Жаңалықтар

Есірткімен күрес толастамайды

2023-2025 жылдарға арналған нашақорлық пен есірткі қылмысына қарсы күрес жөніндегі кешенді жоспарды іске асыру аясында Қарағанды қаласы полиция басқармасы есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Жалпы есептік кезеңде заңсыз айналымнан 700 килограмнан астам есірткі, есірткі айналымына қатысты құқық бұзған 70 адам ұсталды. Одан бөлек, синтетикалық есірткі сақтау және өткізу фактілері бойынша 13 «закладчик» анықталған. Бұл туралы басқарма бастығының бірінші орынбасары, полиция подполковнигі Дүйсен Асқаров пен басқарманың есірткі қылмыстарына қарсы іс-қимыл бөлімінің бастығының орынбасары, полиция майоры Нұржан Қожанов айтып берді.

Сурет freepik.com

Брифингте мамандар өңірде жергі­лікті атқарушы органдармен, мемлекеттік мекемелермен және үкіметтік емес ұйымдармен бірлескен жұмыстар атқарылып жатқандығын баса айтты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қарағанды қаласында есірткіге байланысты 100-ден астам құқық бұзушылық анықталып, жолы кесілді. Сонымен қатар, облыс аумағында синтетикалық есірткі өндіретін бес жасырын зертхана, төрт зертхана жойылды.

Полиция подполковнигі Дүйсен Асқаров есірткі қылмысына қарсы күресте алдын алу аса маңызды екендігін баса айтты.

– Жедел-іздестіру барысында тағы бір мефедрон өндіруге маманданған жасырын есірткі зертханасы анықталып, жойылды. Тініту кезінде шамамен бір тонна химиялық прекурсор, 500 грамнан астам дайын синтетикалық есірткі тәркіленді. Ал, «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында тағы бір зертхана әшкереленген. Есірткі өндіру үшін жеке тұрғын үйді пайдаланған екі тұрғын ұсталды. Сонымен қатар, құқық қорғау органдары жастарды зиянды әдеттерден қорғау бағытында түсіндіру жұмыстарын күшейттік, – деді Дүйсен Қайратұлы.

Былтыр есірткі қылмысының алдын алу мақсатында 500-ден астам профилактикалық іс-шара өткізілген. Сонымен қатар, бүгінде қала әкімдігі мен мәслихат қолдауымен мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында нашақорлықтың алдын алуға бағытталған жобасы іске асырылуда. Ал, жастар ресурстық орталығы «Саламатты өмір салтын таңда» жобасы шеңберінде полициямен бірлесіп, ауқымды профилактикалық акция өткізіп келеді.

– Интернет кеңістігіндегі заңсыз есірткі жарнамасына қарсы күреске ерекше назар аударылуда. «Киберқадағалау» жүйесі арқылы есірткі туралы ақпарат таратқан 250 интернет-ресурс бұғатталды. Бұл жұмыс тұрақты бақылауға алынған. Әрі алдағы уақытта жалғаса да бермек, – деді полиция майоры Нұржан Қожанов.

Нашақорлықпен күрес тек құқық қорғау органдарының міндеті емес. Бұл – мемлекет, қоғам, отбасы, тіпті, әр азаматтың жауапкершілігі. Осы мақсатта басқарма мамандары азаматтардың өмірін, денсаулығын сақтау мақсатында тиісті жұмыстарды жалғастыра бермек.

Гүлім ҚҰДАЙБЕРГЕН,
Е.Бөкетов атындағы ҚарҰЗУ IV курс студенті

Басқа материалдар

Back to top button