Бас тақырыпСпорт

«Ертісті» есеңгіретті

Хоккейден ел чемпионатының да аяқталуына көп қалған жоқ. Бақсақ, 10 ойынның әржақ-бер жағы қалған екен. Ал, қарағандылық «Сарыарқаның» ойыны былтырғыға қарағанда көңіл қуантарлық. Күні кеше өз айдынында павлодарлық «Ертісті» қабылдап, 10:0 және 12:0 есебімен жеңіске жетті. Сәйкесінше, турнир кестесінде үздік үштіктің қатарында.

Ертіс сонау жылдары, атап айтсақ, 2019-2020 жылғы маусымда тамаша өнер көрсеткен клуб. Тіпті, соңғы турға дейін чемпиондықтан үмітті еді. Тек, сол жылы бар болғаны гол айырмашылығымен көкшетаулық «Арланнан» қалып қойып еді. Содан кейін павлодарлықтар ел чемпионатының үздіктер қатарына іліге алмай жүр. Нақты айтсақ, «Қауіпті аймақтан» әрі аса алмай келеді. Биылғы чемпионатты да ең соңы орынмен аяқтап қалуы да бек мүмкін…

Биыл қарсыластар маусым басында павлодарлық «Құлагерге» қарсы ойыннан бастап еді. Қос кездесуде де жеңіліп қалды. Содан бері жеңген клубтарының қатары аз. Бүгінде олар чемпионат аясында 20 кездесу өткізіпті. 20 ойында небәрі бес ұпай ғана еншілей алған.

Ар, қарағандылықтарға – ұпай қажет. Мақсат – чемпиондық атақ. Сондықтан, олар соңғы турларда тек жеңулері қажет. «Сарыарқаны» жанкүйерлер өз айдынында ауыздық салдырмайтынын жақсы біледі. Бұл жолы да олар жанкүйерлерін жерге қаратпады. «Ертіске» қарсы өткен кездесудің бірінші ойынында алаң иелері 10 шайба салып, ірі есепті тіркеді.

Қарымта кездесуде де 12 шайба салып, кешегісінен асып түсті. Жалпы, хоккей жанкүйерлері қарымта кездесулердің тартысты өтетінін жақсы білетін-ді. Бірақ, бұл жолы олай болмады. Қарымта кездесуде жерлестер керісіне, қарсыластардың осал тұсын тапқан секілді. Шайбаны бірінен соң бірін тоғытып, жанкүйерлерге ерекше эмоция сыйлады.

Бүгінде турнирлік кестенің көшін елордалық «Nomad Astana» клубы бастап тұр. Еншілерінде – 46 ұпай. Дегенмен, бұл клубтың әлі де ойналмаған екі ойыны бар. Ал, екінші сатыға Қарағандылықтар жайғасса, ІІІ орында 40 ұпаймен өскемендік «Torpedo» клубы. Айта кетейік, олардың да әлі ойналмаған екі ойыны бар. Үздік үштіктің қатарындағы клубтар басқа клубтарға қарағанда әлдеқайда көші ілгері. Яғни, ұпай айырмашылығымен бірелі алға шығып кеткен. Сондықтан, биыл чемпиондыққа «Сарыарқа» таласып қалады деген сенім бол. Ол үшін қалған ойындардың бәрін тек жеңіске жетулері қажет.

Айта кетейік, өз алаңында ойқастаған «Сарыарқа» шабуылшылары – олжалы. Олай дейтінім, соңғы қос ойында шайба салып, көзге түскен ойыншылар сұрмергендер тізіміндегі орнын жаңартты. Атап айтсақ, жалпы 33 ойынға қатысып, 12 шайба салып, 21 голдық пас берген шабуылшы Артем Лихотников көш басына шықты. Одан кейін, 31 ойында 10 шайба салып, 21 голдық пас берген әріптесі Александр Борисевич те өкшелеп келеді. Ал, 28 ойында 17 шайба салып, 11 голдық пас берген Данила Карабан бұл тізімде алтыншы сатыда тұр.

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button