Жаңалықтар

Ескерілмей жүрген есіл ер

Бүгінгі ұрпақ Тәуелсіз Қазақстанда өмір сүріп жатыр. Алайда, сол Тәуелсіздік аспаннан түскен жоқ. Еліміздің егемендігі қантөгіссіз келгені рас. Бұл бізге Алланың берген сыйы, кешегі өткен бабалардың арманы, тілеген тілектерінің қабыл болуы еді. Шындығында, осы егемендік жолында қаншама Алаш азаматының қаны төгілді. Тәуелсіздік жолында олар аянбай тер төкті, талай қиын-қыстау күндерді бастан өткеріп, жандарын пида етті. Кешегі Алаш көсемдері Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Міржақып Дулатұлының соңынан еріп, ұлт мүддесі үшін күресте бірге болған Мұстақым Малдыбайдың есімін көп адам біле бермейді. Бүгінгі мақалада сол олқылықтың орнын толтырып көрмекпіз. Әлқисса, оқып көріңіз.

Сурет автордан

Мұстақым Малдыбай 1880 жылы бұрынғы Егіндібұлақ ауданына қарас­ты Айрық алқабында, дәлірек айтқанда, Үшқара тауының бауырындағы Сарықияқ қыстауында дүниеге келген. Баяғы сол Мәди әнге қосатын Үшқара тауы ғой. Мұстақымның ата-тегін таратсақ, арғы атасы Шаншар абыз, оның ұлы Келдібек биден туатын «ақсақтың алтауы» бар емес пе?! Қаздауысты Қазыбек би бастаған алты ұлдың бірі – Үсен еді. Жалпы Бошан ұрпақтарының ішінде үш Үсен руы бар. Солардың аражігін ажырату үшін Келдібекұлы Үсен руы оның баласы Құланшы есімімен аталған. Сол Құланшыдан Матықұл, одан Айнабай, Кешубай, Жекебай, Балтақай туған. Айнабайдан: Айтбақай, Байсақ, Матақ, Малдыбай тарайды. Малдыбайдан: Сәулей, Мұстақым. Одан Темірлан, Төлегетай, Әлихан есімді ұлдар және екі қыз бала туған. Өкінішке қарай, Мұстақымның ұрпақтарының қазір қайда екені бізге белгісіз…

Биыл туғанына 145 жыл толып отырған Мұстақым Малдыбайұлының балалық және жасөспірім шағы қиындықпен өтті. Өткен ғасырдың 70-жылдары Егіндібұлақ өңіріне танымал журналист Кәрім Сауғабайға жазған хатында Әлихан Малдыбаев өзінің әкесі мен анасы туралы деректер берген екен, оның айтуынша, әкесі Мұстақым мен ағасы Сәулей әкеден ерте жетім қалыпты. Анасының және басқадай туыстарының қамқорында болған екеуі ауылда ағайынның қойын бағып күн көріп, ерте есейеді. Ерекше сұңғыла, зерек болып туған Мұстақым ауыл молдасынан сауатын ашып, одан әрі оқуды мақсат тұтады. Троицк қаласына жылқы айдаған үлкендерге ілесіп барып, сол жақта қалып қояды. Онда ауқатты адамдардың жұмысын істей жүріп, орыс-қазақ мектебіне оқуға ілігіп, білім алады. Сол біліммен Уфа қаласындағы Ғалия медресесіне түседі. Жазғы демалыста ауылға келіп, ауыл балаларын оқытып, өзінің оқуына жететін табыс тауып қайтатын болған. Айталық, сол заманда Ресейде оқып жүрген шәкірттер жазғы каникулда ауыл-ауылға шығып, бала оқытып, тиын-тебен тауып, оқуының қаражатын жинайтын болған. Оған бір ғана мысал: 1914 жылғы «Қазақ» газетінің 4 сәуірдегі №57 санында сол кездегі Едірей болысының адамы Жайсақ қажының баласы Камалиддин (Камал) Жайсақовтың Уфадан жазған мынадай құлақтандыруы жарық көріпті. «Жаз елге шығып бала оқыту ниетіндемін, мұғалім керек кісілер «Қазақ» басқармасына білдірсе екен: қанша бала оқытады, қанша ақы береді». Міне, осындай жолмен Мұстақым да Ғалия медресесінде оқып, жобамен 1910 жылдары бітіреді. Сонда жүргенде осы оқу орнының қыз­дар бөлімінің шәкірті Ғазиза Ғайнулла деген татар қызымен көңіл қосып, үйленеді. Кейін оны ауылға алып келеді.

