АймақБалқаш

Ертегілер еліндегі ерекше сәт

М.Хамзин атындағы мәдениет сарайында мүмкіндігі шектеу­лі балаларға арналған жаңажылдық шырша кеші өткізілді. Балқаш әкімдігінің қолдауымен ұйымдастырылған мерекелік шараға 217 бала қатысты. Оларды Балқаш қаласының әкімі Сапар Сатаев келе жатқан Жаңа жылмен құттықтады.

Сурет автордан

– Сіздер, қаламыздың жаңа­жылдық шыршасын мерекелеу үшін жиналдыңыздар. Бұл аға-буынның өздеріңіздей өнегелі өскелең ұрпаққа көрсеткен құрметі. Бұл күні әр баланың арманы мен тілектері орындалып, қуанышқа бөленуі тиіс. Біз әр бүлдіршіннің жүзінен қуаныш пен шаттық лебін көрсек, атқарған ісіміздің зая кетпегені деп санар едік. Жаңа жыл жаңа бақыт, береке әкелсін! – деді Сапар Сатаев.

Сонымен қатар, мерекеге келген барлық балаға шаһар басшысының атынан сыйлықтар үлестірілді.

Шырша мерекесінде балақайлар ертегі кейіпкерлерінің ерекше қойылымын тамашалады. Түрлі әндер шырқалып, театрландырылған қойылым көрсетілді. Балалардың жүздері бал-бұл жайнап,  шаттана би билеп, ән салды. Мәдениет сарайының іші балалар үшін жаңалық пен жұмбаққа толы таңғажайып ертегілер мекеніне айналды. Қызықты кешке жиналған балалар мерекенің басты қонақтары Аяз ата мен Ақшақар, Алдар көсе, Барби, Саққұлақ, Таусоғар, Бай, Желаяқ, Круэлла, Қоян, Ұлуды және келе жатқан Жыланды көргенде қуанышында шек болмады. «Томирис», «Аяла» бастаған би ұжымдары би билеп, мерекенің шырайын аша түсті. Қамкөңіл балаларды әлеуметтік ортаға бейімдеу, олардың бойына өмірге деген құштарлық нәрін себу мақсатында ұйымдастырылған игі шара балаларды ертегілер әлеміне жетелеп әкетті.

– Жаңа жыл шыршасына Балқаш қаласының әкімі арнайы қатысып, барша бүлдіршіннің арманы мен тілегінің орындалуына тілектестігін білдіріп жатыр. Қаламыз бойынша 359 бала шыршаға қатысуы керек болған. 217 бала мерекелік шыршаны тамашалады. Қалғаны денсаулығына байланысты қатыса алмады. 7 баланы арнайы үйіне барып құттықтадық. Сонымен қатар, барлық балаға жаңажылдық сыйлықтан бөлек қалалық бюджеттен әр балаға 20 мың теңге берілді, – дейді Мүгедектігі бар балалар мен 18 жастан асқан психоневрологиялық аурулары бар адамдарға үйден арнау­лы әлеуметтік қызмет көрсету бөлімшесінің меңгерушісі Жайнагүл Тасымбекова.

Нұрдос КӘРІМ,
БАЛҚАШ
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button