Ерлік – ұрпаққа мұра
Кешелі-бүгінді Топар кентінің тұрғындары Мұхамет пен Гүлбағиланың шаңырағында «ақ түйенің қарны жарылған» үлкен қуаныш. Мұнда кіріп-шығып жатқан кісіде есеп жоқ. Олар өткенде бүткіл елімізді дүрліктіріп, он бес адамның өмірін жалмаған Семей орманындағы алапат өртті өшіруде қаһармандық көрсетіп, ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы 29 маусымдағы Жарлығымен «Ерлігі үшін» медалімен марапатталған осы үйдің кенже ұлы Мұрал Мұхаметұлын жабыла құттықтауда.
Ол 10 күннен аса тілсіз жаумен алысып, отбасына аман-есен оралып, кезекті еңбек демалысында ауылдағы ата-анасына келген беті екен. Сәлемдесе келген елдің бәріне сондағы бастан кешкен оқиғасы мен қорқынышты көріністі суреттеп, айтқан сайын естіген адамның жаны түршігіп, жағаларын ұстап, «Құдай сақтаған екен» дей береді. Мұралдың әр сөзін еміне тыңдап отырып, «Ой, Ерім-ай! Ой, азаматым-ай! Жарайсың!» деген сүйсіністерін де жасыра алмайды.
Астана қаласындағы 4-мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің жүргізуші-маманы, аға сержант Мұрал Мұхаметұлының қысқаша әңгімесі мынау: «Семей орманында жойқын өрттің басталып, бой бермей жатқаны туралы шұғыл хабар тиісімен біздің бөлімнен 15 өрт сөндіру машинасы толық құрамындағы экипажымен жолға шықтық. Менің экипажымда 6 адам. Өзім, бөлім бастығының орынбасары, 2 бөлімше командирі, 2 жауынгер болдық. Жеткен бойда кірісіп, 3 нүктеде күн-түн демей, жалаңдаған қып-қызыл отпен арпалыстық. Оның беті қатты болды. Ұзын ағаштардың бойымен лапылдаған жалын 50-60 метр биіктікке дейін көтерілгенде, жанына таяп бару мүмкін емес. Кейде құйындай ұйытқып, қасыңа қалай жетіп келгенін аңдамай да қаласың. Оның қою түтінінен күндіздің өзі көзге түртсе көргісіз қараңғы. Келген ізіңнен жаңылсаң, біткенің. Не отқа оранасың, не көлігіңмен ағашқа соғыласың. Ұзын, ауыр шлангіні бірнешеуіміз көтеріп ұстап, қашықтан тұрып атқылатып суды шашамыз келіп. Жалын шарпыны арнайы киімнен де өтіп кетеді. Ештеңе ойлауға мұрша жоқ. Жан алып, жан беріскен жанталас. Бәріміз бір адамдай қимылдап, ақыры 18 маусымда алапат өрттің бетін қайтарып, оны толығымен сөндіріп бітірдік-ау…
Енді, медаль алуына себепші болған оқиғаға оралсақ. Сол жерде 12 маусымда астаналық 2 экипаж Талица ауылы маңындағы өртті сөндіріп жүргендерінде рация арқылы өртті бақылау пунктінен жедел хабар түседі. Бұлар тез арада 10-15 минуттың ішінде жолындағысын жайпап, жақындап келе жатқан қалың өрттің құшағында қалатындары ескертілді. Жалма-жан құрал-саймандар мен шлангыларын жинап алған олар келген ізімен кері құйғытты. Жолшыбай сынып қалған өрт сөндіру көлігінің жанында тұрған семейлік 2 жігітті көреді. Естері шыққан екеуі ала кетулерін қайта-қайта өтінуде. Ойлануға мұрша жоқ. Арыстай екі азаматты ажал аузына қалай тастап кетпек?! Мұрал көлігінен түсе сала, өзінің тросына екінші машинаның тросын жалғап, тежегіші де істен шыққан көлікті тіркеп алып, ызғытқаннан ызғытып, төніп келген қауіптен сытылып шыға берді. Артынша соңдарынан өкшелеп келген қалың өртті бәрі жабылып, ауылға жеткізбей ауыздықтады-ау!