Жалпы өткен ғасырдың басында қазақ жерінде орыс-қазақ бастауыш мектептері көп ашылғаны белгілі. Себебі, 1824 жылдан бастап, жерімізді иеленген Ресей империясы өзінің жергілікті басқару орындарына орыс тілін білетін қазақтарды қойып, соның ішінде болыстарға осындай талап қойған соң ауқатты адамдар жаппай мектеп ашып, балаларын оқыта бастайды. 1908 жылы Омбы губернаторы осындай циркуляр шығарыпты. Жоғарыда айтқан «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 16 наурыз­дағы №6 санында Ержан Айманов деген адам «Қарқаралыда оқу жайынан» деген тақырыпта мақала жазыпты. «Қарқаралы шаһарында бұрыннан үш класты городской училище бар еді. Қазақ һәм орыс баласы аралас оқысын деп 1904 жылы және екі класты городской училище ашылды» деп, бастаған автор мектептердің ашылу себебіне тоқталады. Одан әрі Қарқаралы маңында 7 мектеп болғанын, енді тағы 5 мектеп ашылатынын айтады. Тіпті, қыз балалар да мектепке алына бастағанын баяндаған. Болыс Ыбырай Ақбаевтың қызы Зүфнүн Семей әйелдер гимназиясына түскенін хабарлайды. (Н.Нұрмақовтың болашақ жары осы Зүфнүн). Біздің бұл мақалаға қосарымыз, 1903 жылы Қу болысынан Қасен Ақаев Қызылшілік деген жерден бастауыш мектеп ашып, қазақ балаларын оқытқан. Соның бірі кейіннен мемлекет қайраткері болған Нығмет Нұрмақов еді.

Біз сәл шегініс жасап, сол замандағы қазақ даласында көп мектептің ашылғанын айтып отырмыз. Сондай қазақ балаларына арналған ордалы мектепті Жетісу өңіріндегі Қапал қаласында әкелі-балалы Сейітбаттал мен Есенқұл Мамановтар ашқаны белгілі. Бұл оқу орны халық арасында «Мамания» мектебі атанған. Міне, осы мектепте Мұстақым Малдыбай 1910-1911 жылдары ұстаздық етіп, мектепте басқарушы қызметін атқарған. Бұдан кейін Семей қаласына келіп, осындағы мұғалімдер семинариясында сабақ береді. Жұбайы Ғазиза Малдыбай келіні де осында қыздар мектебінде және семинарияның қыздар бөлімінде дәріс оқиды. Аталмыш Семей мұғалімдер семинариясы 1903 жылы ашылып, 7 жылдық мектеп ретінде жұмыс істей бастаған. Алғашқы дайындық класына 24 бала қабылданыпты. Негізінен Семей, Кереку, Өскемен, Қарқаралы, Ақмола уездерінен, кейін Тобыл, Баян­ауыл, Жетісу аймақтарынан оқушылар келіп қабылданған. Оның алғашқы директоры Петербург университетінің түлегі А.И.Белый болған. Бұл оқу орнының іргетасын қалауға ерлі-зайыпты Нұрғали мен Нәзипа Құлжановтар, Әбілқас Сәтбаев көп үлес қосқан. Солардың қатарында Мұстақым мен Ғазиза да болды.

