Бас тақырыпОблыс әкімі

Ерлік рухы – мәңгілік

Биыл Ұлы Жеңістің 74-ші көктемі. ардагерлеріміз қатары жыл санап азайып келе жатса да, бұл күнді қастерлеу – ұрпақ борышы. Кеше облыс әкімі Ерлан Қошанов Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне құрмет көрсетті. Облыстың бірқатар қалалары мен аудандарынан келген 37 ардагер аймақ басшысының құрметті қонағы болып қайтты.

«Ариста» мейрамханасына жиналған қарттарды Кеңес Одағының екі мәрте батыры Т.Бигелдинов атындағы Қарағанды «Жас ұлан» республикалық мектебінің тәрбиеленушілері есік алдынан күтіп алды. Құрмет биігінен көрінген қадірлі қарттар арасында Бүркіт Есжанов ақсақал да бар.

  • Жыл сайын бізге осындай құрмет көрсетіліп келеді. Алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Мен өзім Орлов, Курск шайқастарына қатысып, екі рет жараландым. Емделіп шыққан соң майданға қайта оралып, соғыстан кейін де Қытайды жапон басқыншыларынан құтқаруға аттандым. Біздің көрген нәубетті кейінгі ұрпақ көрмесін, – деді қарт майдангер.

Бүгінгі бейбіт заман аталарымыз бен әкелеріміздің қанымен, тылда жанқиярлық танытқан аналарымыздың маңдай терімен келген. Осылай деп атап өткен аймақ басшысы ардагерлерге алғыс айтты.

  • Сіздердің ерліктеріңіз бен қайсарлықтарыңыздың арқасында біз бүгін ашық аспан астында өмір сүріп жатырмыз. Сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Ерлік рухы ұрпақтан ұрпаққа жетіп, мәңгілік жасайтын болады. Сіздерге құрмет көрсету – ұрпақ міндеті, – деді Е.Қошанов.

Сонымен қатар ол Кеңес Одағының батыры Нұркен Әбдіровтың 100 жылдың мерейтойы кеңінен тойланып, түрлі шаралардың ұйымдастырылып жатқандығын тілге тиек етті.

Ардагерлердің құрметіне соғыс кезіндегі әндер шырқалды, майдан даласынан қайтпағандарын еске алды.

Ғасыр жасаған Нина Сорокина «бұл күнге жетемін деп ойлаған жоқпын» ,– дейді.

  • Қан майданда болғандардың барлығы да өмір үшін күрескенімен, аман шығамын деп ойлаған жоқ шығар. Адам шығыны көп болды. Оның барлығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Жаратқан бүгінгі күнге жеткізді. Біз – бақыттымыз, – дейді Нина Николаевна.

Ардагер өзі үшін бақыт, ол – денсаулық, отбасы, Отан екенін айта келіп, жастарды денсаулықтарын сақтауға шақырды.

Жалпы, облыс бойынша Ұлы Отан соғысының 95 ардагері бар. Олардың барлығы Жеңіс күні қарсаңында 300 мың теңге көлемінде ақшалай сыйақы алды.

Жансая ОМАРБЕК.

Суретті түсірген Д.КУЗМИЧЕВ.

Басқа материалдар

Back to top button