Жаңалықтар

«Есеп» – еркіндік қарлығаштары

Қазақстан Республикасында қазіргі таңдағы ең өзекті мәселесі – тәуелсіздігімізді сақтай отырып, ұлттық тарихтан нәр алған жас буынды тәрбилеу. Осы бағытта тарих тағылымын санада жаңғыртып, ұрпақтар сабақтастығын көрсете отырып, тәлім беру – өзекті сипатқа ие. Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Тәуелсіздік бәрінен қымбат» атты мақаласында: «Біз кезінде елге қызмет етудің озық үлгісін көрсеткен Алаш қайраткерлерінен тағылым аламыз. Олар өткен ғасырдың басында тәуелсіздік идеяларын халық арасында дәріптеуге зор еңбек сіңіріп, азаттық жолында құрбан болды. Тәуелсіздігіміздің мерейтойы аясында осындай біртуар тұлғаларды еске алып, олардың мұрасын жастарымызға және бүкіл әлемге паш етуіміз керек. Алаш арыстарының асыл мұрасын игеру жалғаса беруге тиіс», деген болатын. Сондықтан да, Алаш қайраткерлерінің қазақ мемлекеттігін қалыптастырудағы тарихи ерен еңбектерін сабақтастық барысында отандық тарихтың тәлім-тәрбие өзегіне айналдыруымыз керек.

Қазіргі таңда отаншыл білімді зияткер жастардың идеал тұтар тұлғалары Алаш қайраткерлері болса, еліміздің рухани және экономикалық өркендеуі жаңа сапаға шығатынына сенімдіміз. Осыған байланысты бұл жұмыста кеңестік кезеңдегі тоталитарлық жүйе қысымындағы жас ұрпаққа үлгі болатын алдыңғы толқын ағалар жасаған азаматтық ерліктер, елдік жолындағы қызметтері өшпес өнегесін іспен көрсеткен жастардың астыртын саяси ұйымы «ЕСЕП» (Елін сүйген ерлер партиясы) тарихы мен тағылымы мәселесі, ғылыми-теориялық негіздері ой-елегінен өткізіліп, тарихи тұрғыдан қарастырылады.

Бүгінгі таңда отандық тарихта зерттеуді қажет ететін тақырыптар қатарында ұлт қайраткерлерінің қоғамдықсаяси қызметі айрықша орын алады. ХХ ғасыр басындағы қазақ зиялылары ел өмірінде үлкен рөл атқарды. Алаш ұранын ту еткен тұлғалар мемлекеттік мәселелерге толық араласты, өз ұлтының маңдайалды арыстарына айналды. Алаш қайраткерлерінің идеясынан туындаған «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы қимыл іс-әрекеттері Кеңес өкіметінің жүргізіп отырған өктем саясатына қарсы бағытталды. «ЕСЕП» партиясының тарихнамасын қарастырғанда, сабақтастық жалғасын тауып қалыптасу, даму, шарықтау кезеңдерін басынан өткеріп, тарихи сабақтастық кезеңі – тәуелсіздікке қол жеткізгенімізді көруімізге болады.

Тәуелсіздік жылдарындағы отандық тарихты зерттеу жұмыстары негізінде біршама істер атқарылды. Ақтаңдақ тарих беттері ашылып, зерттеулер жалғасуда. Демек, отандық тарихта кеңестік кезең ойып тұрып орын алатын болса, сол дәуірде өмір сүрген «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымының тарихы зерттелуі тиіс деп санаймыз.

Бүгінгі таңда зерттеудің жаңа белестеріне көтерілген тарих ғылымында осы тақырып аясында кешенді зерттеулер жүргізілген жоқ. Тек қана жұртшылыққа беймәлім болып келген «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы турасында кеңестік кезеңмен айналысатын зерттеушілердің кейбіреуінен және бұқаралық ақпарат құралдары беттерінде ғана кездеседі.

Біздің бұл еңбекті жазудағы мақсатымыз – кеңестік кезеңдегі «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымының тарихын архив және мемуарлық деректер, нарративтік сұхбаттар негізінде зерттеу.

Осы мақсатымызға жету жолында төмендегі міндеттерді орындаймыз:

Біріншіден, «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымының кезеңдерін анықтау;

Екіншіден, «Жас әдебиетші» мен «Жас қалам» үйірмелерінің «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымының құрылуындағы орнын көрсету;

Үшіншіден, «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымының құрылуының негізгі мәселелерін зерделеу;

Төртіншіден, Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдарда ұлт-азаттық қозғалыстың басты тенденцияларын анықтау; Бесіншіден, Қарағанды облысында құрылған «Жас қазақ» жастардың астыртын саяси ұйымының тарихын салыстырмалы түрде талдау.

Тарихи тұрғыдан зерттеу үшін ең бастысы деректер қоры қажет. Отандық тарихтың кеңестік кезеңі мәселелеріне арналған тарихшы академиктер М.Қозыбаев, М.Қойгелдиев, Х.Әбжанов, Т.Омарбековтің, тарих ғылымдарының докторы профессор Ж.Кыдыралинаның және шетелдік зерттеушілерден Хадшы Ахмет Шимшектің және тағы да басқа ғалымдардың теориялық-концептуалдық көзқарастары көрініс тапқан монография, мақала, рецензия, шолу және басқа да ғылыми шығармалардың формалары жұмыстың деректік негізін құрайды. Қазақстанның қазіргі заманғы тарихы басқа дәуірлерге қарағанда, негізінен, архив материалдары бойынша ғана толымды түрде өрбітіліп келеді. Сол себепті де зерттеудің деректік негізін ең алдымен архив дерек көздері ҰҚК Алматы қаласы бойынша департаменті архиві, ҰҚК Қарағанды облысы бойынша департаменті архиві, Қарағанды облысының мемлекеттік архиві, Қарағанды облыстық тарихиөлкетану музейі қор құжаттары болып табылады. Тақырып аясында зерттеушілердің еңбектері, содан кейін барып басқа да жазба деректері бойынша ой-толғамдарын жасаған ғалымдардың ізденістері құрайды. «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы турасында негізгі деректер ретінде ғалым Бүркіт Ысқақұлының ғылыми энциклопедиялық мақаласы, «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы мүшелері: Бүркіт Ысқақұлы, Махмет Темірұлы, Жекен Қалиұлы, Рамазан Нарешұлы, Жаппар Өмірбек, Кәмел Жүністегі, Мақсым Омарбекұлы, Кәрім Сауғабайдың мемуарлық деректері және осы тақырып аясында басқа да зерттеушілердің мақалалары алынды. Біздің «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы мүшелері мен ұрпақтарынан алынған нарративтік сұхбаттар жұмыстың басты деректік қорларын берді.

КСРО кезеңін айтпағанның өзінде, тәуелсіздік алғаннан бергі кеңес кезеңіне арналған академиялық баспалардан шығып жатқан еңбектерде «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы тарихы айтылмайды. Өйткені, әлі күнге дейін «ЕСЕП» тарихы зерттеліп, оны ғылыми тұрғыдан саралап салыстырылмаған. Сондықтан да, осы олқылықты толықтыру мақсатында «ЕСЕП» жастардың астыртын саяси ұйымы тарихын тұңғыш рет тарихи тұрғыдан талдау қолға алынды.

Әділет ЖАҒЫПАР,

тарихшы-зерттеуші. бүркіттанушы.

Басқа материалдар

Back to top button