Ерлік – тәрбие жемісі
Тәуелсіздікке арналған тартулардың көбі қалалық мектептерде жалғасын табуда. Соның бірі облыс және қала мектептері арасында өткен мылтық ату және саптық ән байқауының сайыстары.
Сайыстың ашылу салтанатында №74 мектептің басшысы Нұргүл Нұртаева «Мектепте патриоттық тәрбиені дамытудағы ең басты мақсат – «Қазақстан – 2050» Стратегиясының рухани өзегі болып табылатын жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру» екенін тілге тиек етті.
Сайысқа барлық облыс төңірегіндегі қырық бес мектептен оқушылар қатысып, жеңімпаздар анықталды. Құрметті қонақтар қатарындағы №74 мектептің 1979 жылғы түлегі, ауған соғысының ардагері Айтбай Жұматаев сайысқа төрелік етті.
Айтбай ЖҰМАТАЕВ, Ауғанстандағы «Жауынгерлік ерлігі үшін» медалінің иегері:
– Жастардың бойына патриотизмді қалыптастыруға арналған шаралар тек Тәуелсіздік мерекесінің аясында қалмауы тиіс. Бүгінгі жас ұрпақ – қазақ халқының жаңа ғасырда биіктерге ұмтылуына рухани серпіліс беретін бағытта тәрбиеленгені жөн. Елбасы Н.Назарбаев өзінің халыққа Жолдауында: «Біз Қазақстанның барлық азаматтарының отаншылдық сезімі мен өз еліне деген сүйіспеншілігін дамытуға тиіспіз» деп атап өтті. Осы мақсатта кейінгі ұрпақтың сауатты әрі ұлтжанды болып өсуіне атсалысамыз.
Сондай-ақ, жиында сөз алған Қарағанды қаласындағы «Ардагер» Ауғанстан соғысының ардагерлері мен мүгедектері қоғамдық бірлестігі одағының төрағасы Талғат Хасенов:
«Қазақ халқының батырлары ежелден Отанын, жерін, ұлтын жаудан қорғаған. Осыған ұқсас мылтық ату және саптық ән-байқаулары – жастарды өз елінің адал патриоты болуға тәрбиелейді. Осындай сайыстар оларды тек жеңіске жетелейтін болады. Бүгінгі жастар отанымыздың келешегі, сондықтан, олармен санасу, пікірін тыңдау арқылы қоғамға белсене араласуына көмектесу қажет», – деді.
Сайысты ұйымдастырушы №74 мектептің ұстаздар ұжымы жастар мен ардагерлер арасында әскери тәрбие төңірегінде кездесу өткізіп тұратындығын айтады.
№74 мектептің алғашқы әскери дайындық және дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі Ерлан Тамабаев: «Әскери патриоттық тәрбие – қоғамдағы өзгерістердің барлығына жастардың араласуына ықпал жасап, мектеп жасынан отанға деген сүйінспеншіліктерін арттырады», – дейді.
Аяулым СОВЕТ
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.