Ермағанбет Бөлекпаев: Балқаш әуежайы тәулігіне 9 әуе кемесін қабылдай алады
Облыс әкімдігінің хабарлауынша, жаңғырту жұмыстарынан кейін Балқаш әуежайы тәулігіне 9 әуе кемесін қабылдай алады. Бұл туралы облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Saryarqa телеарнасына берген сұхбатында айтып берді.

— Балқаш бойынша қазір ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр. Бұл – кешенді бағдарлама. Әуежайды қайта жаңғырту аяқталуға жақын, келесі жылдан бастап ол толыққанды жұмыс істеп, тәулігіне 8–9 әуе кемесін қабылдай алады. Қаланың жағалауын абаттандыру, жағажай аймақтарына инженерлік инфрақұрылым тарту қолға алынған. Барлық коммуникациялары дайын учаскелер бойынша жаңа демалыс аймақтарын салу үшін аукциондар өткізіліп жатыр. Сондай-ақ Торанғалық елді мекеніне алғаш рет ауыз су жеткізіледі. Онда кәріз жүйесін салу да жоспарланып отыр, — деді өңір басшысы.
Материалды әзірлеген Аяулым СОВЕТ



