АймақБас тақырыпҚарағанды

Ертеңнен бастап облыс автобустарында жолақыны QR-код арқылы төлеуге болады

3 ақпаннан бастап Қарағанды облысының бірқатар қалаларында қоғамдық көлікте жол ақысын төлеудің қосымша тәсілі енгізіледі. Енді Қарағанды, Балқаш, Теміртау, Саран және Шахтинск қалаларында жолаушылар ONAY!QR жүйесін пайдаланып, банктік қосымшалар арқылы жолақы төлей алады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Жаңа мүмкіндікке сәйкес, автобустарда орналастырылған ONAY!QR-стикерлерді сканерлеу немесе көлік кодын қолмен енгізу арқылы Halyk және Kaspi банктерінің мобильді қосымшалары арқылы төлем жасауға болады.

Бұл жаңашылдық ONAY! сервистерін цифрландыру аясында іске асырылып, жол ақысын төлеудің қолданыстағы тәсілдерін кеңейтуге бағытталған. Сонымен қатар жолаушылар үшін бұрынғыдай ONAY! көлік карталары – виртуалды және стандартты, сондай-ақ жеңілдігі бар карталар, мобильді қосымша және ұялы телефон балансынан SMS арқылы төлеу мүмкіндіктері сақталады.

– Жүйені Қарағандыда, кейін облыстың өзге қалаларында енгізген сәттен бастап өткен 4 жыл ішінде біз жолаушыларға, тасымалдаушыларға және жергілікті атқарушы органға түсінікті әрі қолайлы модель қалыптастырдық. Жүйе күнделікті пайдалануда өзінің тұрақтылығы мен тиімділігін дәлелдеді. Біздің жүйе және оның барлық компоненттері үнемі дамып келеді. ONAY! инфрақұрылымына Kaspi және Halyk мобильді қосымшалары арқылы төлем тәсілдерінің енгізілуі жолаушылар үшін жолақысын төлеу үдерісін одан әрі жеңілдетуге бағытталған кезекті қадам. Біздің командамыз күн сайын жолаушылар үшін қоғамдық көліктегі сапарды барынша қолжетімді етіп, төлем процесін қарапайым әрі ыңғайлы ету бағытында жұмыс істейді,- деп атап өтті «Алматы қаласының Көлік холдингі» Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Андрей Мустопуло.

Айта кетейік, ONAY! жүйесі Қарағанды қаласында 2021 жылдың желтоқсан айында іске қосылды. Осы уақыт аралығында облыс бойынша бастапқы және қайта шығарылымды қоса алғанда, түрлі санаттағы 326 мың жеңілдік картасы таратылды. Халыққа қызмет көрсету орталықтарында азаматтардың 236 мыңнан астам өтініші өңделді.

Қазіргі таңда Қарағанды облысының бес қаласында 22 автопарк 121 маршрут бойынша жолаушылар тасымалын жүзеге асырады. Қоғамдық көлікте 955 автобус пен 7 трамвай қызмет көрсетіп, оларда 1900-ге жуық ONAY! көлік терминалы орнатылған. Сонымен қатар автобустар мен трамвайларда 6 мыңға жуық ONAY!QR стикері орналастырылған.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button