АймақБас тақырыпҚарағанды

Ерлік үнсіз жасалады

Қарағанды облысының төтенше жағдайлар департаменті өңірде «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясындағы «Құқық тәртібі әліппесі» акциясын жалғастыруда. Бұған дейін бірқатар құқық қорғау ұйымдарының ішкі жұмысымен етене танысқан депутаттар, қоғам белсенділері мен жастар енді құтқарушылардың күнделікті қым-қуыт жұмысына куә болды.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Құтқарушылар қуана қарсы алды

Арнайы келген қонақтарға бұл жүздесудің мән-маңызы туралы төтенше жағдайлар департаменті бастығының орынбасары, азаматтық қорғау подполковнигі Думан Қайратұлы айтып өтті.

– «Заң мен тәртіп» акциясы аясында облыс прокуратурасымен бірлесіп, құтқарушылардың қызметін таныстырып, олардың күнделікті қандай жұмыс атқаратынын көрсету мақсатында ұйымдастырып отырмыз. Департаментіміздің техникалары мен арнайы құрал-жабдықтарын таныстыру үшін экскурсия өткіземіз. Сонымен қатар, музей, жедел штаб қызметі таныстырылады. Төтенше жағдай кезіндегі әрекеттер көрсетіледі. Жылу-түтін камерасы мен авариялық-құтқару жасағының жұмысына куә боласыздар. Мұндай кездесулерді біз халыққа қызметімізді таныстыру мақсатында тұрақты өткіземіз. Ал, биыл прокуратурамен бірлесіп, алғаш рет ұйымдастырылып отыр, – деді ол.

Ал, облыстың ішкі саясат басқармасының басшысы Нұрлан Бикенов акция аясындағы жұмыстардың жалғасты екенін жеткізді.

– Біз «Құқық тәртібі әліппесі» акциясы аясындағы жұмысымызды жалғастырып келеміз. Бұл акция «Заң мен тәртіп» идеологиясы негізінде жүзеге асырылуда және облыстық прокуратура жанындағы жобалық кеңсенің үйлестіруімен өткізілуде. Белсенді қатысып отырғандарыңыз үшін алғысымды білдіремін. Төтенше жағдайлар департаментінің жұмысы тек өрт сөндірумен ғана шектелмейді. Қызметтері кең көлемді, сан қырлы, ауа райы қолайсыз кезеңдерде жолда қалған жүргізушілерді құтқару, түрлі табиғи және техногендік сипаттағы төтенше жағдайларда тұрғындарға көмек көрсету – құтқарушылардың басты міндеттерінің бірі. Жазда – орман және дала өрттері, көктемде – су тасқыны, ал, қыста мұз үстіндегі және жол-көлік оқиғаларына байланысты құтқару жұмыстары үздіксіз жүргізіледі, – деді ол.

Заманауи техника, сүңгуірлер, әлемдік тәжірибе

Акция барысында қатысушыларға құтқару қызметінде қолданылатын заманауи жабдықтар таныстырылды. ТЖД қызметкерлерінің мәліметінше, бүгінде пайдаланылатын құралдардың басым бөлігі халықаралық стандарттарға сай және әлемдік тәжірибеде кеңінен қолданылады. Барлық арнайы жабдық мемлекет тарапынан қамтамасыз етіледі.

Суасты іздестіру жұмыстарына арналған «Гном» жүйесі – бейнекамера мен эхолокатордан тұратын құрылғы. Алайда, оның тиімділігі судың мөлдірлігіне байланысты. Өңірдегі көптеген су айдындарында көріну деңгейі 20-30 сантиметрден аспайтындықтан, сүңгуірлер көбіне тактильді әдіспен, яғни, қолмен сипап іздеу арқылы жұмыс істейді.

Сүңгуірдің арнайы шлемі 18 килограмм салмақ тартады. Осындай заманауи жабдықпен 60 метр тереңдікке дейін түсуге болады. Қызметкерлер 12 метрге дейін еркін сүңги алады, одан әрі тереңдікке түсу үшін міндетті медициналық тексеруден өтеді. Мамандар арнайы дайындықтан өтеді және тәжірибелі нұсқаушылардан білім алады.

«Ақылды» құрылғы өрттен сақтайды

Сонымен қатар, өрт қауіпсіздігіне қатысты түсіндіру жұмыстары да кеңінен қамтылды. ТЖД қызметкерлерінің мәліметінше, халыққа арналған түрлі жадынамалар дайындалған. Онда жеке тұрғын үйлер мен көпқабатты үйлердегі өрт қауіпсіздігі ережелері нақты көрсетілген. Түсіндіру жұмыстары тек тұрғын үй секторында ғана емес, ұйымдарда, мектептерде және балабақшаларда да жүргізіледі. Мұндағы негізгі мақсат – әр адамды өрт болған жағдайда қалай әрекет ету керектігінен, оны қалай сөндіруді, өрт сөндіру құралдарын пайдаланудан хабардар ету. Газ баллондарын пайдалану ережелері бойынша да арнайы жадынамалар бар. Балаларға арналған «Сіріңке – ойыншық емес» тақырыбындағы ескертпелер, сондай-ақ, автокөлік иелеріне арналған қауіпсіздік парақшалары әзірленген.

