«Есіңе мені алғайсың…»
Қазақ поэзиясының мұзбалағы Мұқағали МАҚАТАЕВТЫҢ туған күніне арналған ақынды еске алу кеші осылай айдарланды. Кеншілер мәдениет сарайы ұжымының ұйымдастыруымен аталған орында өткен кеште ақынның «Аққулар ұйықтағанда» поэмасынан көрініс қойылып, өлеңдері оқылып, әндері шырқалды.
Иә, осы уақытқа дейін өлеңдерінің көбі әнге айналып үлгерген Мұқаң бақытты ақын. Оны кеш қонағы, филология ғылымдарының докторы, профессор Жансая Жарылғапов айтады: «Тойланбаса, тойланбасын нетейін, Той көрмей-ақ, сый көрмей-ақ өтейін. Қаламымды берші маған, бәйбіше, Болашаққа арыз жазып кетейін!» деген Мұқаң, шын мәнінде, бақытты ақын. Абай, Жұмекен Нәжімеденов, Өтежан Нұрғалиев, тіпті, Қадырдан да көп оқылатын ақын – осы Мұқаң. Олай болатын себебі, бұл кісінің бар асылы поэзиясының бетінде. Тереңіне сыр жасырмай, бүкпесіз жырлап өтті».
Топ-тобымен шығып ақын өлеңдерін оқыған өнерпаздар қиялға қанат бітірді. Шырқалған ән қаншама?! Тәттімбет бабасынан кейін «Саржайлауға» Мұқаң да соғыпты. Қазақтың туған жер, ата қонысы – саржайлау. Сол кездің өзінде жер қадірін жеріне жеткізіп айтып кеткен екен ғой десті «Саржайлау» әнін әншімен қоса шырқаған ел. «Махаббат диалогы» қандай ақынның! Жастар нақышына келтіріп орындады. Әндерін де, өлеңдерін де.
Кеш соңында Кеншілер мәдениет сарайының директоры Жаролла Ақышев сөз сөйлеп, ақын Руслан Нұрбай өлең оқыды.
Жәнібек ӘЛИМАН