Бас тақырып

Есірткіге есе кетпесін десек…

Қарағанды облысында 2025 жылдың алғашқы бес айының өзінде аймақта синтетикалық есірткі өндірісінің 4 зертханасы жойылып, жүздеген келі улы зат тәркіленген. Жастардың болашағын улаған бұл «жасырын бизнеске» қарсы күрес толассыз.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Синтетикаға тікелей соққы

Нақтырақ айтсақ, 2025 жылдың алғашқы бес айы мен он күні ішінде Қарағанды облысында есірткі қылмысына қарсы ауқымды және нәтижелі жұмыс атқарылды. Құқық қорғау органдарының үйлесімді іс-қимылы мен мемлекеттік қолдау нәтижесінде өңірде есірткі құралдары мен психотроптық заттардың заңсыз айналымына тікелей соққы жасалды.

Облыстың полиция департамен­тінің баспасөз қызметі ұсынған мәлі­метке сүйенсек, жыл басынан бері тір­келген 120 есірткіге қатысты құқық бұ­зушылықтың 81-і қылмыстық сипатта. Олардың ішінде, есірткіні 47 сату фактісі, 8 заңсыз сақтау және 12 жарнама мен насихат түріндегі қылмыс тіркелген.

2025 жылдың өзінде облыс бойынша 93,5 килограмм синтетикалық есірткі тәркіленді. Бұл – өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 887 пайызға артық. Оның ішінде, «жылдамдық» және «мефедрон» сияқты аса қауіпті заттар басым.

Дерекке сүйенсек, есірткі тарату­мен айналысқан 25 адам ұсталған. Оның тоғызы – ұйымдастырушылар мен операторлар, алтауы – «жасырын та­ра­тушылар».

Тіпті, кәмелетке толмаған 4 жас­өспірім де бұл қылмысқа тартылғаны анықталған. Колледж студенті есірткіні сатса, ал, мектептің екі оқушысы жарнама парақшаларын таратқан.

Суреттер облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен

Зертханалар мен фитозертханалар жойылды

Синтетикалық есірткі өндірісінің ошақтарын жою жұмысы да назардан тыс қалған жоқ. Ресми дерекке көз жүгіртсек, жыл басынан бері 4 жасырын зертхана анықталды. Олардың Бұқар жырау, Осакаров аудандары және Шахтинск қаласында орналасқаны нақтыланып отыр.

Сонымен қатар, Абай, Саран және Теміртау қалаларында 3 фитозертхана жабылып, 54 түп қарасора өсімдігі тәркіленді.

Бұдан бөлек, Алматыда 2023-2025 жылдар аралығында 5 зертхана құрған Теміртау қаласының тумасы ұсталды. Ұйымдасқан қылмыстық топ құру фактісі бойынша 2 іс тіркелген.

Атап айтсақ, облыста мефедрон өндіретін жасырын есірткі зертханасы әшкереленді. «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру аясында Қарағанды облысының полиция қызметкерлері облыстық прокуратураның үйлестіруімен есірткі қылмыстарына қарсы күресті күшейту бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіп келеді. Мәселен, Бұқар жырау ауданының Жаңақала ауылында анықталған жасырын есірткі зертханасының жұмысы тоқтатылды.

Онда жедел-іздестіру шаралары барысында синтетикалық есірткі мефедрон өндірісімен айналысқаны белгілі болды.

Сала мамандарының мәлімдеуінше, арнайы тінту кезінде тәртіп сақшылары бір тоннаға жуық химиялық прекурсор мен 500 грамнан астам дайын есірткі затын тәркіленген. Күдікті ретінде Алматы облысының 38 жастағы тұрғыны ұсталып, қамауға алынған. Аталған дерек бойынша Қылмыстық кодекстің тиісті бабы бойынша іс қозғалды.

Бұл жедел шаралардың арқасында анықталған алғашқы ірі есірткі зертханасы емес. Бұған дейін де Асыл ауылында жүргізілген арнайы операция барысында тәртіп сақшылары 200 килограмға жуық есірткі және оны өндіруге арналған кәсіби жабдықты тәркілеген болатын. Осы іске қатысы бар деген күдікпен Алматы қаласының 25 жастағы ер азаматы мен 29 жастағы әйел ұсталды.