Мұстақым болса қазақша оқулықтар жазумен шұғылданған. А.Байтұрсынұлының жаңа әліпбиі негізінде жазған оның «Қазақша оқу кітабы» 1912 жылы Семей қаласында «Жәрдем» баспасынан жарық көрген. Сол жылы Қазан қаласынан «Қазақша ең жаңа әліппе» деген кітабы шыққан. Оның бұл еңбектері сол заманға сай жазылған оқулықтар еді. Бұл кітаптар бүгінде Алматы қаласындағы Ғылым Академия­сының сирек кітаптар және қолжазбалар қорында сақтаулы. Осылайша 1912 жылдан бастап, Мұстақым өмірінің соңына дейін, яғни, 1927 жылға дейін осы гимназияда сабақ беріп, кейін қазақ еліне танымал болған талай ғалым, жазушыларға дәріс оқиды. Мысалы, олардың қатарында М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Ж.Аймауытұлы, Ә.Нұршайықов сынды ұлт зиялылары болды. Алғашқы «Абай» журналын осы семинария шәкірттері Мұхтар мен Жүсіпбектің шығарғанын бірі білсе, бірі білмес. Шәкірттердің жан-жақты да жарасымды дамуы үшін жастар кешін ұйымдастырып, ерлі-зайыпты Мұстақым мен Ғазиза және Нұрғали мен Нәзипа Құлжановалар және Семейдегі Алаш белсендісі Райымжан Мәрсековтің жұбайы Рахима көп үлес қосты. Олар Семей қаласындағы Луначарский атындағы жастар клубында осындай әдеби-танымдық, ойын-сауық кештерін ұйымдастырғаны жөніндегі хабарлар «Қазақ» газетінің беттерінде жиі жарияланғанын бүгінде газет тігіндісінен көріп отырмыз. Мысалы, «Қазақ» газетінің 1913 жылғы 23 майдағы №15 санында «Қазақ ішінде алғашқы мұғалім, оның алғашқы мектебі» деген хабарды Семейдің «Заречная Слободка» атты бөлігіндегі мұғалім Мұстақым мырзаның жары Ғазиза ханым қарамағындағы әйел балалар мектебінде болып, «қыз-қатындар көп жиналды» деп жазады. Одан әрі хабарда: «Әйел балалар шамаларына қарай оқығандарының үстіне қолөнерді де үйренген екен. 35 әйел балаға оқу-жазу білдіріп, қолөнер үйреткені үшін жиылған ханымдар, бәйбішелер мұғалима Ғазиза ханымға көп алғыс білдіріп, риза болып тарқас­ты», – деп жазады газет тілшісі. Міне, бұл ерлі-зайыпты Малдыбайлардың жас ұрпаққа білім беру, оқу-ағарту саласындағы еңбектері туралы кейбір деректер.

Мұстақым Малдыбай – мұғалім қыз­метімен қоса қоғамдағы саяси өмірге белсене қатысқан азамат. Ол Алаш қозғалысын қолдап, «Алаш» партиясына мүше болған. Себебі, ХХ ғасырдың басындағы әлемдегі өзгерістер мен Ресейде болған төңкеріс қазақ даласының қоғамдық өміріне де айтарлықтай ықпал етті. Осы аумалы-төкпелі кезеңде ұлт зиялылары алдында дербес ел болу, ұлт бірлігін нығайту міндеті тұрды. Айталық, 1913-1914 жылдары «Айқап» журналының төңірегіне топтасқан, бір топ ұлт зиялысы, атап айтқанда Жаһанша Сейдалин бірнеше рет мақала жазып, жалпыұлттық қазақ съезін өткізуге үндеген еді. Бірақ ұлт көсемі Әлихан Бөкейхан оны қолдамай, ондай бас қосуға саяси жағдай әлі қалыптаспағанын айтқан екен. Ал, төңкерістен кейін Әлекең сондай дәуір туғанын, империялық билік құлап, түрлі партиялар сан жаққа тартқан кезде Алаш елі де өз тәуелсіздігін алуға тиіс деп үндеу тастайды. Қазақ халқының ұлттық санасын оятып, сол замандағы ел мен жерге қатысты көкейтесті проб­лемаларды көтерген Алаш көсемдерінің қасынан Мұстақым Малдыбай да табылды. 1917 жылғы ақпан төңкерісінен кейін Семей облысында қазақ комитеті құрылғанда, Мұстақым да сол комитет құрамына енеді. Қазақ комитеттері ұлттық мәселелерді көтеріп, халыққа жөн көрсететін ұйымға айналды. Семейде облыстық қазақ съезі ұйымдастырылғанда бұл зиялы топтың бел ортасында жүрді.

