Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагері, Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы Жағыпар Ақбергенов жайлы жазылған «Әкенің ақ тілегін өтеу – парыз» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті. Айтулы шараның басында алдымен майдангер жайлы түсірілген деректі фильм көрсетілді. Сонымен қоса, кітап көрмесі жұрт назарына ұсынылды.
Жаңа кітаптың тұсауын кесу құрметі Шашубай кентінің әкімі Нариман Жанатұлына, Кент ардагерлер кеңесінің төрағасы Әміртай Біләлұлына және зейнеткер Қордахан Шыныбекұлына берілді.
– 1981 жылы мен «Балқашбалық» мекемесіне автокөлік цехына басшы болып қызметке келдім. Сол күннен бастап Жағыпар Ақбергенұлы ағамызбен жақын таныстықта болдым. Сол кездегі сол кісілердің киген киімі, жүрген жүріс-тұрысы, сөз мәнері атқарып отырған қызметтері түсіне білген адамға, біздер үшін үлкен мектеп, мағыналы тәрбие еді, – деп еске алды Қордахан Шыныбекұлы.
Нариман Маңғышев Жағыпар Ақбергеновтің ұрпақтарын Алғыс хатпен марапаттады.
Сонымен қатар, ардагердің ұрпақтары сөз сөйлеп, әкелері жайлы естелікпен бөлісті.
– Әкейдің орден, медальдары көп еді. Оның ішінде, екі «Даңқ» ордені болған. Егер де үшінші «Даңқ» орденін алғанда, онда әкей Кеңес Одағының Батыры атағына пара-пар болар еді. Жоғарыда айтылғандай, әкей 1940 жылы әскер қатарына алынады, содан 1941 жылы соғыс басталған алғашқы күннен бастап, соғысқа қатысқан, 1941 жылдың 27 маусымынан Беларуссияда неміс басқыншыларымен соғысқан. Мәскеу қаласын 1941 жылдың қазан, қараша айларында қорғауға қатысқан, 1942 жылдың қазан айында Сталинград түбінде немістердің 22 дивизиясын (330 мың әскері бар) қоршауға алғанда әкейдің болған 3-ші жеке гвардиялық мотоциклшілер полкы неміс басқыншыларының тылына 120 шақырым жерге дейін кіріп кетіп соғысып, өте қатерлі күндерді өткізген. 1945 жылы соғыс аяқталғанда Мәскеуде Жеңіс парадына қатысқан. Содан 1946 жылдың 15 мамыр айына дейін Румынияда әскери борышын атқарған, – деді ұрпақтары.
Жиналған қауым соғыс ардагерінің азаматтық бейнесін еске түсірді. Соңынан ардагердің ұрпақтары әке рухына бағыштап ас берді.
Нұрдос КӘРІМ,
«Ortalyq Qazaqstan»
Ақтоғай ауданы