Жаңалықтар

Ермековтің есімін ардақтайық

Қазақтың ұраны қашан да «Алаш» болған. Жау жағадан алған кезде батыр бабаларымыз «Алаш» деп атойлаған. Алаш идеологиясын насихаттау, өскелең ұрпақты ұлттың ұйытқысы болған сол кәусардан сусындату – басты міндет.

Туған жер топырағы қашан да адамзат үшін киелі мекен, алтын бесік. Қарқаралы,

Қызыларай одан бері де Беғазы тауларының бір-бірімен қанаттасып көгенделе жатуының өзі, табиғат берген ерекше сән-салтанат емес пе?! Ақ қайыңды, қарағайлы, тал-теректі ормандары, ақ бұлағы сарқырап аққан сай-саласы, тамаша өлкесі әркімнің жүрегіне сағыныш болып ұялайтыны анық. Осы өңір небір мықтыларды дүниеге әкеліп, олар қазақ халқының болашағы үшін маңдайын тауға да, тасқа да соқты. Ақтоғайды ежелден үш арыстың мекені деуі содан болса керек. Әлихан Бөкейхан, Жақып Ақбаев, Әлімхан Ермековтердің Алаш үшін күрескен сұрапыл жылдардағы соқпағы әлі де сайрап жатыр. Ақтоғай – Алаш арыстарының атамекені. Халқымыздың өз еркіндігі үшін күрес жолында мәңгі өшпейтін терең із қалдырған қайраткер, үш арыстың бірі – Әлімхан Ермеков.

Әлімхан Әбеуұлының қоғамдық саяси қызметі 1917 жылы екінші жалпы қазақ съезінде Алаш Орда үкіметінің вице-премьері болып сайлануынан басталған болатын. Ұлт тағдырына ара түсуде жерлесі Әлихан Бөкейханның зерделі шәкірті, саяси айнымас үзеңгілес серігі болды.

Қазақ шекарасын анықтау мақсатында Әлімхан Ермековті мандатпен 1920 жылы Москваға жібереді. Бірнеше ай бойы әр түрлі комиссияларға қатысып жер, автономия мәселесі жөнінде баяндама жасайды, айтыс-тартыстарға қатысады. Осы мәселе жөнінде В.Ленин төрағалық еткен мәжіліске қатысады. Осы мәжілісте В.Ленин Қазақ АССР-ін құру жөнінде декретке қол қояды. Сонымен қатар, Әлімхан Ермековтің араласуымен Ресей аумағына еніп кеткен шекаралық жерлер қайтарылады.

Әлімхан Әбеуұлы теңдеулерді формула арқылы шешіп анықтаған қазақтан шыққан тұңғыш дарынды математик.

«Ұлы математика курсы» атты ғылыми кітапты 1935 жылы тұңғыш рет қазақ тіліне аударып «Математика профессоры» атанған. «Қазақ тілінің математика терминдері» атты сөздігін 1936 жылы жариялап, ана тіліміздің мәртебесін көтеріп, ұлттық қолданысқа енгізді.

Әлімхан Ермеков Кеңестік биліктің назарына түсіп, үрейін ұшырады. Сталиндік зұлматтың репрессиясы ғылымның жарық жұлдызы Ә.Ермековті 1937 жылы 18 жылға түрмеге отырғызды.

Қазақтың ұлттық Алаш-Орда автономиясына Қазақтың Кеңестік республикасына, қазақ ғылымына қажырлы еңбек етіп, ұрпақтарының ұлттық санасында зиялылықтың, кемеңгерліктің үлгісіндей болып сақталған Алаш ұранын ардақтап, азаттық жолында ата-бабаларымыз найзаның ұшымен, білектің күшімен қорғап, келешек ұрпаққа аманат етіп қалдырған ұлан-байтақ қазақ жерінің тұтастығын сақтау және қазақ ұлтының жарқын болашағы үшін күрескен Әлімхан Ермековтің ерен ісін бағалап, ғылымдағы еңбегін дәріптеп, есімін құрметтеу – бүгінгі ұрпақтар үшін аманат. Өз ел-жұртына қызмет жасаған, еңбегі сіңген адамдарды қадірлеу – елдіктің белгісі. Ендеше, егеменді ел болған дәуірімізде Әлімхан Ермеков сияқты Алаш азаматын еске алайық, есте сақтайық, қастерлейік. Осы орайда, Балқаш қаласындағы жаратылыстану-математика бағытында білім беретін №17 мектеп-лицейіне Алаш қайраткері, Әлімхан Әбеуұлы Ермековтің есімі берілуіне ұсыныс жасап және ел-жұрт болып қолдау көрсетсе, бұл еліміздің елдігі, ұлттық ұстанымыздың абыройы болмақ. Осы білім ордасына Әлімхан Ермековтің есімін беру лайық деп танылып жатса, ұстаздар ұжымы жас ұрпаққа ғалымның өнегелі өмірі мен атқарған игі істерін дәріптесе, жалынды жастар отансүйгіш, ұлтының патриоты, дарынды, талантты тұлға болып қалыптасады.

Сонымен қатар, Әлімхан Ермековтің қызметі қазақ халқының тұтас ұрпақтарының азаматтыққа және абзал қасиеттерге баулуға негіз бола алады. Сонымен қатар, Қарағанды техникалық университетіне ел ардақтысы, қазақтың тарихи тұлғаларының бірегейі, Алаш қайраткері, ірі ғалым-математик, ұстаз, талантты қоғам қайраткері екенін ескере отырып, Әлімхан Ермековтің атымен аталуына ұсыныс жасап ел-халқымыздың, жекелеген ұжымдардың қолдауын сұраймыз. Тәуелсіздік алған заманда қазақ халқы да өлгенін тірілтіп, өшкенін жандандырып, олардың есімдерін атап, халқымызға қайта оралтып, ұрпақтарымен қауыштырды. Әлімхан Ермеков бүкіл өмірін еліміздің егемендігі, ұлтымыздың тәуелсіздігі жолындағы қажырлы күреске, жастарды білімге, мәдениетке тәрбиелеу ісіне қалтқысыз арнады. Зор тұлғалы Ә.Ермеков және басқа да қайраткерлерді қадірлеп, қажырлы еңбектерін бағалап құрметтеу біздің еншімізге тиіп отыр. Халқым намысты қолдан бермейтін, өз-өзімізді құрметтейтін, бәсекеде биікті бағындыратын мәртебелі шақта тұрмыз.

Мен түйген ой-пікірлерімді газет бетіне жазып отырмын. Халық үн қосып, ой-пікірлерін білдірсе екен деймін.

Ерменбет ӨМІРБЕК, зейнеткер.

Басқа материалдар

Back to top button