Бас тақырып

Ерлікпен ерен болғандар ескерусіз қалмады

Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында Қарағанды облысында Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне, тыл еңбеккерлеріне, концлагерь тұтқындары мен Ленинград қоршауында қалған жандарға құрмет көрсетілді. Аймақ басшысы Ермағанбет Бөлекпаев ардагерлерді шын жүректен құттықтап, оларға ерекше алғыс пен ыстық лебізін білдірді.

Суреттерді түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

— Құрметті ардагерлер! Бұл жыл — ерекше жыл. Сіздер Отан алдындағы борыштарыңызды абыроймен атқардыңыздар. Сіздердің өмір жолдарыңыз — жас ұрпаққа үлгі. Біз сіздерге қарыздармыз, — деді облыс әкімі өз сөзінде.

Мерекелік шара аясында ардагерлер мен қонақтарды соғыс жылдарындағы әндерді орындаған үрмелі аспаптар оркестрі қарсы алып, Талғат Бигелдинов атындағы республикалық әскери мектептің тәрбиеленушілері құрмет дәлізін құрып, ардагерлерге ерекше ілтипат танытты. Сонымен қатар мұражай экспонаттары мен әскери техникадан құралған көрме де ұйымдастырылды.

Бүгінде Қарағанды облысында 8 соғыс ардагері, 2634 тыл еңбеккері, 116 ардагердің жесірі мен әйелі, 29 концлагерь тұтқыны және 10 қоршауда болған адам тұрып жатыр. Олардың барлығына «Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 80 жылдығы» мерекелік медальдары табыс етілді.

Кездесуге қатысушылар жүректі тербететін естеліктерімен бөлісті. 100 жасар Григорий Петрович Степенко майданға 18-ге толмай жатып аттанған. Ауыр шайқастарды бастан өткерген ардагер биыл Астанада өтетін Жеңіс шеруіне қатыспақ.

— Қазіргі балалар соғыстың не екенін білмесін. Жерімізді сүйіп, бейбітшілікті бағалаңыздар, — деді ол күлімсіреп.

Анна Никоноровна Котова майданға өз еркімен сұранып, бірнеше рет әскери комиссариатқа барған. Оның табандылығының арқасында ол 65-ші эвакуациялық госпитальмен бірге Венаға дейін жеткен.

— Жеңістің хабарын естіген сәттегі қуанышымыз ұмытылмас. Бұл сезім 80 жылдан кейін де жүрегімде жаңғырып тұр, — деп еске алады ардагер.

Ал тыл еңбеккері Виктор Семенович Абраменков соғыс жылдарын Смоленск облысында партизандармен бірге өткерген. Алты жасында соғыстың тауқыметін сезінген ол сол кездің қорқынышты сәттерін әлі де ұмыта алмайды.

 

— Жарылыс дауыстары әлі күнге дейін түсіме кіреді. Жеңіс туралы хабарды анам көз жасымен қарсы алған еді, өйткені отбасының көбі майданнан оралмады, — дейді ол.

Мерекелік шара концерттік бағдарламамен жалғасты. Қарағанды музыкалық комедия театры мен Қ. Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің әртістері «На привале» атты әдеби-музыкалық қойылым ұсынды. Соғыс жылдарындағы әндер шырқалып, ардагерлер таныс әуендерге қосылып ән айтты.

Қазақстаннан майданға 1,2 миллионнан астам адам аттанса, Қарағанды облысынан 60 мыңға жуық азамат соғысқа қатысқан. Олардың 25 мыңы туған жеріне оралмады.

Бұл күн — тек мереке емес, ұрпақтар сабақтастығын, бейбіт өмірдің құндылығын ұғындыратын ерекше күн. Ардагерлерге құрмет көрсету — болашаққа бейбіт мұра қалдырудың жарқын көрінісі.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Back to top button