Ескек есуден екі медаль еншіледі
Байдарка мен каноэде есуден Қытайдың Наньчан қаласында өткен Азия чемпионатында қазақстандық спортшылар 4 алтын, 4 күміс және 4 қола медальмен жалпыкомандалық есепте екінші орыннан көрінді. Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы баспасөз қызметінің мәліметінше құрлықтық додада қазақстандықтардың екінші орыннан көрінуіне қарағандылық қос спортшының да үлесі бар. Атап айтар болсақ, байрақты бәсекеде Қарағанды облысының жоғары спорт шеберлігі мектебінің өкілдері Виктор Степанов күміс медаль иеленсе, (каноэ, 200 м), Кирилл Тубаев қолаға қол жеткізген. (байдарка, mix 4 × 500 м)

– Биыл жарысқа 20 елден 340 ескекші қатысты. Біз үшін 12 медаль деген жақсы нәтиже. Негізгі қарсыластар, күтілгендей, қытайлықтар болды. Төрт алтын медальдің екеуін олимпиадалық қашықтықта жеңіп алдық,- деді ұлттық құраманың бас бапкері Қайсар Нұрмағамбетов.
Айта кетейік, көш басында Қытай құрамасы тұрса, үшінші сатыға ирандық ескек есу шеберлері тұрақтаған.
Ілияс ДҮНГЕНБАЙҰЛЫ.