Ұлы Жеңіске 80 жыл толуына орай, Ақтоғай ауданы Жидебай ауылдық округінің Сәуле ауылында «Әкелер есімі – ұрпақтар есінде» атты соғыс ардагерлеріне арналған ескерткішке Дайыр Мұхсиынұлына мемориалдық тақта орнатылды.

Дайыр Түсіпбектегі – Екінші дүниежүзілік соғыста Отан үшін жанын қиған ержүрек жауынгерлердің бірі. Ол Балқаш қалалық әскери комиссариаты арқылы әскерге шақырылып, 109-гвардиялық атқыштар дивизиясының 309-атқыштар полкі құрамында рота старшинасы болып, жауынгерлік борышын абыроймен атқарған. Алдыңғы шепте жүріп, елін жаудан қорғауда жан аямай күрескен. 1944 жылдың 18 наурызында болған қиян-кескі шайқаста ауыр жараланып, ерлікпен қаза тапты. Дайыр әкеміздің ерлігі – мәңгілік мақтаныш. Отан үшін жанын қиып, болашақ ұрпақтың бейбіт өмір сүруіне жол ашты.
Бүгінгі ұрпақ оның осынау ерлігін ұмытпай, оған деген құрмет пен тағзым ретінде және келешек ұрпаққа ұлағат үшін туған топырағында көктас қойды. Ескерткіште Дайыр Мұхсиынұлының аты-жөні, соғыста көрсеткен ерлігі мен Украинада жерленген жері жазылды. Мұндай игі іс – кейінгі ұрпаққа ата-бабалар жолын танытып, Отанды қорғауға тәрбиелеудің жарқын үлгісі.
Ал, Дайыр Мұхсиынұлының ағайыны Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысып, аман-есен елге оралған Жағыпар Мұхсиынұлы майдан даласында алдыңғы шепте барлауда болып, ерлікпен шайқасқан. Жау тылынан фашистерді тірідей байлап әкеліп, соғыс жоспарларын біліп, жеңіске жету жолында аянбаған. Соғыста алты рет жараланып, Берлинге дейін барған. Ал, Түсіпбекұлы Садық атамыз соғыста аяғынан ауыр жараланып, елге мүгедек болып оралды.
Сонымен қатар, соғыс жылдары тылда ел үшін аянбай еңбек еткен Жүнісбек Ыбырайұлы, Мұхсиын Түсіпбекұлы, Күлкен Бәкірқызы, Бибіхан Жаңабергенқызы, Әйкен Мұхсиынұлы мен Мерғазы Мұхсиынұлы әкелеріміз, Мұхсиын келіні Зағым анамыздың соғыс жылдарындағы қажырлы еңбектері де еске алынды. Олар тылда өгізбен жер жыртып, егін салды, масақ теріп, қырманда жұмыс істеді, мал бақты, майданға азықтүлік пен киім-кешек дайындап, жеңіске өз үлесін қосты. Марқұм болған соғыс және тыл ардагерлері рухына Құран бағышталып, тағзым етілді.
Данияр МЕРҒАЗЫҰЛЫ
Ақтоғай ауданы