Бүкілресейлік Құрылтай жиналысына депутаттыққа кандидат болып ұсынылған. Осы уақыттан бастап Мұстақымның ұлттық мәселедегі көзқарасы айқындалып, қазаққа еркіндік әперетін «Алаш» партиясы екенін түсініп, партияның Семейдегі комитетін құруға көп еңбек сіңірді. Елді аралап, халыққа партияның мақсатын түсіндірді. Соның ішінде, Қарқаралы уезінде болып, өзінің туған жері Едірей болысының жұртшылығымен жүздескен. Сонымен қатар, Алаштың атты әскерін құруға да елеулі үлес қосқан. Алаш милициясы деп аталатын 300 адамнан тұратын полктің құрамына қазақ жігіттерін ауыл-ауылдан жинап, оларды қару-жарақпен, азықтүлік, киіммен, мініс аттарымен қамтамасыз ету үшін Алаш басшыларымен бірге Мұстақым да аянбай еңбек сіңірді. Оған дәлел ретінде Семей қаласындағы «Қазіргі заман тарихының құжаттамасы» орталығында: «Список организаторов Алашского конного партизанского полка, участников организации против Советского власти в 1918 году Правительства Алаш-Орды» деген тізім сақталған. Міне, осы тізімде Әлихан бастаған қырыққа жуық Алаш көсемдерінің ішінде Мұстақым да бар. Айтпақшы, осы адамдарды 30-жылдары ГПУ тергеуге алып, көбісін әртүрлі мерзімге соттап, біразын ату жазасына кескені, әрине, ауыр. Ол туралы сәл кейінірек айта жатармыз…

1917 жылы 7 наурызда Семей қаласында Алаш белсенділері Райымжан Мәрсек, Халел Ғаббас, Әлімхан Ермек бастаған ұлт зиялылары қазақ комитетін құруға қатысты өткен алғашқы жиында қаланың «Заречная Слободка» деген бөлігін «Алаш қаласы» деп атауға шешім қабылдайды. Оны басқаруға Дума мүшелері тағайындалады. Оның төрағасы болып Биахмет Сәрсенов бекісе, орынбасары болып Мұстақым сайланды. Осылайша ол Алаш қозғалысының белді мүшесі болды. Оның «Алаш» партиясы атқарған барлық шараларды қолдап, соған қатысқанын бір ғана мысалдан аңғаруға болады. 1917 жылы 2 қазанда Әлихан Бөкейхан Семейге «Алаш» партиясын құруға келеді. Ол туралы «Қазақ» газетінің 1917 жылғы №18,20 сандарында Сұлтанмахмұт Торайғыров екі бірдей мақала жариялап, бұл оқиғаның қалай болғанын баяндайды. Мақаланың басында автор көп адам жиналып, оны күткенін жазған. «Вокзалға Әлекеңді қарсы алуға кеткен екі адамның біреуі Мұстақымның төбесі көрінгенде Алаш көсемінің келіп қалғанын білдік», – деп жазады. Міне, осы жолы Семейде «Алаш» партиясы құрылып, оның бағдарламасын «Қазақ» газеті 23 қазандағы нөмірінде жариялайды. Әлихан Бөкейхан осы бірінші қазақ съезінде сөз сөйлеп, өзінің «Кадет» партиясынан шығып, «Алаш» партиясына енгенін хабарлайды. Жалпы, 1917-1918 жылдары Алаш зиялылары Кеңес Үкіметін қолдамаған, Ресейде төңкеріс жасаған большевиктерді «бүлікшілер» деп атаған. Осы қазақ съезінде сөйлеген Әлекең сол кездегі қазақ даласында ақтар қашып, қызылдар қуған аласапыранда ауылдарды қорғайтын әскери адамдар керек. Бүлікшілерге қарсы шығу үшін Алаш атты әскерін, яғни, Алаш милициясын құру қажеттілігін түсіндіреді. Орынбордағы казак әскерінің атаманы Дутовпен және шығыс Сібір казак әскерінің атаманы Анненковпен қару-жарақ жөнінде өзінің келіскенін айтады. Қазақ жігіттерін әскери өнерге үйрету үшін офицерлер келді. Енді осы атты әскерге қаражат жинау міндетін алға қояды. Осыдан соң Алаш ардақтылары Әлекең берген тапсырманы орындау үшін жер-жерге шығады. Осы ауқымды жұмыстың ішінде де Мұстақым Малдыбай төбе көрсетеді.

