Жаңалықтар

Есімі елге қадірлі

Қарқаралы ауданының тарихында өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына салмақты серпін берген білікті басшылар аз болған жоқ. Түрлі деңгейдегі сала жетекшілері, майталман мамандар уақыттың талабына сай тер төгіп, өңір шежіресінде өз қолтаңбасын қалдыра алды. Өңірдің өрісін кеңейтіп, тынысын ашуға үлес қосқан бірегей басшылардың қатарында ауданда маңызды басшылық қызметтерді атқарған Михаил Шаяғзамұлы Шаекинді атауға болады.

 

Еңбек Қызыл Ту, «Құрмет белгісі» ордендері, «Тың жерлерді игергені үшін», «Ерен еңбегі үшін» медальдарының иегері, Қарқаралы, Осакаров, Бұқар жырау аудандарының Құрметті азаматы Михаил Шаяғзамұлының өмір және еңбек жолы ғибратқа толы. Жалпы, ағамыздың өміріне зер салып қарасақ, қажыр мен қайраттың, табандылық пен талапшылдықтың, жаңашылдық пен жасампаздықтың анық үлгісін көрер едік.

Михаил Шаяғзамұлы – кеңес дәуірінде білімі мен ынтасы, қабілеті мен жігерінің арқасында биік белестерді бағындырған жерлестеріміздің бірі. 1933 жылы 23 мамырда Томар ауылында дүниеге келген Михаил Шаяғзамұлы алдымен Абай атындағы педагогикалық училищені тәмамдап, сосын Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылық институтын аяқтайды. Сол тұста алғаш жоғары білім алған азаматтардың қатарынан табылған жас маман Бидайық (қазіргі Ақтерек) МТС-ның бас агрономы болып еңбек етеді.

Біліміне алғырлығы сай, қадамы қарымды жас маман қызмет жолымен тез өрлеп, Қарқаралы аудандық еңбекшілер депутаттары Кеңесінің атқару комитетінің төрағасы болып сайланады. Сонда Мекең небәрі 28 жаста екен. Бірақ қай қызметтің де ығын білетін жалынды жас жігіттің діттегені биік лауазым емес-ті. Үкімет пен партия талабы – халықтың талабы деп қабылдайтын сол кездің адамдары жұмысты талғамай, артылған сенімге селкеу түсірмеуге барынша тырысатын. Міне, осындай сырты талаппен қоғамға пайдам тисін дейтін ішкі ұмтылысы үндестік тапқан ол, шаруашылығы өрге баспай, тұралап тұрған «Киргизия» совхозына директор болып баруға ойланбастан келісімін берген.

Тың өлкесіне жататын бұл совхозға артылған міндет жүгі зор болатын. Оның науқанды алға бастыратын әлеуеті де зор еді. Тек істі алға бастырып, шебер жүргізіп кететін басшы жетіспей тұрған. Міне, осы бір жауапты шақта атқару комитетінің төрағасы мансаптық орындықтан бас тартып, қайнаған шаруашылықтың ортасынан табылды.

Михаил Шаяғзамұлы аз уақытта совхозды адам танымастай түлетіп жіберді. Қатал да талапшыл жас басшының есімі сол уақытта бүкіл өңірде дүркіреп тұрды. Шаруашылықтың жұмысы өрге басып, совхоз атағына лайық дәрежесіне көтеріліп кете барды. Келер жылы миллион пұт астық алып, зор жетістікке жетті. Осының бәрі Михаил Шаяғзамұлының жұмыстың реті мен жүйесін білетіндігі мен қатаң талап қоя алатын ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында жүзеге асқан болатын. Қысқа мерзімде совхоздың тынысын ашып, еңсесін көтеріп кеткен жас басшының еңбегі елеусіз қалған жоқ. Тіпті, басшылық оны үлкен лауазым алдындағы қиын сынақтан шыңдап алғысы келді ме екен. Қалай болғанда, сеніп тапсырылған міндетті Михаил Шаяғзамұлы абыроймен атқара білді.

1965 жылы Қарқаралы аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған басшы жаңа қызметке құлшына кірісіп кетті. Бұл бір жағынан ауданның саяси өміріндегі өзінше бір ерекше оқиға еді. Себебі, осыған дейін бұл қызметке басшылар негізінен сырттан жіберілетін. Бұл жолы ауданның І хатшылығына лайықты адам осы өңірден табылып, дәрежесі мен тәжірибесі сай жас басшы тізгінді өз қолына алды.

Михаил Шаяғзамұлының тұсында аудан орталығында көптеген маңызды нысандар бой көтерді. Партия комитеті, мәдениет үйі мен аурухана ғимараттары салынып, телерадио станциясы мен байланыс торабы іске қосылды. Бұл жұмыстар сол кезде аудан өміріне елеулі жаңалық әкелгені анық. Ауданда радиохабар таратылып, тұрғындар өз үйінде телевизор көруге мүмкіндік алды.

