Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облысының үстел теннисі федерациясының төрағасы болып сайланды
Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев Қарағанды облысының үстел теннисі федерациясының төрағасы болып сайланды. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.


Қарағанды облысы үстел теннисінен республика бойынша жетекші орындардың бірінде. Өңірде бұл спорт түрінің қалыптасқан бай дәстүрі бар: мұнда жастар арасындағы әлем чемпионатының жеңімпазы мен жүлдегері, Қазақстан чемпиондары, халықаралық жарыстардың жүлдегерлері даярланған. Сондай-ақ облыстан ұлттық, жастар және жасөспірімдер құрамаларының мүшелері шыққан.

Алдағы уақытта жеңісті дәстүрді сақтау және оны одан әрі дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқару көзделіп отыр. Басымдық кәсіби спортты дамытуға және жоғары деңгейдегі теннисшілерді даярлауға беріледі. Сонымен қатар бұқаралық спортты өркендетуге, халықты үстел теннисімен тұрақты түрде айналысуға тартуға және Қазақстан мен Қарағанды облысының халықаралық аренадағы спорттық имиджін ілгерілетуге ерекше назар аударылмақ.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