Осылайша 1918 жылдың басында 300 адамнан тұратын Алаш милициясы құрылып, негізінен бүлікшілерге қарсы айқасты. Сібірдегі Уақытша Үкіметтің күшіне иек артты. Солардан қару-жарақ алды, тәжірибелі офицерлер мен поручиктерден соғыс өнерін меңгереді. Жалпы, Алаш көсемдерінің ойы бойынша Ресей федеративті республика болуға тиіс, қазақ елі өз алдына автономия алып, соның құрамына енуге тиіс болатын. Айталық, Самара қаласына 1910 жылы жер аударылған Әлихан Бөкейхан Ресейдің саяси өміріне араласып, «Кадет» партиясына еніп, Керенскиймен жиі кездесіп тұрған. Себебі, кадеттіктер Ресейдегі самодержавиені құлатып, федеративті мемлекет құруды мақсат тұтты. Міне, осы саяси ұстаным Әлекеңе ұнап, «Кадет» партиясына сол себептен кірген екен. Оның ойы – патша құлаған жағдайда қазақ еліне тәуелсіздік әперу. Жоғарыда біз бірінші қазақ съезінде оның кадеттен шығып, «Алаш» партиясына кіргенін айтқан едік. Себебі, кадеттіктер қазақ елінің автономия болуына сол кезде қарсы шыққан екен. Сонымен, 1917-1918 жылдары қазақ зиялылары, яғни, «Алаш» партиясы Кеңес Үкіметіне қарсы айқасқан. Кейін, Кеңес империясы оларды «халық жауы» деп жазықсыз қудалап, халыққа құбыжық етіп көрсетуінің осындай себебі бар.

Мұстақым Малдыбай көптеген қазақ зиялыларымен пікірлес, дос болғаны белгілі. «Қазақстан» ұлттық энциклопедиясының 3-томы, 296 бетінде: «Міржақып Дулатұлы 1911 жылы 7 маусымда Семей қаласына келгенде ол түскен Мұстақым Малдыбайұлының үйіне тінту жүргізіліп, «Оян, қазақ» кітабы үшін қамалып, Міржақып қамауға алынады», – деп жазылған. Ал, «Айқап» журналының 1911 жылғы №6 санында «Уақиғалар» айдарымен берген мақаласында Мұстақым досы Міржақыптың «Оян, қазақ» кітабы үшін қамалғанын жазады. Қамау кезінде М.Дулатұлының қолында болған татар, қазақ тіліндегі газет-журналдарды және Абай Құнанбайұлы, Ахмет Байтұрсынұлы, Ғұмар Қараштың кітаптарын жандармдар алып кеткенін хабарлайды. Одан әрі мақалада: «Сағат 12-де Міржақып әпендіні түрмеге жөнелтті. Міне, содан бері Дулатов 9 ай бойы еш себепсіз, тергеусіз сарғайып отыр. Оның халы нешік болар?!», – деп досының тағдырына алаңдаушылығын білдіреді.

Мұстақым семинарияда ұстаздық ете жүріп, Алаш қозғалысына белсене араласып, газет-журналға мақала жазып, өзін журналист, публицист ретінде таныта білген азамат. Ол, әсіресе, Троицк қаласында 1911-1915 жылдары шыққан «Айқап» журналының белсенді авторы болған. Оның мақалалары негізінен оқу-ағарту, ұрпақ тәрбиесіне арналған. Мысалы, 1912 жылы журналдың №1 нөміріндегі «Қайырлы ниет, жақсы ырым» мақаласында Семейде ашылған жаңа мектеп туралы баяндап, оны ашуға демеу болған азаматтарға ризашылық білдіреді. Ал, 1915 жылы осы журналға басылған «Қазақша бастап­қы ойын» атты жазбасында Семейдегі ойын-сауық кешінде Біржан-Сара айтысынан көріністерді студенттердің орындағанын жазады. Ал, осы ойынға қатысушы, сол кездегі қалалық үш жылдық орыс-қазақ мектебінің оқушысы Сапарғали Бегалин өзінің «Замана белестері» мемуарында былай деп жазады: «Мен сол ойында суфлёр болдым. Қаныш Сәтбаев айтыскер Біржанның досы Серіктің рөлін ойнады. Мұғалім Мұстақым Малдыбайұлы да сахнадағы көріністерге қатысты». Жазушы Сапкең осы кітабында: «1914 жылы Қоянды жәрмеңкесінде әкем Ысқақ екеуміз мал саттық. Содан әкем маған «киім алып берейін» деді. Бірақ мен «одан да «Айқап» журналының бір жылдығына жаздырыңыз» дедім. Жылдық бағасы 3 сом екен. Журналдың дүңгіршегіне барсам, өзімнің ұстазым Құлжановтар үйінен жиі көретін Мұстақым Малдыбай отыр екен», деп жазады. Осы мысал Мұстақым тек қана «Айқапқа» мақала жазып қана қоймай, оны таратушы да болғанын көрсетеді.