Әрбір өрт сөндіру құрал-жабдығының артында нақты бір оқиға, белгілі бір өрттің тарихы жатыр. Сондықтан, тұрғындарға пәтерге немесе жеке үйге түтін датчигін орнату ұсынылады. Құрылғының бағасы маркетплейстерде шамамен 5 000 теңге шамасында. Датчик батарея­мен жұмыс істейді (әдетте үш батарея). Орта есеппен батарея 3 айға дейін қызмет етеді. Қуаты азая бастағанда, құрылғы әр 30 секунд сайын дыбыстық белгі беріп, батареяны ауыстыру қажет екенін ескертеді. Датчик іске қосылған кезде қатты дыбыстық сигнал береді. Арнайы тексеру батырмасын басқанда, құрылғы үздіксіз дыбыс шығарып, жұмысқа дайын екенін көрсетеді. Батареяны ауыстыру да қиындық тудырмайды.

Өрттің алдын алу – әр азаматтың жауапкершілігі. Қарапайым қауіпсіздік шараларын сақтау арқылы көптеген қайғылы жағдайлардың алдын алуға болады. «Құқық тәртібі әліппесі» акциясы осы мақсатты күшейтіп, қоғам мен құтқарушылар арасындағы сенімді нығайтуды көздейді.

Қарағанды қаласында өртке қарсы қызмет 1925 жылдан бастап жұмыс істей бастады. Ал, 1934 жылы қала мәртебесі берілген кезде алғашқы өрт сөндіру автокөлігі жеткізілді. Ол «ОМО» деп аталған. Ардагерлердің айтуынша, бұл көлік жетілдірілмеген болатын: өртке шыққанда жауынгерлер көліктен құлап кетпеу үшін металл тіректерге арқанмен байлануға мәжбүр екен.

Өрт-техникалық орталықтағы экскур­сия шамамен бір сағатқа созылады. Экс­по­наттармен таныстырудан кейін келу­шілерге өрт қауіпсіздігі тақырыбында бей­нефильм көрсетіледі. Әр аудитория­ға арналған бейнематериалдар әртүрлі: бастауыш сынып оқушыларына, жоғары сынып оқушыларына, студенттерге және мамандарға арналған жеке бағдарламалар бар.

Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстарын ұйымдастыру басқармасы бастығының міндетін атқарушы, полковник Нұралы Смағұловтың айтуынша, қазіргі уақытта жағдай толық бақылауда.

– Мен бүгін Қарағанды облысы бойынша жауаптымын. Жалпы Қазақстан бойынша, Қарағанды облысында да ахуал тұрақты. Жедел штаб жұмыс істеп тұр. Қажет болған жағдайда 6-7 адамнан тұратын мобильді топтар шұғыл түрде жіберіледі. Барлық жұмыс бекітілген жоспарға сәйкес жүргізілуде, – деді ол.

Өңірде гидропосттар жүйелі түрде жұмыс істейді. Олар судың деңгейін, қардың қалыңдығын, жауын-шашын мөлшерін, өзен-көлдердің толу деңгейін тұрақты бақылауда ұстайды. Әсіресе көктемгі су тасқыны кезеңінде мониторинг күшейтіледі. Қай аумақта қанша су жиналғаны, қай жерде қауіп туындауы мүмкін екені алдын ала анықталады. Сонымен қатар, орман өрттерінің алдын алу шаралары да назардан тыс қалмаған. Термо-нүктелер спутниктік бақылау арқылы қадағаланады. Қауіпті аймақтардың барлығы арнайы картаға енгізілген.

Қазақстан бойынша 150-ден астам өрт сөндіру бекеті ашылған. Қарағанды облысында да жаңа бекеттер кезең-кезеңімен іске қосылып жатыр. Әрбір бекет заманауи техникамен жабдықталған. Өрт сөндіру көліктері, арнайы құрал-жабдықтар қарастырылған. Қызметкерлер арнайы дайындықтан өтіп, төтенше жағдай туындаған сәтте жедел әрекет етуге әзір.

Жолдардағы жағдай да тұрақты бақылауда. Қыс мезгілінде республикалық және облыстық трассалар онлайн режимде қадағаланады. Қай жерде жол жабық, қай аумақта арнайы техника жұмыс істеп жатқаны картада нақты көрсетіледі. Қажеттілік туындағанда полиция және өзге де арнайы қызметтер бірлесіп әрекет етеді. Әрбір нысанның орналасқан жері картаға белгіленген. Қай жерде техника бар, қай аумаққа қосымша күш қажет – барлығы жедел штаб арқылы анық көрініп тұрады. Кей жағдайларда тікұшақтар да қолданылады.

