Ертеңнің кепілі – еңбек мектебі
Еліміздегі техникалық бағыттағы алдыңғы қатарлы оқу орындарының бірі – Қарағанды техника-құрылыс колледжі. Бұл оқу орны техникалық және кәсіптік білім беруде жастардың табысты мансап бастауына нақты мүмкіндік ұсынып отыр. Биыл «Жұмысшы мамандықтарының жылы» аясында колледж одан әрі көкжиегін кеңейтіп, жаңа белестерге қадам басуда. Білікті маман дайындауда жетекші оқу орындарының біріне айналған.

Жұмысшы мамандарының маңызы артты
Жарты ғасырлық тарихы бар Қарағанды техникалық-құрылыс колледжінде бүгінде он бес мамандық бойынша 1 000 студент біліп алуда. Бұл мамандықтар екі бағытты қамтиды. Біріншісі – құрылыс, екіншісі – дизайн. Яғни, бірінші бағыттағы мамандықтар – техник-құрылысшылар, кең бейінді құрылыс шеберлері, бейін жобалаушы-сәулетші десек, екінші дизайн бағытында интерьер-дизайнері, ландшафт-дизайнері, техник-дизайнері мамандықтары бойынша білім алады.
– Біз биыл мемлекеттік тапсырыс негізінде 390 бала қабылдаймыз деп жоспарлап отырмыз. Былтыр 340 студент қабылданды. Өздеріңіз байқағандай, биыл 50 орынға көбейттік. Жыл сайын 300 түлек оқуын тәмамдап шығады. Биыл да 300 студент мамандық алып шықты. Техник мамандығына төрт жыл, ал, жұмысшы мамандықтарына 2 немесе 3 жыл оқиды. Ал, биыл 2025 жылды Президенттің «Жұмысшы мамандықтарының жылы» деп жариялауы бізге зор серпіліс берді. Қоғамдағы жұмысшы мамандықтарының мәртебесін көтерді. Осыған орай жыл бойына көптеген іс-шаралар жүзеге асты. Мұның баршасы жұмысшы мамандық туралы ата-ана мен баланың көзқарасын түбегейлі өзгертті деп нық айта аламыз, – дейді колледж директоры Әсел Сапарова.
Мұнда студенттер тек мамандықты меңгеріп қана қоймай, қазіргі экономиканың сұранысына сай бәсекеге қабілетті маман ретінде қалыптасады. Оқу процесі тәжірибеге бағытталған. Алғашқы курстан бастап, білім алушылар заманауи жабдықтармен жұмыс істейді. Мамандану бағыттары сәулет, құрылыс, ландшафт және өндірістік дизайн, дәнекерлеу ісі, жиһаз өндірісі, ақпараттық қауіпсіздік және басқа да салаларды қамтиды.
Сондай-ақ, мұнда BIM-жобалау, зергерлік іс, дәнекерлеу жұмыстары және өзге де бағыттарды қамтитын 20-дан астам шеберхана мен зертхана бар. Бұл орталықтар студенттердің кәсіби дағдыларын жетілдіруге және еңбек нарығына бейімделуіне мүмкіндік береді.
Заманауи жабдық – сапалы білім кепілі
Колледж ұжымы – магистрлер, ғылыми зерттеушілер, салалық сарапшылар мен жоғары санатты ұстаздардан құралған. Оқу процесінде BIM-технологиялары, автоматтандырылған жобалау жүйелері және жаңа бағдарламалық кешендер енгізілген.
«Заманауи жабдық – сапалы білім кепілі», – дейді колледжде бір жылдан астам жұмыс істейтін өндірістік оқыту шебері Дархан Біләлов.
– Осы уақыт ішінде аталған оқу орнының мүмкіндіктерін терең танып үлгердім. Колледж толықтай заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген, оқытуға қажетті құралдардың барлығы талапқа сай. Бірінші кезекте қауіпсіздік техникасы ескеріліп, студенттер құрылғылармен жұмыс істеуді нөлден бастап үйренеді. Заманауи құрылғылармен оқыту барысында жоғары нәтижелерге қол жеткізуге болады. Мысалы, студенттер виртуалды маска киіп, өздері таңдаған режимде жұмыс істеуді меңгереді. Сондай-ақ, өндіріс саласына арналған үлкен диаметрлі құбырларды жалғауға арналған кәсіби дәнекерлеу құрылғысы да колледж базасында бар. Яғни, барлығы оқу процесіне бейімделіп орнатылған әрі жұмыстарды тікелей колледж жағдайында орындауға мүмкіндік бар. Атап айтар болсақ, қажетті жиһаздар мен дәнекерлеу жұмыстарын да студенттер өздері жасайды. Ал, оқу орнының материалдық-техникалық базасы заман талабына сай әрі студенттер теориялық біліммен қатар, өндірістік тәжірибеден де өтетіндіктен, көпшілігі біздің оқу орнымызды таңдайды, – дейді Дархан Біләлов.
