Ержан Нұрлыбаев: “Қарағандыда карантин жариялауға негіз жоқ”
Қарағанды қаласында екі адамның коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталды. Олар кеншілер шаһарына 18 наурыз күні “Минск – Нұр-Сұлтан” рейсімен ұшып келген. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ержан Нұрлыбаев Аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлімдеді.
“Коронавирус инфекциясы екі әйелден анықталды. Олар ұшақ қонған сәттен бастап бірден карантинге алынды. Сырқатқа шалдыққан азаматтар бір-біріне жақын туыс болып келеді. Ағзаларында вирустың бар екені зертханалық сараптама барысында анықталды. Қазір олардың денсаулығы қанағаттанарлық. Ал, өзге жолаушылардан коронавирус белгілері анықталған жоқ”, – деді Ержан Нұрлыбаев.
Сонымен қатар, коронавирус инфекциясы анықталған азаматтардың сырттан келгенін және жергілікті тұрғындармен байланысқа түспегенін айтқан басқарма басшысы әзірге қалада карантин жариялауға ешқандай негіз жоқ екенін атап өтті.