Кәсіби шеберлік шыңдалатын алаңда

Қарағанды қаласының өрт сөндіру қызметі полигонындағы өрт сөндірушілерді даярлауға арналған арнайы оқу-жаттығу кешені таныстырылды. Бұл нысан – өртке қарсы қызметтің тәжірибелік дайындығы өтетін негізгі алаң. Мамандардың айтуынша, дәл осы жерде кәсіби шеберлік қалыптасып, құтқарушылар шынайы жағдайға барынша жақын ортада машықтанады.

Полигонда оқу-жаттығу кешенімен қатар «Психологиялық дайындықтың отты жолағы» орналасқан. Кешен өрт сөндірушілер мен құтқарушыларды шектеулі кеңістікте, қою түтін мен улы газ толы ортада жұмыс істеуге үйретуге арналған. Мұнда конструкциялардың құлауы, қатты түтіндену секілді төтенше жағдайлар жасанды түрде модельденеді. Қызметкерлердің міндеті – шығу жолын табу, зардап шеккен адамды құтқару және өз қауіпсіздігін қамтамасыз ету.

Мамандардың сөзінше, адам шығыны көбіне тыныс алуға жарамсыз ортада жұмыс істеу кезінде орын алады. Мұндай бағыттағы дайындықтың маңызы ерекше. Аталған модуль 15 жыл бұрын орнатылған. Қарағанды қаласы бұл кешенді республика бойынша алғашқылардың бірі болып іске қосқан. Оны орнатуға Санкт-Петербург пен Киев қалаларынан арнайы мамандар шақырылған. Осылайша өңір өрт сөндірушілерді заманауи талапқа сай даярлауда алғашқы қадам жасаған аймақтардың біріне айналды.

Кешеннің тағы бір маңызды бөлігі – «Психологиялық дайындықтың отты жолағы». Бұл екі нысан қатар қолданылғанда қызметкерлердің физикалық төзімділігімен қатар психологиялық тұрақтылығы да сыналады. Алғашқы сынақтан барлығы бірдей өте бермейді. Мұндай жағдайда мамандар әр қызметкермен жеке жұмыс жүргізеді. Егер мәселе физикалық дайындыққа байланысты болса, қосымша жаттығулар ұйымдастырылады. Ал психологиялық кедергілер анықталса, арнайы қолдау көрсетіледі. Тәжірибе көрсеткендей, кейін көпшілігі сынақтан сәтті өтеді.

Бұрын мұндай жаттығулар қарапайым тәсілмен өткізілетін. Бос тұрған ғимараттарға түтін жіберіліп, сол жерде машықтану жүргізілетін. Бұл әрі қауіпті, әрі экологиялық тұрғыдан тиімсіз еді. Қазіргі оқу-жаттығу кешені толықтай экологиялық қауіпсіз. Зиянды шығарындылар болмайды, оны қала ішінде де орналастыруға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, қатысушылардың қауіпсіздігі толық бақылауда. Кешенге кірген сәттен бастап шыққанға дейінгі әр кезең қадағаланады. Қажет болған жағдайда желдету жүйесі іске қосылып, жедел көмек көрсетіледі. Бүгінде осындай кешендер еліміздің өзге өңірлерінде де бар. Дегенмен, Қарағанды бұл бағытта алғашқылардың бірі болып, тәжірибені бастап берген өңір ретінде ерекше аталады.

Қатысушылар құтқарушылардың тәжірибелік мүмкіндіктеріне тікелей куә болды. Орман алқабында кинологиялық есептің көмегімен шартты зардап шеккенді іздеу сәті көрсетіліп, арнайы дайындықтан өткен қызметтік иттердің із кесу, адамды табу және белгі беру қабілеті таныстырылды. Бұл – табиғи ортада жоғалған азаматтарды жедел іздестіруде аса тиімді тәсіл екені айтылды. Сондай-ақ, қыс мезгіліндегі сүңгуірдің суға түсу үдерісі көрсетіліп, мұз астындағы іздестіру-құтқару жұмыстарының күрделілігі түсіндірілді. Қатысушылар сүңгуірлік жабдықтардың мүмкіндігін, қауіпсіздік талаптарын және су астында жұмыс істеудің ерекшеліктерін көрді.

Бұдан бөлек, гидравликалық және авариялық-құтқару құралдарының мүмкіндіктері таныстырылып, жол-көлік оқиғалары мен түрлі апаттар кезінде адамдарды қысылған темір құрсаудан босату тәсілдері көрсетілді. Арнайы қайшылар, кескіштер мен созғыш құрылғылардың көмегімен құтқарушылардың санаулы минуттар ішінде жедел әрекет ете алатыны дәлелденді.

Осылайша, акцияның тәжірибелік бөлімі төтенше жағдайлар қызметінің кәсіби даярлығы мен техникалық әлеуетін айқындап, олардың кез келген жағдайда адам өмірін сақтап қалуға дайын екенін көрсетті.

Жамал СОВЕТҚЫЗЫ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button