Бас тақырып

Ермағанбет Бөлекпаев: «Тергеу жұмыстары түбегейлі және объективті түрде жүргізілсін»

Облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев ферроқорытпа зауытында орын алған жазатайым оқиғаның тергеу жұмыстарын өз қадағалауына алды. Әрі оқиғаны түбегейлі және объективті түрде тергеуді мықтап тапсырды.

Сурет qazindustry.gov.kz

– Ферроқорытпа зауытында штаттан тыс жағдай орын алып, сегіз қызметкер зардап шекті. Қазір барлығына толық көлемде қажетті медициналық көмек көрсетілуде. Мен зардап шеккендердің туыстарымен жеке кездестім. Дәрігерлермен де сөйлестім. Медицина қызметкерлері қолдан келгеннің бәрін жасап жатыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова зардап шеккен бес адамның жағдайы өте ауыр екендігін айтты. Қалған үшеуінің де жағдайы қиынға соғып тұрғанын мәлімдеді. Қазіргі уақытта медицина қызметкерлері шокқа қарсы барлық кешенді терапияның жүргізіліп жатқанын ескертті.

Бүгінде YDD Corporation ферроқорытпа зауытында болған оқиға фактісі бойынша ҚР ҚК 156-бабының 2-бөлігі «Абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіруге әкеп соққан еңбекті қорғау ережелерін бұзу» бабына сәйкес қылмыстық іс қозғалды. Еңбек заңнамасы шеңберінде болған жағдайдың себептері мен мән-жайын тексеру үшін арнайы комиссия құрылған.

– Комиссия құрамына барлық уәкілетті мемлекеттік органдардың өкілдері кірді. Жұмыстар бірінші күннен басталып кетті. Әр өкіл өз бағыты бойынша пысықтайды. Бастапқыда оқиға болған жер тексерілді. Жазатайым оқиғаның куәгерлеріне сауалнама жүргізілді. Енді техникалық құжаттамамен танысады. Біз күн сайын жұмыс істеп жатырмыз, – деді еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Мұрат Қарақекілов.

Тергеу қорытындысы бойынша қорытынды жасалады.

– Бұл жұмысты сіздер барлық жауапты мемлекеттік органдармен, соның ішінде құқық қорғау органдарымен тығыз ынтымақтастықта жүргізулеріңіз керек.  Тергеу жұмыстары түбегейлі және объективті түрде жүргізілсін, – деді аймақ басшысы.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button