Жаңалықтар

Есірткі жарнамасы жойылды

Облыс аумағында есірткі заттарын заңсыз жарнамалауға қарсы бағытталған іс-қимылдар жүйелі түрде күшейтіліп, тұрақты негізде кең ауқымды әрі пәрменді науқан жүргізілуде. Атаулы бағыттағы жұмыстар легі құқық қорғау органдарының, жергілікті атқарушы билік пен қоғамдық ұйымдардың тығыз өзара іс-қимылы негізінде жүзеге асып, жастар мен тұрғындар арасында есірткіге қарсы саналы көзқарас қалыптастыруға, сондай-ақ, қоғамда есірткі қылмысына мүлдем төзбеушілік ахуалын орнықтыруға бағытталған.

Сурет polisia.kz сайтынан

Жыл басынан бері полиция қыз­меткерлері еріктілер ұйымдары мен өзін-өзі басқару органдарының қолдауымен есірткі заттарын насихаттайтын графикалық бейнелерді анықтау әрі жою мақсатында 268 мақсатты рейдтік іс-шара ұйымдастырып, жүзеге асырды. Жетелі жұмыстар қоғамды уландыратын заңсыз жарнамаға қарсы нақты іс-қимылдың пәрменді үлгісіне айналып, қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге айтарлықтай үлес қосып отыр.

Өткізілген рейдтік іс-шаралар нәтижесінде құқық бұзушылықтың айқын белгілері бар 5 098 есірткі жарнамасы бейнеленген граффити-сурет анықталып, толығымен жойылды. Сонымен қатар, осы сипаттағы үгіт-насихат парақшаларын тарату дерегі бойынша төрт азамат ұсталды. Анықталған тұлғалардың екеуі кәмелетке толмағандар екені белгілі болды. Олардың заңды өкілдеріне қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, тиісті шаралар қабылданды.

Тәртіп сақшылары есірткі құралдарын заңсыз жарнамалау мен насихаттаудың кез келген түрі, оның ішінде, жазбалар, суреттер, QR-кодтар және өзге де визуалды немесе цифрлық тәсілдер арқылы жүзеге асырылған әрекеттер қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын қатаң ескертеді. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексіне сәйкес, мұндай құқық бұзушылық үшін үш жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылған.

Полиция тарабы есірткі қылмысына қарсы күрес бүкіл қоғамның ортақ міндеті екенін ескере отырып, барлық азаматтарды қырағылық танытуға, сондай-ақ, есірткі заттарын жарнамалау немесе насихаттау фактілерін анықтаған жағдайда дереу құқық қорғау органдарына хабарлауға шақырады. Уақытылы берілген әрбір ақпарат қоғам қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және жастарды зиянды ықпалдан қорғауға септігін тигізбек.

Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button