Колледж шеберханалары жаңа оқу жылына сақадай сай. Осылайша, оқуға енді түсетін студенттер шеберханаларда білім ошақтарын жаңғыртуға арналған «Жас маман» мемлекеттік жобасы бойынша алынған заманауи құрал-жабдықтармен оқытылмақ.
Баспасөз туры барысында БАҚ өкілдері колледждегі заманауи жабдықтармен жабдықталған дәнекерлеу ісі, ағаш ұсталығының шеберханасы, жиһаз өндірісі, макеттік жобалау, плиткамен қаптау, BIM – жобалау кабинеті, дизайндағы компьютерлік жобалау, ландшафтық архитектура, т.б. шеберханаларын аралады.
Мәселен, плиткамен қаптау шеберханасында керамикалық плиткаға ою-өрнектер салады, композициялық жұмыстар жасайды. Биылғы «Жұмысшы мамандықтарының жылы» логотипін колледж студенттері керамикалық плиткаға оюлапты. Логотип шеберхананың кіреберісінде тұр. Мұнда жұмыс жасап жатқан студент Айдын Аяғанов «Керамикалық плиткалар әр үйде, әрбір ғимараттарда бар. Мұнымен жұмыс жасап үйрену де – өнер», – дейді ол.
– Құрылыс – өлмейтін мамандық, – дейді «Техник-құрылысшы» мамандығында оқып жатқан студент. – Осы салада жұмыс әрқашан табылады. Бала кезімнен құрылыста жұмыс істеген ұнайтын. Бұл мамандыққа келуімнің себебі де осы. Осындай шеберханаларда жұмыс істегенде мамандығыма қызығушылығым артады. Колледжде біз үшін барлық жағдай бар, – деді Айдын Аяғанов.
Мәселен, Айдын биыл өткен өңірлік WorldSkills-2025 чемпионатында І орын алып, республикалық чемпионатқа жолдама алған.
Колледж өз студенттерінің оң нәтижелерімен, жоғары жетістіктерімен мақтана алады. Мәселен, WorldSkills кәсіби шеберлік чемпионаттарында олар бірнеше рет «Плиткамен қаптау», «Кірпіш қалау» және «Флористика» құзыреттерінде республикада ғана емес, сонымен қатар, еуропалық жарыстарда бақ сынап, ел намысын қорғады. Оқу орны мұндай түлектерді болашақ мамандарға тәжірибе беру үшін шеберлер мен оқытушылар ретінде жұмыс істеуге қалдырады.
Колледж BIM – жобалау атты жаңа мамандықта оқытады. Оны «болашақ мамандығы» деп атайды. BIM (Building Information Model) – ғимаратты ақпараттық модельдеу, яғни, ғимарат шашыраңқы сызбалар мен сметалар емес, бір объект ретінде қабылданатын ақпараттық модель.
Сұранысқа ие мамандар дайындайды
– Дәнекерлеу ісі бойынша түлектер әрқашан жүз пайыз жұмыспен қамтылады, – дейді колледж директоры Әсел Сапарова. – Жыл сайын біз осы мамандыққа 25 адам қабылдаймыз. Мамандық түлектері оқу орнын бітіргеннен кейін еңбекақысы көңілден шығатын жақсы жұмысқа орналасады. Мысалы, колледждің жанында «ЦентрЭнергоМеханизация» компаниясы орналасқан, оның директоры – біздің қамқоршылық кеңестің төрағасы және түлектерді қуана қабылдайды. Кәсіпорында 3-4 жыл жұмыс істейтіндері айына миллион теңгеге дейін табыс табады. Жалпы түлектердің жұмысқа орналасуы шамамен 90%-ды құрайды, алайда әртүрлі жағдайға байланысты мамандығы бойынша жұмыс істеп жатқандары тек – 57%. «Техник-құрылысшы» және «кең бейінді шебер-құрылысшы» мамандықтары шеңберінде биылғы оқу жылында «бүйірлік мамандық» (боковая профессия) енгізіледі.