Облыстық полиция департаменті есірткі қылмыстарына қарсы күрес – құқық қорғау органдарының басты басымдығы болып қала беретінін айтады. Заңсыз есірткі айналымына қарсы іс-қимыл бағытындағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі әрі үздіксіз жалғасады.

Алдын алу – басты назарда

2025 жыл – елімізде «Есірткі қылмысына қарсы профилактика жылы» деп жариялады. Қарағанды облысында бұл бағытта жүйелі жұмыс жүргізілуде.

Мәселен, жуырда ғана Қарағанды облысында бір миллионнан астам «синтетика» дозасы және 6 тоннаға жуық прекурсор сақталған ірі есірткі зертханасы жойылды.

Дерекке сүйенсек, қазір «Қарасора-2025» жедел-профилактикалық шаралары жүргізілуде. Бұл қарашаға дейін жалғасатынын атап өткен жөн.

«Қарасора-2025» жедел-алдын алу шарасының аясында есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері «Арлан» арнайы мақсаттағы жасағымен бірлесіп, облыстық прокуратураның қолдауымен көлеңкелі есірткі бизнесіне соққы берілді. Шахтинск қаласына қарасты Солтүстік-Батыстың кентінің аумағында орналасқан жасырын зертхананың қызметі тоқтатылды. Онда синтетикалық есірткі өндіріліп келген. Заңсыз айналымнан 6 тоннаға жуық прекурсор мен 35 килограмм дайын психотроптық зат тәркіленді. Бұл – 1 миллионнан астам дозаға тең. Яғни, алдын алынбағанда осы мөлшерде улы зат қара нарыққа шығарылуы мүмкін еді.

Операция барысында Шахтинск қаласының 27 және 29 жастағы екі тұрғыны ұсталды. Тінту кезінде олардың тұрғылықты жерінен 355 канистр химиялық заттар, ондаған зертханалық құрылғылар (сорғыш жүйелер, индукциялық плиталар, респираторлар және арнайы техникалар), сондай-ақ қылмыстық мақсатта пайдаланылған деп болжанатын үш автокөлік тәркіленді.

– Бұл – өңірімізде анықталған ең ірі есірткі зертханаларының бірі. Мыңдаған адамның өмірі мен денсаулығына төнген қауіптің жолы кесілді. Сонымен қатар, қылмыстық схемаға жаңа қатысушылардың, соның ішінде бейбіт тұрғындар арасынан есірткі таратушылардың тартылуына жол берілмеді. Қазіргі таңда күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізілуде. Есірткіге қарсы күрес басты басымдыққа ие. Бұл бағытта полиция қатаң, ымырасыз әрі жүйелі түрде әрекет етуді жалғастырады, – деп мәлімдеді Қарағанды облыстық Полиция департаментінің бастығы Негмет Исмагулов.

Түйін

Облыс әкімдігі тарапынан 2025 жылы есірткі қылмысына қарсы күреске 107,8 млн теңге бөлініп, оның ішінде, 43,3 млн теңге – профилактикалық шараларға, 65,5 млн теңге – арнайы техникаға жұмсалған.
Қарағанды облысы еліміздегі есірткіге қарсы күрестің алдыңғы қатарында келеді. Қолдағы бар статистика – бұл саладағы жүйелі жұмыстың жарқын дәлелі. Алайда, бұл күресте тоқмейілсуге жол жоқ. Есірткімен күрес – тек құқық қорғау органдарының емес, бүкіл қоғамның ортақ ісі. Кез келген азамат осы бағытта күмәнді бірдеңе байқап қалса, құқық қорғау органдарына хабар беруі тиіс. Осылай біреудің өмірін құтқарып, түзу жолға түсуіне себепші болуыңыз әбден мүмкін. Сондықтан, немқұрайдылықтан арылып, есірткі қылмысына қарсы күресте жұмылу – міндет. Жастарымыздың болашағы біздің бүгінгі әрекетімізге тікелей байланысты екенін ұмытпаған жөн.

Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button