АймақБас тақырыпҚарағанды

Ермағанбет Бөлекпаев кезекті жеке қабылдауын өткізді

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев өңір тұрғындарының өзекті мәселелерін талқылауға арналған кезекті жеке қабылдауын өткізді. Азаматтар әлеуметтік-тұрмыстық салаға қатысты түрлі өтініштерін жеткізді. Олардың қатарында тұрғын үй мәселесі, медициналық қызмет сапасы, ветеринария саласындағы кемшіліктер, елді мекендерді абаттандыру және көлік қатынасының жеткіліктілігі секілді сұрақтар болды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

Қабылдауға Абай ауданына қарасты Құрма кентінің белсенді тұрғыны да қатысып, бірнеше мәселе көтерді. Соның ішінде Сұрыптаудағы емхананың қызмет көрсету сапасына байланысты шағымын айтты. Өңір басшысы бұл мәселені дереу назарға алып, тиісті органдарға шұғыл тапсырма берді.

– Бұл мәселені міндетті түрде шешеміз. Ертең денсаулық сақтау басқармасының басшысы барып, жағдайды анықтайды, – деді Ермағанбет Бөлекпаев.

Белсенді тұрғын сондай-ақ жергілікті өзін-өзі басқару, абаттандыру және көлік қатынасына қатысты түйткілдерді де ортаға салды.

Қабылдау барысында бірқатар мәселелер сол жерде шешімін тапты. Ал қосымша уақыт пен жан-жақты зерделеуді қажет ететін өтініштер жауапты қызметтердің бақылауына алынды. Бұл бағытта тиісті ведомстволармен бірлескен жұмыс жүргізілетін болады.

Айта кетейік, облыс әкімі тұрғындарды жеке қабылдауды жүйелі түрде ай сайын ұйымдастырып келеді.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button