Аймақ басшысы Үндістан елшісімен кездесті
Қарағандыға Үндістан Республикасының ҚР-дағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Нагендра Прасад келді. Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевпен кездесуде ынтымақтастықты нығайту және әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды.
– Біз өзара тиімді ынтымақтастық үшін ашықпыз. Біздің облыста Үндістан капиталының қатысуымен түрлі салаларда 13-ке жуық кәсіпорын жұмыс істейді, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.
Ол өңдеу өнеркәсібінде, көмір химиясында ынтымақтастықты дамытуды ұсынды. Сондай-ақ, тауарларды Қарағанды әуежайы арқылы транзиттеу мүмкіндігі бар.
Гуманитарлық салада тығыз ынтымақтастық байқалды. Қарағанды медициналық университетінде мың Үнді студенті оқиды.
– Қазақстан Үндістан үшін стратегиялық серіктес, ынтымақтастық үшін үлкен әлеует бар, – деп атап өтті Нагендра Прасад.
Кездесуде іскерлік делегациялармен алмасу мүмкіндіктері талқыланды. Сондай-ақ, Елші Қарағанды облысын техникалық және экономикалық бағыттар бойынша білім беру курстарына қатысуға шақырды.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА