Ержан Нұрлыбаев: «Үйде отыру немесе денсаулығыңызды тәуекелге тігу – өз таңдауыңыз»
Қоғамда коронавирус инфекциясына сенбейтін адамдар бар. Олар қабылданған шектеу шараларын сақтағысы келмейді. Бұл індеттің таралуын тоқтатуға айтарлықтай қиындық туғызары анық. Соған орай, облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев әлеуметті толғандырған бірқатар сұрақтарға жауап берді.
– Көптеген адамдар коронавирусқа байланысты қатаң шаралар қажеттігіне күмән келтіреді. Бұл жағдайда не істеуге болады?
– “Коронавирусқа сенбеймін және науқастар жоқ” деген не сөз?! Карантин көңіл көтеріп, ермек үшін енгізіліп отырған шара емес, жұқтырудың алдын алу, әлеуметтік байланыстарды бұзу үшін, адамдарды үйде оқшаулап отырмыз. Осылайша инфекцияның таралуын, берілу жолын тоқтатпақпыз.
Таңдау өздеріңізде: үйде отыру немесе денсаулығыңызды тәуекелге тігу. Әрине, ерік пен шыдамсыз болмайды. Бірақ өзін-өзі оқшаулау – жұқтыру мен таралудың алдын алудың ең тиімді тәсілі. Бұл қатаң карантиндік шаралардың тиімділігі індеттің таралу деңгейі төмендеген Қытай және басқа да елдерде тексерілген.
Анықталған ошақтарды біз оқшаулай аламыз. Ауру адамдарды алып кету. Дезинфекция жүргізу. Шартты түрде байланыста болғандардың қозғалысын уақытша толық шектеу.
Коронавируспен ауырып қалғанын барлығы бірдей ашық айтуға дайын емес. Теріс әсерден қорқады. Кейбіреулердің ауру жоқ деп санайтыны осыдан. Екіншіден, емдеу арнайы бокстарда, оқшауланған үй-жайлар мен бөлімшелерде жүргізіледі. Ауырғандар да психологиялық жарақат алады. Медициналық көмектің тиімділігін сезінген соң, біраз уақыттан кейін ғана тынышталады.
– Неліктен емдеу курсы ұзақ және жазылғандар саны аз?
– Науқасты шығару үшін біз талдаудың теріс нәтиже бергеніне сенімді болуымыз керек. Тіпті стационардан шыққаннан кейін де бұл пациенттер тағы 14 күндік үй карантиніне жатқызылады. Оларды бақылау жалғасуда. Вирус аяғына дейін қалай көрінетіні белгісіз. Адамның иммунитетінің арқасында инфекция симптомдарсыз өтетін болса да, вирустың ағзадан шығуына уақыт қажет.
Емдеу барысында біз тәсілдерді ауыстырамыз, жаңа препараттар енгіземіз.
Мысалы, пациенттердің біреуі стационарда 20 күннен артық ем алған соң жібердік. Бірінші емдеу курсы аяқталғаннан кейін талдау нәтижесі оң болып қала берді. Ол емін жалғастырды, қайта талдаудан кейін екі тест теріс нәтиже берді. Тек, сонда ғана үй карантиніне жіберілді. Стационарға түскен кезде оның жағдайы ауырлықтың орташа дәрежесі ретінде бағаланған болатын. Жалпы жағдайда көрінетін ілеспе аурулары болды. Бірақ дәрігерлер толыққанды ем жүргізді.
– Егер адам сау болса және қауіп төндірмесе, неге серуендеуге болмайды?
– Шектеулер – бұл амалсыз шара екенін тағы да қайталап айтамын. Онсыз біз коронавирустық инфекцияның таралуын тоқтатпаймыз.
Біз адамдарды таза ауаға шығу мүмкіндігінен айырып жатырмыз деген шағымдар келіп жатыр. Бірақ бөлмені желдету секілді әдіс бар емес пе? Терезелерді, балкондарды ашыңыз, пәтеріңізге таза ауа жіберіңіз. Және мұны үнемі жасау керек.
Құрметті жерлестер! Біз сіздердің көпшіліктеріңіз мәжбүрлі оқшаулау жағдайларын оңайлықпен өткере алмай жатқандарыңызды түсінеміз. Қауіпті ауру сіздердің үйлеріңізге келмеу үшін шыдамдылық танытыңыздар. Өздеріңізді және жақындарыңызды қорғаңыздар!