Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск тұрғындарымен кездесті
Шахтинск қаласында газдандыру жұмыстары белсенді түрде жүріп жатыр. Жақын арада моноқала тұрғындары көгілдір отын тұтына бастайды. Қазіргі уақытта газ тарату станциясы мен магистральдық желілердің құрылысы толық аяқталған, ал қазір ішкі кварталдық желілер тартылуда. Келесі кезеңде табиғи газ Северо-Западный ауылына жеткізіледі.
Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Шахтинск тұрғындарымен кездесіп, қала мен оған жақын елді мекендердің өзекті мәселелерін талқылады.
Кездесу барысында тұрғындар коммуналдық қызмет сапасы, жолдардың жағдайы, көше жарығы, балалар және спорт алаңдарының жетіспеушілігі, сондай-ақ тазалық мәселелерін айтты.
– Қалада жүйелі жұмыстар жалғасуда. Ең маңызды жобалардың бірі – газдандыру. Бұл – халық көптен күткен мәселе. Осы бағытта нақты шаралар қабылданып жатыр, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Әкімнің айтуынша, жылу маусымына дайындық жұмыстары қатаң бақылауда. Кездесуден бұрын ол ЖЭО-да болып, күрделі жөндеуден өтіп жатқан үш қазандық пен бір турбинаға тексеру жүргізген. Энергетикалық қадағалау органдарының бақылауымен негізгі және қосалқы жабдықтар жаңартылуда, бұл алдағы жылыту сапасына оң әсер етеді деп күтілуде.
Шахтинск қаласында бес қабатты жаңа тұрғын үйдің құрылысы аяқталуға жақын. Шахан кентінде екі көпқабатты үйдің кіреберістері күрделі жөндеуден өтіп жатыр. Бұл пәтерлер кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Жыл соңына дейін 85 отбасы жаңа пәтерге қоныстанады.
Сонымен қатар, қалада алғаш рет жеке инвестиция есебінен көпқабатты тұрғын үй салу жобасы іске қосылды.
Ауызсу мәселесі де назардан тыс қалған жоқ. Қалада су құбырларын жаңарту жұмыстары кезең-кезеңімен жүргізілуде. Өткен жылы жобаның екінші кезеңі сәтті аяқталды.
Қала әкімі Мұрат Қыдырғанбековтің айтуынша, үшінші кезең аясында 49,4 шақырым су құбырының 34 шақырымы тартылған. Сондай-ақ Новодолинский кентінде су құбыры желілерінің құрылысы басталды.
Шахтинск қаласындағы ескі кәріз жүйесін жаңғырту үшін арнайы жоба әзірленіп, оны келесі жылы іске асыру жоспарланып отыр.
Көлік инфрақұрылымы да назарда. Қарағанды – Саран – Шахтинск тасжолын қайта жаңарту жұмыстары жалғасуда. Сондай-ақ Абай – Қарабас – Жартас бағытындағы облыстық жолдың Шахтинскке жақын бөлігінде Долинка кентіндегі барлық бұрылыстарға асфальт төселмек.
Шахтинск, Новодолинский және Шахан елді мекендерінде 7 шақырым жол орташа жөндеуден өткізілуде.
Жыл соңына дейін қала мен елді мекендерде 940-қа жуық жаңа жарық шамы орнатылады.
Абаттандыру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Биыл Шахтинск, Долинка, Шахан және Новодолинский елді мекендерінде 20 жаңа балалар ойын алаңы орнатылады. Бұл нысандар «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы аясында жүзеге асуда.
Новодолинскийде үш шағын спорт алаңы жөнделді. Жыл соңына дейін қалада бес футбол алаңы жаңартылып, келесі жылы қалғандары толық жөндеуден өтеді.
Тұрғындар қаладағы стадионға кіретін жолды ретке келтіруді сұрады. Қала әкімі бұл мәселе биыл шешілетінін және жолға асфальт төселетінін жеткізді.
Кездесу соңында облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдап, әр мәселені бақылауға алатынын айтты.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА