Бас тақырып

Ешкі сауған екеу

«Тіршілік етіп, нәпақа табам» деген адам кез келген қиындықты жеңіп шығатынына тағы көзім жетті. Бұл кейіпкерімді мен қыстың аяғы, көктемнің басынан бері мазалап, әйтеуір сұхбаттасудың ретін осы жолы таптық. Алдағы уақытта осы әңгіменің видео нұсқасын тамашалайтын боласыздар.

Суреттерді түсірген автор

Сонымен, Бейбіт Есмағамбетов пен Виктория Сапункованың өмірі мені не үшін қызықтырды? Бұл кісілер Қарағанды облысы, Саран қаласының бір шетінде, жер үйде тұрады. Ешкі сауып, сүт өнімдерін сатумен айналысады.

– Мен де, келіншегім де қаланың адамымыз. Сенбі-жексенбі қаладан жыраққа, табиғат аясына шығуды ұнататынбыз. Бір күні мені «Осы біз ауылға неге көшпейміз?» деген сауал мазалады. Сөйтіп, Шет ауданына көшіп кеттік. Қолымызда бір де бір мал жоқ. Барған соң сиыр сатып алдық. Мен табыннан қайтқан сиырымды тану үшін мүйізіне шүберек байлап жіберетінмін. Шүберегім түсіп қалып, сиырымды танымай қалған кездерім болды. Ондайда көршім «Міне, мынау сенің сиырың!» деп күлетін. Сөйтіп, екі-үш жылда мал бордақылайтын жағдайға жеттім. Балаларым ержетіп келе жатқан соң қалаға жақындамақ болдық. Содан, осы Саранға көшіп келдік. Үлкен қаланың маңайында ірі қара ұстау тиімсіз. Осылайша ешкі асырауды жөн санадық, – дейді Бейбіт ағамыз.

Расында да, қала түгілі ауылда мал санын көбейту қиындық туғызуда қазір. Маңайдың барлығы егін, шаруа қожалықтарының жайылымы дегендей. Бұл – Қазақстанның әр ауылында бар мәселе.

– Мен ешкі саууды он жылдан бері қолға алғанмын. Бірақ, Шет ауданында тұрғанда сатылымға шығарған жоқпыз. Тек, өзіміз пайдаланып отырдық. Себебі, ауылдық жерде жұрт көбіне сиыр сүтінен дайындалған өнімдерге басымдық береді. Ал, мына жерде өзімізге жетерлік тұтынушы тауып алдық. Мәселен,  қазір біз 11-12 ешкі сауып отырмыз. Жас лақтаған шібіш 1 литрдей сүт береді. Ал, үлкен ешкілер 4 литрден астам сүт береді. Бұл екі сауымды қосқандағы көрсеткіш. Ешкілеріміздің барлығы асыл тұқымды альпі және заанен ешкілері. Қазіргі таңда ешкі сүті мен айран жақсы өтуде. Ірімшік пен сырды тек тапсырыс бойынша ғана әзірлеймін. Негізі, тұтынушылар саны көбейсе өнім көлемін көбейтуге дайынбыз. Біз өзіңіз көріп тұрғандай  тазалыққа басымдық береміз. «Адал» сөзінің өзі осы тазалықтан бастау алады. Әр ешкінің желінін жуамын. Алғашқы екі-үш тамшы сүтін жеке шелекке сауып, басқа сүтке араластырмаймын, – дейді ол.

Бұл кісілерді шылқыған бай, ақшаның астында қалған адам дей алмаймыз. Мәселен, 180 мың теңгеге шөп сатып алғандары кеше ғана екен. Бұл шөп алдағы қысқа жетуі тиіс. Одан бөлек ешкіге сұлы беріп отырады. Ай сайын бақташыға беретін шығынды да қосуды ұмытпағайсыздар. Дегенмен, «еңбек бәрін жеңбек» деген қанатты сөз барын ұмытпайық. Өз шаруасын бастап кетуден қорықпайтын адамның барлығына сәттілік тілей отырып осы мақаламды аяқтайын.

Айсұлтан ЖАҚЫПОВ.
Суреттерді түсірген автор

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button