Сондай-ақ, бірнеше жаңа оқу бағдарламалары пайда болады. Олардың бірі – жылжымайтын мүлікті басқару. Колледж сымдарды жөндей алатын, істен шыққан сантехниканы ауыстыра алатын, жылытуды реттейтін, бүлінген жиһаз бұйымдарын қалпына келтіретін шеберлерді дайындап шығарады. Мұндай мамандар қазір үлкен тұрғын үйлерді, тіпті, бүкіл кешендерді бақылайтын басқарушы компанияларға өте қажет.
«Ландшафт дизайнері» мамандығын таңдап келген абитуриенттің анасы колледжде шеберлікпен қатар, шығармашылықты да шыңдауға мүмкіндік бар екенін айтады.
– Балам – шығармашыл. Осы колледжді таңдауы да содан. Заманауи шеберханалар студенттерге мол мүмкіндік ұсынады. Тағы бір айта кетерлігі, студенттер теориямен ғана шектелмей, тәжірибені қатар алып жүретіндігі. Бұл – өте жақсы мүмкіндік. Ал, «Ландшафт дизайнері» сұранысқа ие мамандық. Себебі, қаламыз, әлбетте, көгалдандыруға мұқтаж, – дейді ата-ана Наталья Беспалова.
Ал, колледждің ІІ курс студенті Жолболды Марғұлан болса, жиһаз өңдеу мамандығын игеруде. Аталған оқу орнына өз қалауымен келген. Себебі, бүгінде жиһаз өндірісі сұранысқа ие.
– Келер күнге мақсат айқын. Алдағы уақытта арнаулы цех ашпақ ниетім бар. Онда корпусты әрі жұмсақ жиһазды көптеп өндіргіміз келеді. Осы уақытқа дейін түрлі жиһаз үлгісін бағдарлау амалдарын үйрендік. Тәжірибеден де кідірмей өттім, – деп ой тұжырды ол.
Колледждің 30 түлегі – ең ірі құрылыс компаниясында
Оқу орны облыстағы жетекші кәсіпорындармен тұрақты әріптестік орнатқан. Атап айтқанда, «Аспап» ПК, «Стройка и К» ЖШС, Alina Group, «КТК Строй» ЖШС, «ЖАККО Караганда» ЖШС, «Сантехпласт» ЖШС және басқа да ұйымдар студенттерге нақты өндірістік тәжірибе және жұмысқа орналасу мүмкіндігін ұсынады.
Бүгінде дуальды оқыту алты мамандық бойынша жүзеге асырылады. Бұл жүйеге Қарағанды қаласының 20-дан астам кәсіпорын базасында тәжірибелік дайындықтан өтетін 289 студент қатысады. Олардың қатарында «Жилой фонд» ЖШС, Prof Invest, «Центэнергомеханизация» ЖШС, №1 эксперименттік зауыт және кадр ресурстарының сапалы пулын құруға мүдделі қаланың басқа да негізгі кәсіпорындары бар.
Қарағанды техника-құрылыс колледжі 2019 жылдан бері қаламыздағы ең ірі құрылыс компанияларының бірі «Жилой фонд» кәсіпорнымен тығыз байланыста. Осы уақыт ішінде шамамен 400 студент өндірістік тәжірибеден өткен. Солардың 30-ға жуығы бүгінде осы жерде табысын тауып жүр. «Жилой фонд» құрылыс компаниясының HR-менеджері Луиза Дасаеваның айтуынша, колледж түлектері тағылымдамадан өткен соң өндірістік-техникалық бөлімінің инженерлері, шебер-тағылымгерлер және толыққанды әрлеу жұмыстары бойынша құрылыс шеберлері секілді лауазымдарда жұмыс істейді.
– Бізге студенттер әдетте екінші курстан бастап, тәжірибеден өтуге келеді. Өндірістік тәжірибе кәсіпорынға тиесілі құрылыс нысандарында өтеді. Төртінші курсты аяқтаған соң, көпшілігі біздің компанияда қалып, еңбек жолын жалғастырады. Құрылыс – ауыр сала, сол себепті мұнда көп адам келе бермейді. Дегенмен, бізге келетін жастар жеткілікті, – дейді Луиза Дасаева.
