Руханият

Ертегідегі өмір шындығы

Сараңдық пен іштарлықтың адамзатқа опа әпермейтіні бесенеден белгілі. Шыр етіп жерге түскенде адамзат аппақ матадай тап-таза болады емес пе?! Өмір өзі оны бір арнаға салады. Арнаның тузу я қисығы да – адамзат пиғылынан. С.Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры төрінде тұсауы кесілген «Әли баба және қырық қарақшы» ертегісі желісімен қойылған қойылымнан да алар тағылым осы. Қойылым екі тілде сахналанды.

Сурет ұйымдастырушылардан

Жалпы театрдың қуыршақ труппасы екі жылдан бері қарағандылық кішкентай көрермендерге қазақ тілінде қуыршақ қойылымдарын көрсетіп келеді. Бұл болашақ қазақ қоғамы үшін маңызы зор іс.

– Бүгінгі таңда балалардың көк жәшік пен ұялы телефоннан көретіні орыс тіліндегі түрлі видеолар. Сосын ол балалардың тілі неге орысша деп таңданамыз. Біздің қойылымдарды қазақшаландыруымыздың бірден-бір себебі осы, – дейді қойылымның қоюшы режиссері Антон Зайцев.

Расында, бұл пікірдің жаны бар. С.Сей­фуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театры өзінің 92-ші маусымын шығармашылықтағы бір­қатар табыстарымен аяқтады деуге толық негіз бар.

Адамзат жаратылысының әуелгі шені мен шарықтау шегін, сезім мен махаббат, достық пен сатқындықты сөз еткен талай туындының тұсауын кесіп, көрермен санасына ізгілікпен сіңіре білді. Бір «Айсұлу» қойылымының өзі – әлі көрермен аузында. Ол аз десеңіз, бүгінде театр мюзикл жанрына да ерекше көңіл бөлуде. Ғ.Мүсіреповтің «Қыз Жібек» музыкалық драмасының премьерасы – соның айғағы. Сонда актерлік шеберлік пен әншілік таланттың ауылы алыс болмағаны ғой?! Әрине, қос тізгінді қатар ұстап, бір арнаға бағыттай білген Сәкен театрының ұжымына көрермен қауымның алғысы мол.

Әли баба мен Қасымның басынан өткен оқиғалар кішкене көрермендерді бейжай қалдырмады. Олар іштарлық пен жауыздықтың адамзатқа қауіпті екенін аңғарғандай.

– Әли баба жақсылығының арқасында қарақшыларға ұсталмады. Ал, жауыз ағасы Қасым сараңдығының салдарынан қарақшы қылышынан өлді, – дейді қойылымның кішкене көрермені Медина Мұратова.

Жан АМАНТАЙ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button