Руханият

Ертегі кейіпкері сахнаға шықты

Жақында қиялы жүйрік тапқыр балалардың басын қосып, Қарағанды қаласының «Шырақ» тілдерді оқыту орталығы тамаша сайыс өткізді. Көрінбей кеткен кейіпкер сахнаға шықты. Қаланың білім ошақтарынан жиналған бүгінгінің «Тазша балалары» көне ертегілердегі «Тазша» бейнесін жаңғыр­тып сайысқа түсті.

Сурет: автордан

Мектеп оқушылары арасында ұлттық рухани мұраны ұлықтау және өтірік өлеңнің қазақ халық поэзиясынан алатын орны туралы түсінік беру, балалардың ұшқыр қиялын дамыту мақсатында ұйымдастырылған «Тазша бала» өтірік өлең сайысында 5-7 сынып оқушылары қатысты.

Ертегінің сан алуан кейіпкерінің арасында «Тазша бала» атты кейіпкер жүретінін білеміз. Ол ертегінің өн бойында ақылды, айлалы, тапқыр кейіпкер ретінде суреттеледі. Небір қиын сындардан өтіп, ақыл-айласының арқасында үнемі жеңіске жетіп отырады.

Сайыстың шарты да оңай болған жоқ. Әуелі кішкене өнерпаздар түрлі тақырыпта 5-6 шумақ өтірік өлең оқудан жарысқа түсті. Одан әрі тапқырлығы мен өлең шығаруға бейімін танытатын екінші кезеңде өтірік өлеңді жалғастырып айтып жарысты. Экраннан көрсетілген суреттер бойынша өз қиялынан өтірік өлең құрастыру сынды кезеңнің тапсырмасы қатысушылардың шын мәніндегі мықтылығын танытатын сайыс болды десек, қателеспеспіз.

Екінші-үшінші кезеңінің шарты ойландыратын сайысты бағалау қазылар алқасына оңайға соқпады. Шешім шығару барысында баланың жатқа оқу шеберлігіне, дауыс мәнері және тіл тазалығына, тапқырлығы мен сахналық мәдениетіне мән берді.

Өзара бақ сынасқан 9 оқушының ішінен үшеуі топ жарып шықты. Атап айтсақ, кішкентай «Тазша бала» ретінде әл-Фараби атындағы мектеп-гимназия оқушысы Ерасыл Наурызбай І орын, №17 жалпы білім беру мектебінен Аңсар Сержан ІІ орын, ал, Мағжан мектебінің оқушысы Нұралы Жангелді ІІІ орынды иеленді.

Байқаудың жеңімпаздары қазылар алқасының дауыс беру қорытындысы бойынша анықталып, барлық қатысушылар диплом, Алғыс хатпен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды. Сондай-ақ, салмақты сайысқа оқушыларын баптап әкелген ұстаздарға да Алғыс хат берілді.

Қазақстан Республикасының тіл саясатын дамытудың 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында өткізілген іс-шараның берері мол демекпіз. Өтірік өлеңді ауыз әдебиетінің бір түрі ретінде ғана бағалап кету аздық етеді. Ол дегеніңіз – нағыз идеология құралы. Қоғамда болып жататын келеңсіздіктерді де қозғап, әшкере ете алатын әлеуеті бар өнер түрі. Айтпағымыз, оқушының өресі мен өнерін, дүниетанымын салмақтайтын «Тазша бала» өтірік өлең сайысы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып отырса, абзал болар еді.

Жұпар ЖАҚАН,
Қарағанды облысының тілдерді дамыту жөніндегі басқармасы жанындағы Ресурстық тіл орталығының бөлім меңгерушісі.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button