Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына орай елімізде есірткі қылмысына қарсы күрес күшейтіліп, жүйелі әрі кешенді сипат алды. Атап айтсақ, 1 маусымнан бастап, республика көлемінде «Қарасора – 2025» атты кең ауқымды арнайы операция басталды. Географиялық тұрғыдан еліміздің дәл жүрегінде орналасқан Қарағанды облысы бұл күресте маңызды рөл атқарады. Өйткені, аймақ транзиттік дәліз ретінде есірткі трафигіне бейім болуы мүмкін. Осыған байланысты өңірде операцияға ерекше маңыз беріліп отыр.

Географиялық ерекшеліктер ескерілді
Қарағанды облысы – еліміздің солтүстігі мен оңтүстігін, батысы мен шығысын байланыстыратын маңызды геостратегиялық нүкте. Көршілес елдерге баратын магистральдар мен күрежолдар дәл осы өңір арқылы өтетіндіктен, есірткі тасымалы үшін де ыңғайлы маршрут ретінде қарастырылуы ықтимал.
Осы себепті, облыстық полиция департаменті есірткіге қарсы іс-қимылға ерекше назар аударып, қатаң бақылау жүйесін жолға қойған.
Операцияның үйлесімді және тиімді өтуі үшін құрамына Жергілікті полиция қызметі, Ұлттық ұлан, кинологиялық қызмет және арнайы бөлімшелер кіретін 150-ден астам полиция қызметкері жұмылдырылған.
Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Әбіл Әбілдиннің айтуынша, операция аясында есірткі айналымын азайту ғана емес, сонымен қатар, алдын алу және жасөспірімдер арасындағы есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін бар ресурс қолданылады.
– Біздің күш-жігеріміз қылмыскерлер мен құқықбұзушыларды анықтап, ұстаумен шектелмейді. Қоғамда саламатты өмір салтын насихаттау – тағы бір маңызды бағытымыз, – деді Әбіл Әбілдин.
Екі жасырын зертхана әшкереленді
Дерекке сүйенсек, операция басталғалы облыс аумағында барлығы 28 есірткіге қатысты құқықбұзушылық тіркелген. Оның ішінде, 13 қылмыстық теріс қылық және 15 ауыр есірткі қылмысы анықталған.
Осакаров ауданының Батпақ ауылында және Шахтинск қаласының Солтүстік-Батыс кентінде екі жасырын есірткі зертханасы табылып, олардың қызметі толық тоқтатылды.
Аталған зертханалардан есірткі дайындауға арналған 8 тоннадан және 35 килограмнан астам арналған химиялық заттар тәркіленді. Қара нарыққа әлі түспеген дайын өнім де айналымнан шығарылды.
Заңсыз зертхана ұйымдастырғаны үшін төрт адам ұсталды. Оларға 15 жылдан 25 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалуы мүмкін.
Сонымен қатар, құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіруге байланысты 5 дерек тіркелді. Заңсыз айналыммен айналысқаны үшін 15 адам қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Олардың арасында 2 әйел және 2 кәмелетке толмаған жасөспірім де бар.
Бұл жағдай, әсіресе жазғы демалыс кезеңінде жасөспірімдердің бос уақытын тиімді өткізудің маңыздылығын тағы бір мәрте еске салады.
Алдын алған абзал
Полиция департаменті өзге де мемлекеттік органдармен және мекемелермен тығыз әріптестікте 26 мамыр мен 26 маусым аралығында облыс аумағында Халықаралық нашақорлыққа қарсы күрес күніне орай арнайы айлық өткізді.
Онда 9 түрлі форматтағы іс-шара ұйымдастырылып, 177 мыңнан астам адамды қамтыды. Мұндағы басты мақсат – жастар арасында саламатты өмір салтын қалыптастыру, есірткінің зияны туралы жан-жақты ақпарат беру.
Айлық қорытындысы ретінде Қарағанды қаласында кең көлемді есірткіге қарсы акция өтті. Оған шығармашылық және спорттық ұжымдар, жергілікті билік пен қоғам белсенділері қатысты.
Сонымен қатар, оқушылар мен студенттерден құралған еріктілер тобы 21 рейд ұйымдастырып, наркограффити жазуларын жойды. Бұл бастама жастардың өз ортасындағы зиянды үгіт-насихатқа бейжай қарамайтынын көрсетеді.
Полиция департаменті ата- аналарды жазғы демалыс кезінде балалардың бос уақытын тиімді әрі қауіпсіз өткізуін қадағалауға шақырады.
«Кәмелетке толмағандардың есірткі құралдарымен заңсыз айналысуы – ауыр қылмыс. Мұндай әрекеттер үшін де қылмыстық жауапкершілік қарастырылғанын естен шығармаған жөн», – дейді Әбіл Қалиақпарұлы.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»