Кезінде «Алаш» партиясының белсендісі болып, ағартушылық, журналистік міндеттерді қоса атқарған Мұстақым Малдыбайұлы Үшқараның бауырында бірге өскен досы әрі құрдасы Мәди Бәпиұлымен қандыкөйлек, адал жолдас болған. 1920 жылы 1 ақпанда ол Қарқаралы қаласында оққа ұшқанда, жазықсыз түрмеге қамалған осы Мұстақымды құтқарамын деп барған еді. Биыл Мәдидің де 145 жылдығы. Соған орай алдағы жазылатын мақалада аталған оқиға жайлы кеңірек жазатын боламыз.

Осы мақалада Мұстақым белсене қатысқан Алаш қозғалысының кейбір деректерін үзіп-жұлып айтуға тырыстық. Толық жазуға бір мақаланың көлемі көтермейді. Алайда, сол ұлт зия­лылары басын қатерге тіккен адамдар еді. Аласапыран заманда олар қазақ елін қалай да егемен етуге тырысып бақты. Сол замандағы саяси жағдай оларға мүмкіндік бермегенін ілгеріде атап өттік. 1919 жылы А.Байтұрсынұлы Ленинмен кездескен соң, Алаш азаматтарына Кеңес Үкіметі кешірім жасады. 1920 жылы Қазақстан автономия алды. Бірақ 1930 жылдардың қанды шеңгелі алаштықтарды бәрібір өзіне орап алды. Олардың ішінде Мұстақым да бар еді. Алайда, ол 1927 жылы желтоқсан айында кенеттен ауырып, 47 жасында бақиға аттанды. Білетіндердің айтуынша, оған у беріп, қастандық жасалған…

Содан қыстың аязына қарамай жұбайы Ғазиза сонау Семейден марқұмның аталары жатқан Сарықияққа жеткізеді. Осы сапарда қатты суық тиген Ғазиза шешеміз ерінің қырқына жетпей қайтыс болады.
Сол Мұстақым қаза болғанда елі қатты қайғырып, Қазымбет руының Қамзе Сүлейменұлы деген ақсақалы оған арнап, 18 шумақ өлең жазған екен. Соны барынша ықшамдап ұсынғанды жөн көрдім.

Шаншар болып бетке ұстар
тұлпарым-ай,
Тобынан артық туған сұңқарым-ай.
Құдірет өміріңді қысқа қылды,
Бетіңнен жарылқасын патша Құдай!

Жалғанның барлығына жетіп едің,
Бошаннан жалғыз озып кетіп едің.
Алдыңнан талай дұшпан ор қазғанда,
Бәрінен қарғып өтіп кетіп едің.

Өнерлі Мұстақымдай тумас бала,
Малға құт Абықай да өлді және.
Ер өлгенде елдің сәні кетті деген,
Осы екі өлім халыққа болды жара.

Кетті ғой өңшең құтым, ағалар-ай!
Тірлікте білінбеді бағалары-ай.
Надандар бас аман деп үйде отыр,
Жыртылды Айбикенің жағалары-ай.

Ес білген соң талпынған талапты
ерім,
Жұмақтан орын болсын барар жерің.
Гүбірнада он бес күн сотты болып,
Заңмен өткел бермеген қайран ерім!

Құдірет өзі берсін иман нұрын,
Бірді кедей, бірді бай қылған Тәңірім.
Мұстақымдай ұл тумас Құланшыдан,
Таң қалғандай іс қылған өз өмірін.

Нәсібің артық еді Құдай берген,
Қайғырды халқың болып көзі көрген.
Ризамыз, жеңгемізге рақмет,
Халқына сүйегіңді әкеп берген.
Қорыта айтқанда, биыл туғанына 145 жыл болып отырған Алаш қозғалысының қайраткері, жастарға білім берген ұстаз, ағартушы, журналист Мұстақым Малдыбайұлының өмір жолы жайлы қысқаша әңгіме осындай. Ол жайлы кітап жазу – уақыт еншісіндегі шаруа, келер ұрпақтың міндеті.

Серік СЕКСЕНҰЛЫ,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
«Құрмет» орденінің иегері

Басқа материалдар

Back to top button