Сонда Мұралдың ойында осы екі адамды өлімнен құтқарудан басқа ештеңе жоқ еді. Әйтпесе, үйде қалған жары мен әлі жерден бауырын көтермеген шиеттей 3 баласы бар еді ғой. Бірақ, өмір мен өлім арпалысқа түскен сәт оны ойлатпады да. Сөйтіп, ол өзінің ғана емес, жеті бірдей адамның өмірін тосын ажалдан, тағы екі техниканы жанып кетуден аман сақтап қалды. Міне, осы көзсіз ерлігі үшін қасындағы жолдастары мен келіп жеткен комиссия аға сержант Мұрал Мұхаметті мемлекеттік марапатқа ұсынған.
Сол «Ерлігі үшін» медалін Мұрал осы 5 шілдеде Астана қаласында еліміздің Төтенше жағдайлар жөніндегі министрінің орынбасары Ибрагим Күлшімбаевтың қолынан алып, отбасымен Топарға тартып отырған. Ол мұнда тумаса да, 2004 жылы ата-анасы Қытай Халық Республикасының Шыңжаң өлкесінен осы кентке қоныс аударғанда, 13 жастағы бала болатын. Бара-бара бұл араға да туған жеріндей бауыр басып кеткен жеткіншек осындағы Абай атындағы мектеп-гимназия, Мичурин аграрлық-техникалық колледжін, кейін Е.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетін сырттай оқып, бітірген. Содан соң Ақтау қаласында теңіз жаяу әскері қатарында Отан алдындағы борышын өтеп келіп, үйленіп, 2017 жылы Елордаға көшіп, жоғарыда айтылған өрт сөндіру бөліміне жұмысқа орналасып, көп ұзамай екі бөлмелі пәтер де сатып алады. Балаларының үлкені – 7 жастағы Аманкүлі 1-сыныпты жаңа аяқтаса, одан кейінгі Дариғасы – 5, ал, Ұлжаны бір жарым жаста ғана. Медбике болып істейтін жары Қапура қазір баламен – үйде. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» демекші, егер сол өртте Мұрал жазатайым жазым болып кетсе, осы көгенкөздерінің жетім-жесір қалмасына кім кепілдік бергендей…
«Мұрал сол күндері кезекті кезекшілігіне кетіп, үйге үш күн оралмай қойды. Хабарлассам, телефонын көтермейді. Үшінші күн дегенде ғана телефон шалып, Семей орманында өрт сөндіріп жүргенін айтты. Содан, ол қашан сөндіріліп біткенше менде маза болсашы. Күнде теледидар қарап, қаза тапқандардың тізімінде жоқтығына көзім жеткенде ғана сабама түсемін де, амандығын тілеуімді тоқтатпаймын. Сол тілегім періштенің құлағына шалынып, ортамызға сау-саламат оралды ғой», – дейді Қапура қуаныштан жүзі бал-бұл жайнап.
Ал, анасы Гүлбағила мұны естіген сәттен есі шығып, әр сөйлескен сайын ұлына «Өрт ішінде өзіңмен бірге 5 литрлік 2 баклашкаға (пластикалық ыдыс қой) су толтырып, ала жүр. От ортасында қалып қойсаң, үстіңе құясың да, шығып, жүре бересің» деумен болады. «Қайран ана жүрегі-ай!» десеңші! Сол екі баклашкадағы су адам түгіл темірдің өзін балқытып жіберетін қызыл жалыннан баласының жанын сақтап қалады деп ойлағаны ғой басқадай дәрмені болмаған соң.
Ал, түйе қозғалса қозғалмайтын әкесі Мұхамет «Балам батыр бабасы Базарқұлға тартқан» деп, көтеріліп, желпініп қояды. Шынымен де, «Тегінде бар тегін болмас» дегендей, бұлардың тікелей аталары Базарқұл батыр қазақ-қалмақ соғысында ерлік көрсетіп, Жоңғар мемлекеті жойылған XVIII ғасырдың екінші жартысында олардан босаған ежелгі ата қонысы Моңғолия мен Шығыс Түркістан жерлеріне он екі ата Абақ-Керейді Ер Жәнібек екеуі бастап апарған. Ал, бейбіт күннің батыры атанған оның жетінші ұрпағы Мұрал Мұхаметұлын қалай мадақтаса да, лайық! Ендігі кезекте ортамыздан шыққан батырымызды бір кезде өзі оқыған мектебі мен колледжі, университеті, берісі кент, әрісі аудан, облыс әкімдігі кездесуге шақырып, сый-құрмет жасап жатса, құба-құп. Өйткені, ерлік – елге үлгі, ұрпаққа мұра.
Ержан ИМАШ,
Абай ауданы
Ortalyq.kz