Колледжде «Құрылыс шебері» мамандығы бойынша бітірген түлек Артур Бекметов бүгінде «Жилой фонд» компаниясына тиесілі «Метрополь» тұрғын үй кешенінің құрылыс алаңында жұмыс істеп жатыр.
– Алғашқыда шебер-тағылымгер болып істедім, кейін құрылыс учаскесінің шебері болып ауыстым. Жұмысқа тұрғаныма тек бір жылдай уақыт болды. Маған өз мамандығым бойынша жұмыс істеген ұнайды, себебі мен бұл жұмыста жаңа білім мен мол тәжірибе жинаймын. Қазір айлық жалақым да көңілімнен шығады, – деді Артур.
Аталған құрылыс учаскесінің бастығы Максим Микрюков кез келген фирма, кәсіпорындар жас буынға тәжірибесін үйретуге дайын болу қажеттігін айтады. Сөзінше, жастар бұл салаға қызығатын болса, тез үйреніп, қатарға қосыла алады.
– Жастар жұмыс істеуге ниетті, десе де үйренуге көп уақыт кетеді. Егер қызығушылығы болса, тез меңгеріп алады. Құрылыс саласында барлық білгеніміз бен тәжірибемізді жастарға үйретуге әрдайым дайынбыз, – деп ой түйді Максим Микрюков.
Инклюзивті білім беруге жағдай жасалған
Колледж ерекше балалармен 2014 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Олар үшін қажетті жағдай толық жасалған. Бүгінде колледжде ерекше қажеттіліктегі 82 студент білім алуда.
– Ерекше білімді қажет ететін арнайы топтармен қатар, инклюзивті білім беру тобы да бар. Яғни, арнайы топтағы балалар арнайы бағдарламамен дәріс алса, басқаларына өзге топтармен кіріктіріліп білім беріледі. 82 студенттің арасында 11 түрлі диагноздағы балалар бар. Алайда, олардың толыққанды білім алуы үшін мүмкіндіктер жасалған. Ерекше қажеттіліктегі студенттер дәнекерлеуші, жиһаз, ландшафтық-дизайн мамандығын да меңгеруде, – деді оқу орны басшысы Әсел Сапарова.
Инклюзивті топтардың құрамында есту қабілеті нашар студенттер жиһаз өндірісін жақсы меңгереді екен. Алдымен олар компьютерде сурет салады, содан кейін станоктардағы бөлшектерді кеседі, үстел, орындық, кереует және басқа да жиһаз бұйымдарын жинайды. Ал арнайы топтарда ақыл-ой кемістігі бар студенттер сәндік-қолданбалы өнерді үйрене алады. Бұл оларға ұсақ моториканы дамытуға көмектеседі және табанды болуға үйретеді.
– Рас, мұндай студенттерді одан әрі жұмысқа орналастыру – маңызды мәселе болып қала береді, – деп мойындайды директор.
– Біз өз тарапымыздан оларға барлық жағынан көмектесуге тырысамыз. Мәселен, былтыр сұранысқа ие мамандықтар бойынша қысқа мерзімді қайта оқыту курстары ашылды. «Жиһаз ісі» мамандығының бір түлегі екі жыл бойы үйде жұмыссыз отырды, біз Орталық саябақтың басшылығымен келісіп, оған үш апталық тегін курс ұйымдастырдық және оны көгалдандырушы ретінде жұмысқа орналастырдық. Қазір ол 200 мың теңге жалақы алады және өте риза. Сондықтан әркім өз жұмысын табуы үшін осындай тәжірибені тұрақты енгізгіміз келеді, – деді Әсел Сағынбайқызы.
Кәсіптік білім беру ұйымының басшысы Әсел Сағынбайқызы қолданбалы өнерде оқитын студенттерді жұмысқа орналастыру бағытында «Dala-skills» байқауына ерекше қажеттіліктегі студенттер де кіріктіре алатынын айтады. Сонымен қатар, кей мамандықтар негізінде олар қаржылық сауаттылықты да меңгереді дейді.
«Студенттер қолданбалы өнер бағытындағы мамандықты игере отырып, өздерінің жасап шығарған бұйымдарын сату, тарату мүмкіндіктерін меңгеруі үшін де бағыт-бағдар береміз», – дейді Әсел Сапарова.
Гүлнұр Серікжанқызы,
«Ortalyq Qazaqstan»