Медицина

Өңештен өткеннің бәрі қауіпсіз емес

Тиынның неше атасы, батарейлер, лего ойыншықтар, ине, түйреуіш, тіпті қарындаш пен құлаққап – облыстық балалар клиникалық ауруханасындағы эндоскопия кабинетінің «коллекциясы». Мұның барлығы балалар жұтып қойған заттар. Кабинет меңгерушісі Медет Омаровтың айтуынша, бұл тек жартысы ғана екен. Көбінесе, ата-аналар баласы жұтқан затты алып кететін көрінеді. Естелікке.

Дәрігердің айтуынша, түрлі бөгде заттар балалардың тыныс алу және асқазан-ішек жолдарына жиі түседі.

– Балалар жиі жұтатын заттардың бірі – тиын. Әдетте ол асқазан жолдарында анықталады.  Ал, тыныс алу жолдарында көбінесе шемішкенің қабығы, жаңғақ тұрып қалады. Бөгде зат жұтқан балалар бізде көп жатпайды. Эндоскопиялық қысқаш пен ілмек арқылы ауыздан аламыз. Жыл басынан бері он шақты балаға осындай көмек көрсеттік. Былтыр 192 бала болған, – дейді Медет Тұрсынғалиұлы.

Баланың жасы мен бойына қарай  кейбір заттар табиғи жолмен өздігінен шығуы мүмкін.

– Егер жұтып қойған зат асқазаннан өтсе, онда ол өздігінен шығады. Ондай кезде біз тексеріп, баланы қайтарамыз. Өткір зат болса қадалып қалуы әбден мүмкін немесе ішкі ағзалар қатпарында қалып қояды. Ондайда біз алып шығамыз, – дейді дәрігер.

Зат асқазан жолында тұрып қалса, сілекей бөліну көбейеді, лоқсиды. Тыныс алу жолдарында болса балада ентігу, жөтел, тамақ қырылдау сияқты белгілер байқалады. Мұндай балаларды әуелі хирург қарап, қажет ағзаға рентген жасалады. Қандай да бір заттың бар екені анықталса, анестезиолог маманның қатысуымен ол зат алынып тасталады. Дәрігердің айтуынша, операциясыз болмайтын жағдайлар да кездеседі. Мәселен, осы айдың басында магнит жұтып қойған бала жайлы бұқаралық ақпарат құралдары жариялап еді. Оған операция жасалып, бала екі апта ауруханада жатып шықты. Әдетте балалар магниттің барлығын бірден емес, бөліп-бөліп жұтады екен. Содан олардың арасындағы ішектер жабысып қалады.

Дегенмен дәрігер жұтқан заттардың ішінде қауіптісін атады.

– Ең қауіптісі батарей мен ине жұту. Батарей ішке түскен кезде реакция береді. Соның себебінен ол түскен жер бірнеше сағаттың ішінде ойылып қалуы мүмкін. Ал, ине сияқты үшкір заттар біріншіден қадалып қалуы мүмкін. Екіншіден, жіңішке болғандықтан асқазаннан шығып басқа ағзаларға кіруі, мәселен, жүрекке қадалуы ғажап емес. Адам қозғалғанда, түшкіргенде ине орнын ауыстыра береді, – дейді ол.

Тыныс алу жолдарына түскен заттар бронхтарда қалып қояды. Мұндай жағдай ересек балаларда кездеседі. Олар күліп, ойнап отырып дем алып қалуы мүмкін.

– Бір баланың тыныс жолдарына дән кетіп қалған. Оны ата-анасы білмеген. Олар пневмониядан ем алып жүргенде анықталады. Дән өкпесінде шіріп, ақыры өкпесінің шамалы бөлігін алып тастауға тура келді, – дейді Медет Омаров.

Ол тұрғындарды бала қауіпсіздігіне аса мұқият болуға шақырады.

Жансая ОМАРБЕК.

Оrtalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button