Бас тақырып

Есірткі саудасы екпіндеп тұр

Шілде айының басында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев есірткі тарату, әсіресе интернетте тарату үшін жазаны қатайту қажеттігін айтқан болатын. Бұл Мемлекет Басшысының сайлауалды платформасындағы халықты әлеуметтік қолдау мәселелерімен ұштасып жатқандығын тілге тиек етті. Бір ай өтер-өтпестен ІІМ интернетте есірткі заттарын сатқандарды өмір бойына бас бостандығынан айыру туралы ұсыныс жасады. Бұл ретте желіде есірткі сату ғана емес, сайттардың атауын көшеде граффитимен жазу үшін де қылмыстық жаза қолдану қажеттілігі айтылды. Қатаң жаза мәселені шеше ме?

Қатаң жаза мәселені шеше ме?

Парламент Мәжілісінің қарауына ұсынылатын Қылмыстық кодекстегі өзгерістер интернетте есірткі сатқандарды 15 жылдан бастап өмір бойына түрмеге тоғытуды көздейді. Мұнда басымдық электрондық ақпараттық ресурстарға берілген. Себебі, интернет синтетикалық есірткіні сату көзіне айналды. Жыл сайын елімізде 4,5 мыңнан астам сайт бұғатталады екен. Алайда, жаңбырдан кейін пайда болған саңырауқұлақ секілді, біреуі жабылса, екіншісі ашылатын көрінеді.

Есірткі мен психотропты заттардың жарнамасы белең алғаны сондай, қазір қала үйлерінің әр бұрышынан көруге болады. «Дизайнерлік есірткілер» немесе синтетикалық есірткілер туралы осыдан 5-6 жыл бұрын айтыла басталған болатын. Кейінгі бір-екі жыл көлемінде ауқымы зор мәселеге айналып шыға келді. Басты себеп – қолжетімді.

Интернет – «өлім құралына» айналды

Есірткі саудасы интернетте жүріп-ақ тұр. Жарнамалаушы сайт көп. Қалаңды, ыңғайыңа тауарды алып кететін орныңды таңдап аласың. Тіпті, иісі, түсі дейсіз бе, барлығы ап-анық жазылған. Алып-сату процесінде ұсынушы да, сатып алушы да бір-бірін көрмейді. Тапсырыс жасалған соң тауар айтылған жерге жасырылады. Ол үйдің айналасы, ағаш діңі, подъезд маңы болуы мүмкін. Жасалған төлемді де тексеру мүмкін емес. Мұны тасымалдайтын кім десеңіз? Жастар. Әлеуметтік желі арқылы жастарды ақша табудың оңай жолына тарту да – оңай. Өткен жылы жергілікті ақпарат құралдарында 17 жастағы сондай «курьер» қыздың ұсталғаны туралы хабар әжептеуір шу туғызған еді. Ол бір күннің ішінде қаладағы 17 орынға тауар жасырған. Ұстаған кезде құқық қорғау қызметкерлері одан тағы 15 қорап тәркіленген. Бір адам осынша адамның өмірін қиса, дәл осындай он адамды ойлай беріңіз…

Есірткіні насихаттайтын сайттарды анықтау үшін әлеуметтік желілер құқық қорғау органдарының тұрақты бақылауында. Мониторинг арқылы жыл басынан бері 119 сайт анықталған. Олардың барлығы бұғатталу үшін министрлікке жіберіледі. Оны айтасыздар, мұндай жарнама қалалық әкімдіктің телеграмм каналында да жүр. Ресми парақшаға кімнің қалай салғаны беймәлім. Тұрғындар наразылығынан кейін әкімдіктің каналды жабудан басқа амалы қалмады. Граффити жазулар да осындай. Бүгін өшірілген жазудың орнына тағы басқалары тұрады. Өшіру емес, оларды жазатындарды ұстау қиынға соғып тұр. Полиция қызметкерлері мен қоғамдық бірлестік өкілдері жазуларды өшіру үшін тұрақты түрде рейдтер ұйымдастырып келеді.

Құқық қорғаушылардың қолы ұзарады

Облыстық полиция департаментінің есірткіге қарсы күрес басқармасы жыл басынан бері 452 осындай жарнама өшіріпті. Оған жастар мен қоғамдық бірлестік, ПИК өкілдері де белсенді қатысады. Мәселен, көктемде тұрғын үйлерге трафаретпен жазу жазып жүрен 1984 жылы туған қала тұрғыны ұсталыпты. Ол ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 434 бабы бойынша әкімшілік жауапкершілікпен шектелді. Енді қылмыстық заңнамаға сәйкес өзгерістер енгізілсе, құқық қорғау қызметкерлерінің де мүмкіндігі артпақ. Ұстап қана қоймай, қамауға алу шаралары іс жүзінде қолданылатын болса, қылмыскер де тартынар еді.

