Ресми

Есіл бойының есіл өмірі

«Астана арман қала, арманға жетелейтін қала» деген сөзді естігенде бұрын неткен жалған пафос деп ойлаушы едім. Астана ақылыңа ақыл, біліміңе білік, көңіліңе ырық қосып бермейді деп түйгем. Шынымен-ақ, ізденем деген адам қай жерден болсын өріс табатыны рас. Астана ақылман қылып жібермейді, соған қарамастан, асқақ армандар орындалатын қала екенін айтуға бармын қазір. Елорданың құшағы кең, аспаны биік, топырағы қалың. «Бардым да Қараөткелді жыл қыстадым» (Мәди) дегендей, жанам деген жүрекке от беретін жер. Үлкен көзқарастар мен биік мақсаттарға жол ашпаса және сондық күш пен қуат бермесе, тегіннен тегін Елорда бола ма?

Сурет автордан

Қасиетті Қарағандыдан Елордаға қоныс тепкеніме тамыз айында тура үш жыл толады екен. Бірақ бұл жақтан ол жаққа үлкен дайындықпен барғанымды да ескерген жөн. Академик Е.Бөкетов атындағы ҚарУ-дың журналистикасын бітірер-бітірместен мұндағы қарашаңырақ облыстық «Орталық Қазақстан» ұстаханасында бақандай тоғыз жыл шыңдалыппын. ҚарУ журналистикасының сол кездегі қуатын төртінші курс­тың студенті бізді облыстық газет басшылығы дипломсыз-ақ тілші ретінде қабылдағанынан тани беріңіз. Ал «Орталықтағы» тоғыз жыл жалаң қылышпен жауға шапқандай еңбек майданында шыңдалу екен. Мұнда біз қарапайым хабардан қара мақалаға, есептік жазбадан эссеге дейінгі аралықты өткердік. Бағытымыз айқындалды. Қаны тамған журналистика майданында қаламды қару етуді осы мектептен үйрендік. Жетпеген тұсымызды жетілдірген ағалардың алдын көрдік. «Осы баланың тілі ұнайды, ей» деп біз бір нәрсе жазсақ, балаша қуанатын басшымыз Мағауия Сембай бастаған ақсақалдар: Аман Жанғожин, Тілеуқабыл Байтұрсын; Мағаш ағадан кейінгі басшымыз Ерсін Мұсабек, Қыз­ғалдақ Айтжан, бертінде редакторлық еткен «Егемендегі» бүгінгі басшым Қамбар Ахметтің тұсында үйрену мен ізденіс үстінде жүріппіз. Қаламға қанат бітірген, ойға санат бітірген «Орталық» – шығармашылық дамуға бастап, публицистика мен поэзияны арқамызға қатар байлаған қасиетті қарашаңырақ. Қазір Астанада аздаған жетістікке жетіп, өз саламызды оңғара алып жүрсек, ел ішінің, Қарағанды топырағының осындай жақсылығы.

Тоғыз айда нәресте дүниеге келерін ескерсек, толғанғанға тоғыз жыл да бір ғұмыр. Астанаға осындай мектеп көріп аттанған бізді бұл қала жатырқай қоймады. Адамның бір жерге жаңадан орын теуіп, ол қалаға бойы үйреніп, бауыр басып, жерсінуі – басты мәселе. Жерсіне алмайды екенсің, қызметің, үй-күйің болғаны да далбаса. Кіндік мекенге қайтуға тура келеді. Астанада ол жоқ бірақ. Бұл қаланың ерекшелігі, ынталы жүректі ұмтылдыра, құлшындыра түсетін қасиетінде. Үміт ұлғайып, арманға құлаш ұрған сайын қайрат сыйлайтын күш-қуаты бар қала. Шабыттандыра түседі. Ал шабытты жанды тек былай ғана түсіндіруге болады:

«Нар тәуекел! Құлаш ұрдым қиынға,
Қайрат шіркін алып шықса қиын ба!
Бұл сапарда сүрініп те қалармын,
Сонда, досым, мені айыпқа бұйырма!», – дейді Қасым.

Иә, біз Астанаға қанат қаққанда, отбасымыз бір үйлі жан еді. Елордада одан да көбейдік. Шығарған жалғыз жыр жинағымыз екеу болды. Жеке пәтеріміз жоқ еді, баспаналы болдық. Ахаң, Ахмет Байтұрсынұлы атындағы жыр мүшәйрасының жеңімпазы танылдық, басқасын айтпағанда. Тәңірге тәубе, аз игілік емес! Қуатты қала мен ел газеті «Егемен Қазақстанның» құтты босағасының арқасы! Ең бастысы орныңды табу өмірден. Мен қатарлы, менен бұрын келген жастардың көбі айтатын сөз де осыған саяды.

Қаланың динамикасы, мегаполистің мотивациясы демей, қайрат пен қуат, ынта мен жігерді қолдандық. Қазақ тілін қалағандар түсініп алады. Сол сияқты, қазақта есіл күн, есіл жұрт, есіл өмір деген кең толғаулы сөз бар. Есіл өзенінің шалқып аққанынан алыс кетпесе керек. Сол Есіл қазақта, сосын Астанада бар. Арғы жағын түсіндіріп жатпаймын…

Жәнібек ӘЛИМАН,
ақын, «Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button