Қарқаралының инфрақұрылымын жақсартуға іргелі жұмыстар жүргізілді. Бұл жұмыстардың бәрі 1974 жылы Қарқаралының 150 жылдың мерейтойына дайындық ретінде қолға алынды. Осы мақсатта тыңғылықты жұмыстар атқарылып, бірегей бастамалар жүзеге асты. Бір айта кетерлігі, сол жылдары ірге көтерген әлеуметтік нысандар мен жүргізілген жұмыстардың игілігін аудан халқы әлі де көріп келе жатыр.

 

Шынымен Михаил Шаяғзамұлы кадр таңдау мәселесіне жіті мән берген болатын. «Кадр бәрін шешеді» деген қағиданы жадына мықтап түйген ол, айналасына өз ісін жетік меңгерген, сауатты да білімді, жұмысты ұршықша иіріп әкететін мамандарды іріктей алды. Мәселен, М.Шаекин бірінші хатшы болып тұрғанда, жекелеген ауылдарды жауапкершілігі мол тәжірибелі басшылар басқарды. Айта кетсек, Фрунзеде – Кәкім Апсалямов, Бесобада – Сүндет Мұқашев, Еңбекте – Сағаткәрім Смақов, 1 Майда – Виктор Мирза, Киргизияда – Қапан Әукетаев, Қарқаралы совхозында – Владимир Миллер, Жамбылда – Мұқатай Тоқмурзин мен Қобыланды Сүлейменов, Томарда – Қадаш Төлеуовтер еңбек етіп, ауылшаруашылық көрсеткіштерін көтеруде тынбай тер төкті. Бұл ағаларымыздың қай-қайсысы болсын шебер ұйымдастырушы, сайдың тасындай іріктелген мықты жетекшілер, бір толқынның алдыңғы қатарлы жандары еді.

Михаил Шаяғзамұлы өз қызмет жолында Қарқаралы қаласының дамуына қандай үлес қосса, ауданға қарасты ауылдардың да ілгері басуына ықпал етті. Ауыл-совхоздарды айтпағанда, ауданда бес жүзден аса қыстақ болды. Қыстақ-қыстақты аралап, ауылдың тыныс-тіршілігі мен еңбек үрдісін назарынан қалт жібермейтін бірінші хатшы алыс бөлімшелердегі қойшы-шопандарының есімдеріне дейін жатқа біледі екен. Совхоздардағы мәселелермен түйткілдер, мал өсімі мен жоба-жоспарларды да еш қағазға қарамай, жадында мықтап ұстаған. Соншама сандық мәлімет пен адамдар есімін жатқа білетіндігі, қағазға қарамай дәл айтатындығы талайларды таңғалдырған. Тіпті, кей совхоз басшылары саннан жаңылысып жатқанда, «сенде былтыр осынша мал басы бар еді, енді биыл қалайша былай болды?»,– деп орайы келгенде түзейді екен. Әрине, бұның бәрі бірінші хатшының ауданның өмірі мен мәселелерін жақсы білуінен, әр совхоздың жағдайы бір емес, талай мәрте ой елегінен өтіп, тиісті қорытынды жасағанынан екені анық.

М.Шаекин Қарқаралыдан кейін басқа да аудандарда жемісті еңбек етті, өнімді жұмыс жасады. «Михаил Шаяғзамұлы қажырлы, алғыр әрі шебер басшы болды. Алған бетінен қайтпайтын, діттеген мақсатына жетпей қоймайтын табандылығы ерекше еді. Оның білімі мен қабілеті, тәжірибесі мен машығы бұдан биік лауазымдарда қызмет жасауға жеткілікті еді. Бірақ ол қашанда халықтың ортасында, шаруашылықтың ішінде жүрді. Сонысымен де еңбегі еленіп, ел құрметіне бөленді», – дейді Мекеңмен біраз жыл бірге қызмет еткен ардагер ағамыз Еркін Қасымжанов.

Иә, ер-азамат – қашанда түздің адамы. Ал басшы адам үшін елдің қамы қашанда биік. Ел үшін еміреніп еңбек еткен Михаил Шаяғзамұлы – отбасында да асқар тау әке, данагөй ата. Ұрпақтар сабақтастығын берік ұстанған өнегелі ұрпағы әке жолын жалғап келеді. Еңбегі еленген, ұрпағы түлеген адам үшін бұдан артық бақыт жоқ, сірә.

Тынымсыз уақыт, тынбай жүйткіген өмір көші Михаил ағамызды тоқсан жастың төріне шығарып отыр екен. Ғасырға жуық ғұмырды ғибратымен қоса сыйға тартқан бұл да бір жаратқанның несібесі шығар. Ағамыздың атқарған ауқымды жұмысы, қалтқысыз қызметі мен ізгі істерін жаңа күнде табысты жалғау – жас буын үшін құрметі зор жауапты міндет екені даусыз.

Осынау ғұмыр-белеске қадам басып отырған бүгінгі қазыналы қария, ардагер ағамыз Михаил Шаяғзамұлын айтулы мерейтойымен құттықтаймын! Әлі талай шыңдарға шығып, биік белестерді бағындыруды тілеймін. Өнегесі мол әулеттің шаттығы кемел, шуағы мол болып, бақ-берекесі арта берсін!

Ерлан ҚҰСАЙЫН,
Қарқаралы ауданының әкімі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button