Ертіс-Баян бейнесі
Облыстық бейнелеу өнері мұражайында Қазақстан Суретшілер одағының 90 жылдығына арналған Павлодар суретшілерінің «Ертіс даласы» атты көрмесі ашылды. Көрме 22 автордың кескіндеме, графика және сәндік қолөнердің 137 туындысын ұсынды. Марапаттау рәсімімен басталған шарада көрмеге шығармаларын ұсынған қатысушыларға мақтау қағаздары берілді.

– Біз Қарағанды облыстық бейнелеу өнер музейіне Павлодар облысындағы Қазақстан Суретшілер одағы мүшелерінің суреттерін алып келдік. Оның ішінде 15-20 шақты суретшінің еңбегі бар. Аз уақыт ішінде 137 жұмысты қолға алдық. Жұмыстарды Павлодар облысының Ертіс-Баян өңірінің мәдениеті, салт-дәстүрі, табиғаты, жерінің көрінісі ретінде Қарағанды халқына ұсынып отырмыз, – деді Нағымбек Нұрмұхаммедов атындағы Павлодар облыстық көркемсурет музейінің басшысы Ақертіс Солтанбаев.
Көрме қатысушысы Әнуар Игембаев: «Биыл Суретшілер одағына 90 жыл толып отыр. Соған байланысты облыстық «Ертіс даласы» атты үлкен көрменің ашылуына 130-дан астам сурет алып келдік. Соның ішінде, өзімнің 9 жұмысым бар. Әр жұмысым әр түрлі бағытта. Суреттеріміз қасиетті, киелі туған жеріміз Ертіс-Баян өңірін халыққа танытуға арналған. Жұмыстарымның бірі «Жанұя» атты туындымды Қарағанды облыстық бейнелеу музейіне Павлодар суретшілері атынан сыйға тартпақпын», – деп өз ойын білдірді.
Көрмеге қойылған туындыларда тарихи маңызы бар киелі орындар мен нысандар, және портреттер, көне аспаптар бейнеленген. Көркемсуреттерден Ертіс-Баян өңірінің сұлу табиғатын, Павлодар қаласының әсем бейнесін көруге болады. Атап айсақ, Әнуар Игембаевтың «Аңшы», «Дастархан» және Алтын Қисамиденованың «Летний вечер 2018», Зура Асылғазинаның «Қыс», «Көш», Рысбек Стыбаеваның «Қол диірмен», «Озеро Торайгыр», Ақертіс Солтанбаевтың «Баянауыл», «На берегу Иртыша 2019 г» туындысымен қатар, Көкен Темірғалиевтің «Ана – Жер-Ана», Сисенғали Тіленбаевтың «Көкпар» шығармалары көрмеде ерекше көзге түсті.
Туған жердің, шексіз даланың, құдіретті Ертістің сұлулығы павлодарлықтардың шығармаларында сонадайдан менмұндалап тұр.
Республикалық және халықаралық көрмелерге қатысу, Павлодар өңірінің шығармашылық әлеуетін таныстыру – суретшілер үшін жаңа сюжеттерді, нысандарды, идеяларды іске асыру жолын іздестірудегі маңызды міндет.
Көрме 9 шілдеге дейін жалғасады.
Қарақат ҚҰРМАШЕВА,
Еуразия Ұлттық университетінің II курс студенті.