ЖаңалықтарМәселе

Ернар КЕЙКИН: Қарқаралы тауларының көбі атаусыз жатыр

Топонимика ғылымы – әр мемлекеттің маңызды бір саласы. Кез келген ғылым алдымен өткен тарихқа жүгінетіні – аксиома. «Жер-судың аты – тарихтың хаты» деп, қазақ тегін айтпаған. Кейінгі кездерде бұқаралық ақпарат құралдарында бұл тақырыпта айтып-жазып жүрген жандар сиреп барады. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің аға оқытушысы, экология магистрі Ернар Кейкин мырзамен сұхбат құрғанды жөн санадық.

– Ернар Қуатұлы, топонимика дегенде алдымен көз алдымызға не келеді?

– Жер-су аттары дегенде, есімізге алдымен Қаныш Сәтбаев келеді. Геолог ғалым Жезқазған өңірін зерттеп, Қарсақбайдың мысын тапқанда жер-су атауларына ерекше мән берген. Себебі, бабаларымыз ат қойып, айдар тағып кеткен кез келген төбенің атауында терең мән бар. Қаныш Имантайұлы, қазақтың геологиялық картасын сызу барысында жергілікті халықтан жер-су аттарының төркініне жүгініп барып, барлау жұмыстарын жүзеге асырған. Содан кейін ғана, ол жер туралы дәйекті мәліметтерді картаға енгізіп отырған. Немесе, Екібастұздың көмірі мен алтынын тапқан кенші Қосым Пішенбаевты алайық. Оның геологиялық білімі болмағанымен, елдің қойған атына қарап, жер асты қазынасын түгендей білген.

– Топонимист ғалымдар дегенде Қаныш Сәтбаевтан өзге кімдерді айта аламыз?

– Қайталап айтайын, топонимика – іргелі ғылым. Ендеше, ол ғылымның Ғали Қоңқашбаев, Қуат Сапаров, Күләш Қаймулдинова сынды көрнекті өкілдері бар. Олар географиялық атауларды зерттеп-зерделеп, белгілі бір ғылыми тұжырымдар дайындайды. Мәселен, көптеген тарихи мәні бар атаулар дер кезінде картаға түспегендіктен, халық жадынан да өшіп, ұмытылып кетіп жатыр. Урбанизацияға жедел ұшырап жатқан қазақ халқы жерінің тарихын түбегейлі ұмыт қалдыратындай қауіпті хәлде. Байырғы қыстау мен күзеуді, жаз жайлауын жатқа білетін, қырат-кезеңдерді жатқа соғып отыратын ұзан-абыздарымыз да келместің кемесінің кезегінде тұр. Жайылымы тарылғасын, жер мен су атауы кімге қажет болғандай?! Кейінгі ұрпақ легі де ол жерде емес, қалада өмір сүруде. Атақонысынан ажыраған қаймана қазақ тамырынан қол үзіп барады.

– Мәселені көлденең қойып отыр екенсіз. Шешу жолын қарастыра отырсақ…

– Тап басып айта қою қиын. Жауап таразы басында тең түсуі абзал шығар. Алғашқы қадамдары ретінде электронды картаға дерекқорды жүктеу амалдарын айтуға болар. Кәдімгі GPS картаға байырғы атауларды латынша енгізе беру. Аты енгенімен, әр таудың тарихы сол таудың қыналы тасында бұқпантайлап қала беріп тұр ғой. Мәселен, қазір өз басым Жарылғап ауылының топонимикалық ерекшеліктерін зерделеу үстіндемін. Зерттеу барысында алақандай ғана ауылдан 200- ден астам топоним (жер атауы) таптым. 50-ге тарта гидроним (су, өзен-көлдер атауы) жазып алдым. Бірқатар оронимдер (жер бедерінің шоқы, төбе, тау-қырат атауы) тіркелді. Көптеген фитонимдер (өсімдік атаулары) жазып алдым. Онда тұрған халықтың генонимін (ата-тек атаулары) хатқа түсірдім. Осыдан келіп топонимика мен шежіренің қиылысар тұсы басталып кетеді. Екеуін екі бөліп қарау – әбестік. Жер тарихы – ел тарихы.

– Ғасырлар арасындағы сабақтастық қалай өрбуде?

– Кейінгі Кеңес үкіметіне тоқталып өтелік. Өздеріңізге аян, үкімет орнай салысымен, сай-саланың байырғы атауын бұрмалап, орысша атай беріпті. Біздер қазір соның салдарымен күресудеміз. Амал жоқ, Омбы мұрағатына қайта барып, 1897 жылы бүкілресейлік халық санағының материалдарын қайта байыптау тапсырмасы тұр алдымызда. Атап өтерлігі, Ф.Щербина экспедициясындағы «Материалы по киргизкому землепользованию» атты 12 томдығын ақтарып нақтылау қажет.

– Қазақ жер-су аттары көркем әдебиетте де көп кездеседі…

– Әлбетте, Мұхтар Әуезов «Абай жолында» қазақы топонимнің бәрін дерлік енгізе беруі тегін емес… Ол кездегі цензура тарихи жер атауларына қатты назар сала қоймаған. Оқиғалар желісіне мән бергенімен, топонимикалық нүктелер аман қалған. Осы арқылы заңғар жазушы қазақ тарихын топонимикасымен сақтап қалған. Кейінірек елтанушы Бекен Исабаев эпопеядағы жер-су аттарын зерделеп, тарихымыздағы іргелі оқиғаларды тірілтіп шыққан. Мұхтар Омарханұлы айта алмаған, жаза алмаған тұстарын қалпына қайыра келтіріп алды.

– Атаусыз жатқан жерлерге келсек…

– Бір ғана мысал. Қарқаралы ауданында ҚарУ-дың оқу базасы бар. Дәріскер ретінде онда жиі сапарлаймын. 2006 жылдан бастап сол жерде М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының тәлімгерлері іс-тәжірибеден өтеді. Жыл сайын. Жергілікті таулардың барлығын картадан қараса, көбісінің атауы жоқ. Кәдімгі аты жоқ таулар мен шоқылар. Содан, олар не істейді деңіз. Олар өздерінің карталарына профессорларының атын қойып кетеді. Мысалы, «Пик Анны Петровны» деген секілді. Келесі жылы келген студенттер енді «Анна Петровнаның шыңына» келдік деп тұрады. Бір есептен оларды кінәлау қаншалық орынды? Картаға ресми жер атаулары түспеген соң оны өзгелер ат қойып, айдар тағып жататыны заңдылық дерсіз. Сондықтан, осы олқылықтардың орнын толтыру мақсатында қазақтың ұлттық жер-су атауларының картасын жасауымыз қажет. Біздің басты миссиямыз – осы. Даламыздың тарихын өлтірмесек, бабамыздың тарихы да өлмек емес…

– Танымға толы сұхбатыңызға алғыс білдіреміз!

Сұхбаттасқан Ерқанат КЕҢЕСБЕКҰЛЫ.

Оrtalyq.kz     

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button