Ерліктің рухы өшпейді
Жуырда Волгоградтағы «Мамай қорғаны» мемориалдық кешенінің аумағында Сталинград шайқасында ерлікпен қаза тапқан қазақ жауынгерлерінің рухына тағзым етуге арналған ескерткіш белгінің ашылу салтанаты өтті.+
Салтанатты шараға Қазақстан Республикасының Астрахан қаласындағы консулы Қ.Шекқалиев, Павлодар облысы әкімінің орынбасары М.Бегентаев, «Қазақстан Республикасы генералдар кеңесі» РҚҰ төралқасының төрағасы әділет генерал-майоры Р.Қайдаров, Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының қызметкері, Ресей Федерациясы ІІМ Волгоград академиясы адъюнктурасының адъюнкты полиция аға лейтенанты С.Молбасин бастаған Ресей Федерациясы ІІМ Волгоград академиясында оқып жатқан Қазақстан Республикасы ІІМ қызметкерлері, «Майдан жолы» павлодарлық іздеу тобының жетекшісі А.Шутов және топ өкілдерінен тұратын Қазақстандық қонақтар Волгоград облысы губернаторының орынбасары А.Блошкин бастаған облыс әкімшілігінің өкілдері, Ресей Федерациясы Волгоград, Ростов, Саратов, Самара облыстарының жергілікті қазақ қауымдастықтарының өкілдері, Ресейдің Волгоград облысының ардагерлер және жастар ұйымдарының өкілдері қатысты. Ауқымды шара барлығы 2 мыңға жуық адамды қамтыды.
Ескерткіштің ашылу салтанатына орай ұйымдастырылған шеру «Ресей ұмытпайды, Қазақстан мәңгі есте сақтайды» ұранымен өтті.
Шараның ресми бөлігі Волгоград әскери гарнизоны оркестрінің орындауындағы Қазақстан мен Ресей әнұрандарын шырқаумен ашылды. Ескерткіш белгінің ашылу салтанаты Волгоград Құрмет қарауыл ротасының қатысуымен өтті. Осы күні рота сарбаздары Қазақстан мен Ресейдің мемлекеттік туларын салтанатты түрде алып жүрді.
Шеруге қатысушылар Ұлы Отан соғысында қаза тапқан жауынгерлердің рухына тағзым етіп, үнсіздік жариялады.
Волгоградтық имам Ғайса қажы майдан даласында қаза тапқан батырлар рухына құран бағыштады. Сондай-ақ, ескерткіш жанына Қызыл әскердің Сталинград шайқасындағы ұрыстарға қатысқан қазақ дивизиялары құрылған Қарағанды, Ақмола, Павлодар және Алматы облыстарының топырақтары салынған капсула жерленді.
Шеру қатысушылары Ұлы Отан соғысы майдандарында шайқасқан қазақ жауынгерлерінің көзсіз ерліктерін ерекше жеткізді. «Қазақстан Республикасы генералдар кеңесі» РҚҰ төралқасының төрағасы әділет генерал-майоры Р.Қайдаров: «бір ғана Сталинград шайқасының өзінде Қазақстан аумағында құрылған 9 дивизия шайқасты, бұл майданға аттанған барлық қазақ құрылымдарының үштен бір бөлігі», – деп айрықша атап өтті.
Салтанатты шеру соңынан қатысушылар ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қойды. Жерлесіміз Кеңестер Одағының батыры, ұшқыш Нұркен Әбдіровке арналған ескерткіш белгіге гүл шоқтарын қою салтанаты осы күнгі іс-шараның түйініне айналды. Қазақстаннан келген қонақтар «Мамай қорғаны» мемориалдық кешенінде өткен іс-шара аяқталысымен «Сталинград шайқасы» мұражайына аттанды. Кешкісін Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Роза Рымбаева Волгоград қаласының Орталық концерт залында концерт берді.
С.МОЛБАСИН,
Қазақстан Республикасы ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының қызметкері, Ресей Федерациясы ІІМ Волгоград
академиясы адъюнктурасының адъюнкты, полиция аға лейтенанты.