АймақОсакаров

Ерлікке тағзым – елдікке тағылым

Осакаров ауданының орталығында алдағы Жеңіс күні мерекесіне орайластырылған қорғаныстық-бұқаралық және әскери-патриоттық жұмыс айлығының салтанатты ашылуы өтті. Шараның басты мақсаты – жас ұрпақтың бойында отансүйгіштік қасиетті қалыптастыру, тарихи жадыны жаңғырту, ерлік дәстүрлерін дәріптеу және азаматтық жауапкершілікті нығайту.

Суреттер аудандық ішкі саясат бөлімінен

Іс-шара «Жастар» балалар мен жасөспірімдер орталығының аумағында ұйымдастырылып, оған аудан мектептерінің «Жас сарбаз» жасақтары, ардагерлер, әскери қызметшілер, сондай-ақ ауданның зиялы қауым өкілдері қатысты. Сап түзеген жас сарбаздар әскери тәртіп пен жинақылықтың, Отанға деген адалдық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетті. Бұл көрініс жас буынның ел болашағына бейжай қарамайтынын аңғартқандай.

Мемлекеттік Әнұранмен ашылған салтанатты шараның бастауында Осакаров ауданының ішкі саясат бөлімінің басшысы Дина Қызыр қатысушыларды құттықтап, өскелең ұрпақты отансүйгіштік рухта тәрбиелеудің маңыздылығына тоқталды. Ол өз сөзінде ел болашағы бүгінгі жастардың қолында екенін атап өтіп, олардың саналы, білімді әрі елжанды болып қалыптасуына осындай іс-шаралардың ықпалы зор екенін жеткізді. Сонымен қатар, аудандық қорғаныс істері жөніндегі бөлім басшысының міндетін атқарушы Айдана Байзақова мен тәжік-ауған шекарасындағы ұрыс қимылдарының ардагері Павел Ларин жастарға өнегелі сөз арнап, Отан алдындағы борыш, әскери қызметтің абыройы мен жауапкершілігі туралы ой бөлісті.

Жиында айтылғандай, патриотизм – елдің болашағын айқындайтын басты құндылықтардың бірі. Бүгінгі бейбіт өмір – аға буынның ерлігі мен жанқиярлығының нәтижесі. Сондықтан тарихи жадыны сақтау, өткенге тағзым ету, батырлар ерлігін ұлықтау – әрбір азаматтың парызы. Осындай игі бастамалар жастардың бойында елге деген сүйіспеншілікті арттырып қана қоймай, олардың азаматтық ұстанымын қалыптастыруға ықпал етеді.

Айлық аясында алдағы уақытта түрлі әскери-спорттық жарыстар, кездесулер, танымдық және тәрбиелік іс-шаралар өткізу жоспарланған. Бұл бастамалар жасөспірімдердің физикалық дайындығын арттырып қана қоймай, олардың рухани-адамгершілік тұрғыдан дамуына серпін бермек.

Шара барысында патриоттық әндер шырқалып, өнерпаз жастар көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Айлықтың ашылу рәсімі жас сарбаздардың салтанатты шеруімен қорытындыланды. Бұл – жас буынның ел қорғауға әрдайым дайын екенін, олардың бойында батылдық пен жауапкершілік қасиеттерінің қалыптасып келе жатқанын айшықтаған көрініс болды.

Осындай тағылымды шаралар арқылы жастардың бойында елжандылық қасиет қалыптасып, тарихқа деген құрметі арта түсері сөзсіз. Ерлікке тағзым еткен елдің рухы әрдайым биік болары сөзсіз.

Болатбек ӘШІМҰЛЫ
Осакаров ауданы

Басқа материалдар

Back to top button