Ермеков мұрасы – ел назарында
Мағжан ЖҰМАБАЕВ атындағы №39 мектеп-гимназияның ұжымы Отанына мінсіз қызмет етуде жоғары азаматтылықтың үлгісін көрсеткен Әлімхан ЕРМЕКОВКЕ арналған кабинет ашты. Тұңғыш математиктің еңбектері қойылған кабинеттегі басқосу жиыны жоғары деңгейде өтті.
Мектеп ұжымы қалалық ғылыми-тәжірибелік конференцияны «Әлімхан Ермеков – қазақтың тұңғыш профессор математигі» атады. Оған қоса математиктің кітабының түпнұсқасы қойылған жеке кабинетке ғалымның кітаптары қойылып, суреттері ілінді. Алдағы уақытта білім ошағынан математиктер оқытып шығаруды мақсат еткен мектеп директоры қатысушыларға жылы лебіз білдірді.
Жангелді БАЗЫЛ, №39 гимназия директоры:
– Ғылыми-тәжірибелік конференцияның мақсаты– ұрпаққа қазақтың тұңғыш профессор математигі Әлімхан Ермековті таныту. Оқу-тәрбие үрдісінде ғалым шығармашылығының құндылығын, тәрбиелік мәнін насихаттау және оқушылардың математика пәніне деген қызығушылығын арттыру болатын.
Жиынға қатысушы ғалымдар математик мұрасынан зерделеуде қол жеткен жаңалықтарымен бөлісті. «НұрАлаш» қоғамдық қорының директоры Иран Ермеков: «Алаш қайраткерлерінің өмірі мен еңбектерін насихаттау бағытындағы жұмыстар өз нәтижесін көрсетуде. Әлімхан мұрасына қатысты қор Астана қаласында, Ақтоғай ауданында бірнеше шаралар өткізді. Алаш қайраткеріне арнап Мағжан атындағы мектепте жиын өткізудің мәні ерекше», – деді. Қалалық мектептердің ұстаздары баяндама оқыды.
ҚарМУ-дың техника ғылымдарының кандидаты, профессор Төлеуғазы Смаилов Әлімханның әкесі «Әбеу халқына қадірлі, озық ойлы, орысша сауаты бар, өз дәуіріндегі зиялылардың бірі болды. Былқылдақта Құнанбай сұлтан сайланған кезде Ермек той жасаған. Тойда Абай мен Әбеу кездеседі. Әбеу уезд басшысы сайланғанда Абай Әбеуге қыран бүркіт сыйлайды. Абай мен Әбеудің достығы содан басталады. Әбеу інісі Смайылға беріпті» деген естелікпен бөлісті.
Е. Бөкетов атындағы ҚарМУ-дың тарих ғылымдарының кандидаты, доцент Қанат Өскембаев Әлімхан Ермековтің өмірі мен еңбегін төрт бағытта қарастыруды алға тартты. Ғалым баяндамасында алдымен, Ермековтің саяси қайраткерлігі қазақ елінің тәуелсіздігі жолында күресінен танылған деді.Тарихи қысқа мерзімде-ақ, қайраткердің қатысуымен қазақ жерінің тұтастығын сақтау, атап айтқанда: Батыс Қазақстан өңіріндегі Каспий жағалауларының, Семей, Ақмола облыстары мен Алтай өңіріне кірген қазақтар тығыз орналасқан Коростелов даласының Қазақстанға қайтарылуы жүргенін атады.
– Губревком, кейін Қазревком мүшесі, әрі коллегия төрағасы, жоспарлау басқармасы мен өнеркәсіп саласындағы қызметтерінде жүріп, Кеңес үкіметі мекемелерін жергілікті халықтардың өмір жағдайына бейімдеу арқылы жергілікті халықтың жағдайын орыс шаруаларының жағдайымен теңестіруге талпынды. Екіншіден, жергілікті халықтардың мемлекет өміріне белсене араласуына кең мүмкіндіктер, орыс шаруалары мен орыс-казактарының қолындағы көшпелі халықтардың ата қоныс мекендерін қайтару үшін үлкен жұмыс жасады, – деді Қ.Өскембаев.
Конференцияның екінші бөлімі оқу-ағарту ісіне арналды. Бұл ретте ғалымның жастардың білім алуына ұйтқы болуы, 1958 жылы қазіргі Қарағанды мемлекеттік техникалық университетінің математика кафедрасының аға оқытушысы болып қызмет атқарып жүргенде зейнеткерлікке шыққаны айтылды. Сондықтан, Ермековтің оқытушылық қызметіне байланысты көп деректер осы ҚарМТУ мұрағатында «№2767 ОК-9 Әлімхан Ермеков жеке ісі» папкада және оның баласы ғалым-геолог, геология-минерология ғылымдарының докторы, марқұм Мағауия Әлімханұлының (1921-2006 жж.) жеке мұрағатындағы материалдарда сақталған екен.
Онда ғалымның Қарқаралы, Ұлытау, Балқаш, Баян өлкесінің жастарының білім алуына ұйтқы болуы, осы жылдары Кентте, Қызыларай өңірінде (бұрынғы Қоңырат, қазіргі Ақтоғай ауданының территориясы) бастауыш мектептер ашуға үлкен еңбек сіңіріп, жастарды өнер-білімге тартқаны жөнінде деректер қамтылған.
Ұстаздар жиынның үшінші бөлімінде ғалымның математика бойынша дайындаған оқулықтарын талқылады. Қ.Өскембаевтың айтуынша, Ермековтің ғылыми-ағартушылық қызметі ХХ ғасырдың 20 жылдарында басталды. Сол жылдары ол республикадағы орта және жоғары оқу орындарының ашылуына ұйтқы болып, математика курсынан қазақ тілінде тұңғыш ғылыми еңбектер жазды. Мысалы: 1935 жылы, оның әуел баста екі кітап болып жоспарланған «Ұлы математика курсы» кітабының 1-бөлімі «Қазақстан» баспасында жарық көрді. Редакторы Құдайберген Жұбанов. 10 мың дана. 180 бет және 80 сызбадан тұрады. 1936 жылы 26 беттік «Математика басылымдарындағы ғылыми терминдер», ал 1937 жылы «Детерминанттар теориясының негіздері» атты еңбектері математика тарихында өшпес мұра болды. Сол ұстаздардың игіліне жараған оқу құралының бірі – қазір М.Жұмабаев атындағы №39 гимназияда сақтаулы.
Сөйтіп, жиынға қатысушы жастар Ермеков мұрасымен толық танысты. Олар 18 жылдан астам өмірін Кеңес үкіметінің жазалау органдарының қудалауында өткізсе де адамгершілік қасиетінен, ұлтжандылық ұстанымынан танбаған Ермеков мұрасын сақтауға уәделесті.
Аяулым СОВЕТ