Есімде қалған сәт
Әйгілі адаммен өмірде бір-ақ рет кездессең де, мәңгі есіңде қалатынын талай естеліктерден оқып жүрмін. Әбілқас Сағынұлымен сондай бір кездесу менің де есімде мәңгі қалды.

Осы Қарағанды политехникалық университетіне оқытушы болып қызметке орналасқаныма онша көп уақыт болмаған. Бір күні менің ғылыми жетекшім, халықаралық байланыс және ғылыми жұмыстар жөніндегі проректор Әзімбек Әкімбеков хабарласып, келіп кетуімді өтінді. Жұмыс барысында мұндай сәттер бола береді. Сондай сәттердің бірі шығар деген оймен келіп кірдім. Сөйтсем, кабинетте қолында таяғы бар, атақты ғалым, осы оқу орнын көп жыл басқарған Социалистік Еңбек Ері, академик Әбілқас Сағынов ағамыз отыр.
Мен осында қызметке келгенде зейнеткерлікте болғандықтан, бұрын ол кісімен бетпе-бет кездеспеген едім. Иіле, қос қолымды ұсынып, имене келіп, сәлем бердім.
– Мен машинамды бір жерге жіберіп қойып едім. Әбекең ағамызды үйіне жеткізіп сала аласың ба? – деп сұрады Әзімбек Қыздарбекұлы.
– Әрине, жеткізіп саламын, – дедім.
Әбекеңнің тоқсанға таяп қалған шағы. Қолтығынан демеп, сатыдан түсуіне көмектесіп, көлігіме алып келдім. Академикті қолтықтаудың өзі мен үшін зор ғанибет болып көрінді. Ол кезде қазіргідей қоршау жоқ, менің қара «Девяткам» университеттің бас ғимаратының алдындағы тұрақта болатын. Машинаның есігін ашып, алдыңғы орынға отырғыздым. Ұмытпасам, шілде айының іші болуы керек. Машинаның іші қайнап тұр. Қас қылғандай машинам от ала қоймады. Күннің ыстығынан карбюраторы істемей қалған ғой. Өзім машинаның жағдайын да онша түсіне бермеймін, қатты сасқалақтағаным сондай, капотын ашып қойып, ол жағынан бір, бұл жағынан бір шығып, не істерімді білмей жүгіріп жүрмін. Әбекең үстіне костюм киіп алған, машинаның ішінде қара терге түсіп отыр.
Сондағы менің таң қалғаным, әлі есімнен кетпейді. Қол орамалымен кең маңдайын асықпай сүртіп қойып:
– Бұл темір ғой. Темірге сенім жоқ. Ештеңе етпейді, асықпа, – деп қояды.
Сол кезде Әбекеңнің сабырлы қалпы мені сабама түсіргендей болды да, өйтіп-бүйтіп, ақыры от алдырдым ғой.
«Березка» деп аталатын жақта тұратын үйіне апарып салдым. Жолшыбай сөйлесіп отырдық. Байқағаным – өмірлік тәжірибесі мол, әрбір сөзін баппен, нығарлап айтатын, ұстамды, өте қарапайым адам екен. Академикпін деп шіреніп отырған жоқ. Оқытушылық қызметімді жаңа ғана бастаған шағым ғой. Бұрын ол кісіні сырттай көргенде «Шіркін-ай, ана кісімен сөйлеспек былай тұрсын, жанына барудың өзі қиын шығар?!», – деп ойлайтынбыз. Сондай академик ағамыз дәл жанымда, алдыңғы орындықта отырды. Әдеттегідей «Қай жақтан боласың?», «Не істейсің?» дегендей сұрақтар қойып, жауабымды естіген соң ісіме сәттілік тілеп, жарым ырыс болатын жақсы сөздерін аямай айтып отырды.
Қолтықтай отырып, үйіне кіргізіп салдым да, ақ тілекті ағамыздың алғысын алдым. Жанында көп уақыт бола алмасам да, сол сәт менің есімде әлі күнге дейін естелік болып сақталып келеді.
Асыл қасиетті ардақты адамның есімін ұмытпай, кейде ол кісінің көзін көрген, қатар еңбек еткен ағалардан да сыр тартып қоямын. Сондай әңгімелер кезінде ол кісінің уақытты зая кетірмеуге ерекше көңіл бөлетіні қатты таңғалдырды. Өзім де оқыдым, Әбекең маңыздылығы төмен съездерге, симпозиумдарға, жиналыстарға кеткен уақытыма өкінемін деп жазған екен. Сол сияқты қаламыздағы Кеншілердің мәдениет сарайында академик ағамыздың 90 жылдығы аталып өтіп жатқанда: «Елді шаршатып, уақытын алмайық», – деп бір жарым сағаттан соң салтанатты жиналысты уақытында аяқтатқанын өзім көргенім бар.
Біз сол кісінің ісін жалғастырушылармыз. Мен өзім академик ағамыздың «мейлі шахта директоры бол, мейлі завод басшысы бол, кім болсаң да, адам бол» деген мағынадағы қанатты сөзін ешқашан есімнен шығармай, университетіміздің білім алушыларымен кездесулерде әрқашан да насихаттап отырамын.
Халқымыздың ардақты азаматына қандай құрмет көрсетсек те лайықты деп ойлаймын.
Нұрбек Жолмағанбетов,
«Әбілқас Сағынов атындағы ҚарТУ» КеАҚ тау-кен факультетінің деканы,
техника ғылымдарының кандидаты, профессор



