің қонағы» деп аталатын жаңа айдармен облыстың танымал адамдары жайлы бүкпесіз ашық сұхбатқа құрылатын материалдар топтамасы газет бетінде тұрақты түрде беріліп тұрды. Бір сөзбен айтқанда, Тілеухан Әжбабаұлы басшылық қызмет пен шығармашылық жұмысты абыроймен қатар алып жүрді. Өзгелерге жеке басымен өнеге бола білді.
Ал, Зекен Асамбекқызы өте зиялы адам еді. Ұзақ жылдар бойы Қарағанды экономикалық университетінде сабақ берді. Көптеген шәкірт тәрбиелеп шығарды.
Өзі өмірден өткенше, аяулы жары Тілеухан Жүсіповтің есімін елдің есінде қалдыру үшін тынымсыз еңбек етті.
Ардақты аға мен аяулы ананың рухтары шат болсын!
Төлеубай ЕРМЕКБАЕВ,
ҚАРАҒАНДЫ
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі.