Есенғазы Иманғалиев: “Сандық технология сыналар сәт”
Облыста қашықтықтан оқыту қалай жүзеге асуда? Ата-аналар көптеген ауылдық елді-мекендерге интернет желісінің жетпеуі, кейбір мектептердің толықтай компьютерленбеуі секілді мәселелердің әлі де бар екенін айтады. Осындайда дәл қазіргі таңда онлайн оқып немесе қашықтықтан білім алуға дайынбыз ба деген сауал туындайтыны рас. Сонымен, төртінші тоқсанның сабақтары қалай өтеді?
Оқырмандардың сұранысына орай қашықтықтан оқыту жөнінде облыстың білім басқармасының басшысы Есенғазы ИМАНҒАЛИЕВПЕН сұхбаттасқан едік. Сол сұхбат назарларыңызда…
– Есенғазы Нұртөлеуұлы, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов төртінші тоқсандағы оқытудың бес түрлі механизмін атап өтті. Облысымыздағы қанша оқушы, қандай тәсілмен оқытылады? Тарқатып айтсаңыз…
– Төртінші тоқсанннан бастап облыс бойынша барлық оқыту қашықтықтан жүргізілуде. Бұл формат әртүрлі нысандарды қамтиды. Оның ішінде 12 243 оқушы үшін қашықтықтан оқыту республикалық «Ел арна» және «Балапан» телеарналарының телевизиялық сабақтары арқылы ұйымдастырылуда. Сондай-ақ, олар үшін жергілікті әкімдіктер және Қазпошта арқылы қосымша материалдар жіберілетін болады. Бейнетаспаға тек телеарналар арқылы ғана емес, интернет арқылы да қол жеткізуге болады. Осылайша, сабақтарды қайта көруге мүмкіндік бар.
– Ал, интерактивті платформалар арқылы қашықтықтан оқыту қалай ұйымдастырылады?
– Бүгінгі таңда 187 198 оқушы интерактивті платформаларда білім алуда. Олар sdot.bilimal.kz, daryn. online, sabak.kz, google.classroom. com. сияқты автоматтандырылған платформалар арқылы өтуде. Алдағы уақытта skype, zoom мүмкіндіктерін және WhatsApp мессенджерін пайдалану жоспарлануда. Әрбір мектеп өзіне ыңғайлы бірнеше платформаны таңдап жұмыс істеуде. BilimMediaGroup, DarynOnline сияқты білім беру сайттарына кіру тегін. Осы платформаларда оқыту дайын сабақтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді.
– Кері байланыс қалай жүреді?
– Жоғарыда аталған платформаларда оқыту дайын сабақтарға қол жеткізуге мүмкіндік береді. Олар арқылы мұғалімдер оқушыларға тапсырмалар жіберіп, сол жерде кері байланыс орнатып, сондай-ақ тестілеу жүргізе алады. Барлық тапсырмалар платформаларға жүктелгендіктен, оқушылар өздеріне ыңғайлы уақытта кез келген тапсырмаларды жүктеп алып орындай алады. Бұл ретте барлық сабақтар мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына сәйкес бірыңғай оқу бағдарламалары бойынша өтеді. Оқыту әдістемелік қолдау және сандық білім беру ресурстары түріндегі мультимедиялық материалмен, мұғалімдер үшін алдын ала дайындалған сабақ жоспарларымен қамтылады.
– 7 сәуірден бастап Қарағанды облысында карантиннің күшейтілген режимі енгізілді. Ал, Сіздер шалғай ауылдардағы шағын мектептер дәстүрлі формада оқытады деген болатынсыздар. Бұл үрдіс карантин талабына қарама-қайшы емес пе?
– Қазіргі таңда облыстың барлық 507 мектебі қашықтықтан оқытуға (199 441 оқушы) көшті. Оның ішінде 209 қала (155 422 оқушы) және 298 ауыл мектептері (44 019 оқушы) бар.
– Мамандандырылған мектептерге тоқталсақ. Облыстағы НЗМ, «Мұрагер», «БИЛ», «Дарын» секілді мектептер оқытудың онлайн жүйесін таңдағаны белгілі. Егер, әлдебір жағдайлар орын алып, қаланың кейбір аудандарында электр жарығы болмай қалған жағдайда онлайн сабақты жалғастырудың баламалы формасы қарастырылған ба?
– Егер оқушы бір себептермен онлайн сабаққа қатыса алмаса, кейін оқушы сабақ бойынша барлық материалды мұғалімнің кабинетінен жүктеп оқи алады. Мұғалімнің кабинетінде барлық қажетті материалдар тіркеулі. Сабақ бойынша оқушының қосымша сұрақтары болған жағдайда ол тікелей мұғалімге хабарласып, сұрақтарына жауап ала алады. Жалпы, қашықтықтан оқыту үнемі онлайн емес, сонымен қатар, кері байланыс қағаз түрінде, электронды пошта арқылы, теледидар арқылы, әлеуметтік желілер, хат алмасу ретінде жүргізіледі. Ал, мамандандырылған мектептерде оқыту онлайн форматта жүргізілгендіктен, оқыту sdot.bilimal. kz, daryn.online, sabak.kz, google. classroom.com, Еdu Рage платформалары арқылы және skype, zoom бағдарламалары арқылы ұйымдастырылады.
– Қашықтықтан білім алу жөнінде ата-аналар арасында әртүрлі пікірлер туындауда. Жалпы, Қарағанды облысы қашықтықтан оқытуға дайын ба? Қанша оқушы интернетпен қамтылды?
– Мұғалімдер және оқушыларымыз қашықтықтан оқытуға дайын. Ол үшін мектеп қорынан аз-қамтылған отбасылардан шыққан оқушылар мен мұғалімдерге уақытша тегін пайдалануға компьютерлер берілді. Сол үшін жергілікті бюджет қаржысына планшеттер мен компьютерлер (44 млн. теңге сомасына 1049 планшет (Қарағанды қ.) және 23,9 млн. теңге сомасына 150 компьютер (Балқаш қ.) сатып алынды.
Оған қоса, барлық оқушылар мен педагогтерге логиндер мен парольдер беру жұмысы аяқталды. Мұғалімдерге онлайн режимінде оқыту жүргізілді. Сонымен қатар, сынақ түрінде онлайн-сабақтар (166 544 баланы қамтитын 16 329 сабақтар) мен атааналарға қашықтықтан жиналыстар (315 мектепті қамтумен), бірнеше брифингтер өтті.
– «Қазпошта» шалғай ауылдарға мұғалім тапсырмасы тұрмақ, мерзімдік басылымдар мен хат-хабардың өзін жинап-теріп, аптасына бір-ақ мәрте апаратыны белгілі. Бұл туралы редакцияға оқырмандар жиі шағымданады. Ал, оқытудың бұл тәсілінің каникулдан айырмасы болмай қалмай ма?
– Ауылды елді-мекендерде оқушылармыз арнайы кестеге сәйкес «Еларна» және «Балапан» телеарналары арқылы дәріс алады. Сонымен қатар, қосымша оқыту қағаз түрінде де жүргізіледі. Мектеп тарапынан тапсырмалар әзірленеді. Жергілікті әкімдіктер арқылы және Қазпошта бөлімшері бар елді мекендерде пошта арқылы оқушыларымызға тапсырмалар жеткізіледі.
– Оқырмандарымызға түсінікті болуы үшін осы жүйенің механизмін жанжақты түсіндіре кетсеңіз…
– Негізгі білімді оқушылар телеарналар арқылы алады. Ал, мұғалімдер әрбір оқушыға тапсырма дайындайды. Бұл тапсырмалар сабақ тақырыбына түсініктеме, қосымша тапсырмалар және үй тапсырмасынан тұрады. Дайын тапсырмаларды жергілікті әкімшілік өкілі аптасына екі рет мектептен алып кетіп оқушылардың үйлеріне таратады. Оқушы үй жұмысын орындап, түсінбеген сұрақтарын көрсетіп мұғалімге жібереді. Осылай мұғалім мен оқушы арасында кері байланыс орнайды. Бұл әрине күрделі болуы мүмкін. Бірақ, біздің бірінші міндетіміз – оқушының сабақты меңгеруі. Сонымен қатар, оқушылар 1,2,3 тоқсандарда әр пән бойынша негізгі білімдерін алды. 4 тоқсан бұл өткен негізгі тақырыптарды қайталау уақыты.
– Негізгі білім демекші, орта арнаулы оқу орындарының (колледждер) студенттері жатақханалардың карантинге жабылуына байланысты ауылдарынан оқуға мәжбүр. Алайда, кең жолақты интернет бармаған ауылдардың балалары тау жағалап кеткенін әлеуметтік желіден көріп отырмыз. Осы мәселені оңтайландыру мақсатында қандай шаралар атқарылмақ?
– Кең жолақты интернет желісі жетпеген елді-мекендерде тұратын студенттерге қашықтықтан оқыту – дәрежелеріне сәйкес тапсырмалар, дәрістер Қазпошта желісі арқылы жіберіліп, кері байланыс та сол жолмен қабылданып жатыр. Сонымен қатар, жергілікті әкімдіктер де өз үлесін қосуда. Wi-Fi желісін студенттерге тегін тарату арқылы уақтылы дәріс алуға көмек көрсетуде. Бүгінгі күні интернет желісімен қамтамасыз етілмеген ауылдық жерлерде 1073 студент бар. Олармен кері байланысты топ жетекшілері ұялы телефон, WhatsApp мессенджері арқылы жүргізеді. Төтенше жағдайға байланысты бір айға жуық студенттеріміз қашықтықтан білім алуда. Алғашқы кезенде қиындықтар туындағанымен, бүгінгі таңда оқу үрдісі жүйеленді. Қалай болғанда да, тура қазіргі уақыт – сандық технология сыналар сәт.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Аяулым СОВЕТ.