  • Мәселе – мынада. Бұған дейін осы синтетикалық заттардың көпшілігі есірткі ретінде танылмай келді. Сондықтан, олар есірткі, психотропты заттардың тізіміне енбеген. Яғни, заңды саналып келген. Енді, 5 шілдеден бастап, Үкіметтің қаулысымен есірткі заттарының, олардың баламалары мен прекурсорларының жаңа тізімі бектілді. Оған синтети калық есірткілердің 80 формуласы енгізілді, – деді есірткіге қарсы күрес басқармасының бөлім басшысы Александр Бузук.

Оның айтуынша, биылғы жылы 735 келі есірткі заттарын тәркілеген, 206 қылмыстық іс қозғалыпты. Оның 38-і интернетті қолдану арқылы есірткі заттарын таратуға байланысты. Синтетикалық есірткінің әсерінен өз-өзіне қол жұмсау жағдайлары көп тіркеледі екен. Себебі, есірткі қолданғандар ұшып жүргендей сезініп, төбеден секіріп кететіндер көбейген. Осындай күйде небір қылмысқа бару ықтималдығы да жоғары. Маманның айтуынша, «Скорость», «Кристалы», «Соль» деп танылған синтетикалық есірткілер бұрыннан бар кокаин, марихуана, көкнардан анағұрлым қауіпті көрінеді. Мұндай тұжырыммен дәрігерлер де келіседі.

Синтетикалық есірткіден қауіп жоға

Әсері 20 минуттан бірнеше сағатқа созылатын синтетикалық есірткілер тез тәуелділік тудыратын қасиетке ие көрінеді.

  • Көздің бұлдырап, қызаруы, тілдің күрмелуі, мазасыздық, алаңдау, галлюцинация, паранойя, ұйқының жоқтығы, тәбеттің төмендеу, ашушаңдық сияқты белгілерінен білуге болады. Сондай-ақ, жүрек қызметінің бұзылуы, тыныс алу жолдарының жеткіліксіздігі, бүйрек немесе бауыр-бүйрек жеткіліксіздігі пайда болады. Негізінен психикаға қатты салмақ салады. Салдары шизофрения белгілеріне қатты ұқсас, – дейді облыстық наркологиялық диспансер директорының орынбасары Алпыс Аманжолов.

Адам бойындағы синтетикалық есірткілер зертхана жағдайында қан, зәр арқылы талдама жасау кезінде анықталады екен. Бүгінде есірткіге тәуелді 1523 адам диспансерде есепте тұр. Оларға тиісті ем қолданылады. Мамандар мұндай жағдайға тап болған тұрғындардың дәрігерге қаралудан тартынатындарын жеткізді.

Адам өзі саналы түрде емделуді қаламаса, біз оған ештеңе жасай алмаймыз. Сондықтан, адам шешімді ақыл-ай, санасымен қабылдауы керек. Отбасы мен жақындарының қолдауы аса маңызды, – дейді А.Аманжолов.

Десек те, адам баласы табиғатынан білмегенді білуге ұмтылады емес пе? Зияндығын айтып та, жазып та жатқанына қарамастан, синтетикалық есірткі құрығына ілігетін жастар көп. Негізінен 18-25 аралығындағы жастар. Қызықтан басталған әрекет түбіне жетіп тынуы әбден мүмкін. 10 жылдан астам уақыт бойы әлеуметтік аурулармен жұмыс істеп келе жатқан «Үміт» қоғамдық бірлестігі синтетикалық есірткілердің таралуы аса күрделі мәселелерге алып келетіндігіне сенімді.

  • Синтетикалық есірткілердің таралу жылдамдығы күн санап артып келеді. Былтыр осы мәселенің мәнісін білмекке арнайы зерттеу жүргіздік. Оның нәтижесі бәрімізді естен тандырды. Сауалнамаға қатысқандардың 80 пайызы синтетикалық есірткілердің дәмін татқан болып шықты, – дейді қоғамдық бірлестік директоры Гүлмира Смаилова.

Оның айтуынша, синтетикалық есірткіні қолданушылар оны жай ғана стимулятор деп қабылдайды екен. Сол себепті де оған тәуелділіктің туындағанын сезбей де қалады. Бірлестіктің аутрич қызметкерлерінің мәліметінше, синтетикалық есірткілерді негізінен студенттер сессия кезінде қабылдайтын көрінеді.

  • Ол әуелде сондай күш, тасыған энергия береді. Бірақ, соңы қайғылы жағдайларға алып келеді, – дейді ол.

Қалай десек те, синтетикалық есірткілер қоғамдық мәселеге айналып үлгерді. Ол көпшілік ойлағандай, полицияның ғана ісі емес. Үкіметтік емес ұйымдар, бизнес құрылымдары, мемлекеттік қызметкерлер жұмылуы керек. Тіпті, әр адам қабырғалардағы осындай жазуды көріп, өшірсе – бұл іске үлес қосқаны.

Жансая ОМАРБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button