Жаңалықтар

Ерлік ешқашан ұмытылмайды

Жақында Мәскеуде «Солдат тағдыры: архивтік зерттеулер теориясы мен практикасы» атты халықаралық конференция аяқталды. Оған «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің волонтері Руслан Растенов қатысты.

Сурет: satbayev.university

Конференцияның мақсаты — Екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында қаза тапқан және хабар-ошарсыз кеткен солдаттардың аты-жөнін анықтау, олардың есімдерін мәңгі есте сақтау. Бұл шараға Ресей, Беларусь, Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстаннан 150-ден астам адам жиналды.
Халықаралық конференцияның ашылу салтанатында Ресейдің Іздестіру қозғалысының жауапты хатшысы Елена Цунаева былай деді: «Солдат тағдыры» конференциясы осымен сегізінші рет өткізіліп отыр. Бұл бірегей формат, ол кәсіби тарихшыларды, өлкетанушыларды, архивистерді және біздің Іздестіру қозғалысының белсенділерін біріктіреді. Бұл өте құнды ресурс, себебі олардың жұмысы нәтижесі кейде ұрыс даласындағы қазба жұмыстары сияқты хабар-ошарсыз кеткендердің мәртебесін қаза тапқандардың мәртебесіне өзгертуге мүмкіндік береді және туыстарына жерлеу орнын нақтылауға көмектеседі».
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің волонтері Руслан Растенов Солтүстік Қазақстан облысы Қызылжар ауданы Бесқоныс ауылы, №2 орта мектебінде тарих пәнінің мұғалімі болып жұмыс істейді. Ол конференцияда «Atamnyn Amanaty» қоғамдық ұйымының соғыс кезінде хабар-ошарсыз кеткен солдаттардың туыстарын іздеу бойынша атқарған жұмыстары туралы баяндама жасады.
Қорытынды пленарлық мәжілісте оған Смоленск облысының іздеушілері Қазақстанның Қарағанды облысының тумасы Айдосов Әкімжан есімді жауынгердің зиратынан алынған бір уыс топырақты және оның туыстарына қатысты мәліметтерді табыс етті. Соғыс жылдары және соғыстан кейін де ол хабар-ошарсыз жоғалған деп есептеліп келген еді. Енді, міне тағы бір солдат іздеушілердің арқасында отбасына оралды.
Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде қаза тапқан, хабар-ошарсыз кеткен қазақстандық жауынгерлердің жерленген орындарын анықтау және олардың есімдерін мәңгі есте сақтау бойынша жүйелі архивтік және іздеу жұмыстарын бес жылдан бері «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі жүргізіп келеді.
«Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Мұрат Молдағалиевтің мәліметі бойынша, 2019 жылдан бері олардың ресми сайтына 9 мыңнан астам өтініш түскен. 4000-нан астам қазақстандық жауынгердің жерленген орны мен жеке тұлғалары анықталды. Биыл ғана 3 қазақстандық жауынгердің сүйектері (барлығы 19) әскери-тасымал ұшағымен отанына жеткізіліп, әскери құрметпен жерленді.
«Atamnyn Amanaty» миссиясы — бұл тарихи жадыны сақтау арқылы, ұрпақтар сабақтастығы негізінде жастарға рухани-адамгершілік және әскери-патриоттық тәрбие беру, осы бағытта мемлекетке қолдау көрсету.
Атап айтқанда, «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігі жаңа 2025 жылға мынадай жобаларды әзірледі:
1. Қазақстаннан шақырылған және Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан солдаттар мен офицерлер туралы электрондық дерекқор құру. Ұлттық платформа нақты ақпаратты сақтап, олардың есімдерін ұрпақтарға жеткізіп, олардың үлестерін мойындауды қамтамасыз етеді.
2. Халықаралық әскери-тарихи экспедиция «Батыс Қазақстан – Сталинград шайқасының алдыңғы шебі». Мақсат — соғыста қаза тапқан солдаттардың және бейбіт тұрғындардың сүйектерін көтеріп, есімдерін қалпына келтіріп, ескерткіштер орнату. Бөкейорда ауданында зерттеу мен мәңгі есте сақтау қажет 40-50 бауырлас қабір бар.
3. Соғыс жылдары Қазақстан аумағында эвакуациялық госпитальдардың тарихын зерттеу, госпитальдарға жерленген орындарды анықтау, оларды абаттандыру және естелік тақтайшаларын орнату. Соғыс жылдары Қазақстанда шамамен 150 000 жаралы емделді, олардың көпшілігі қаза тауып, жергілікті зираттарға жерленді.
4. Еуропада қаза тапқан қазақстандық солдаттарды іздеу. Қолда бар деректерге сәйкес, 2,2 миллионнан астам қызыл әскерлер, оның ішінде қазақстандықтар да бар, белгісіз жауынгерлер ретінде жерленген. Бұл жоба олардың есімдерін қалпына келтіріп, Қазақстанның Жеңіске қосқан үлесін халықаралық деңгейде мойындауға көмектеседі.
«Atamnyn Amanaty» бастамаларының депутаттар тарапынан қолдау тапқаны қуантады. Мысалы, 2024 жылдың 19 желтоқсанында ҚР Парламенті Сенатының депутаты Нурия Ниязова ҚР Премьер-Министрі Олжас Бектеновтың атына депутаттық сауал жолдады, онда жоғарыда аталған барлық жобалар айтылған.
Мемлекет басшысы Қ.Тоқаев Атырауда өткен Ұлттық Құрылтайда «Қазақстан әрқашан тарихи шындықтың және адамзат жылнамасындағы ең қанды қасап туралы шынайы көзқарастың сақталғанын қалайды. Келесі жылы әлемде Ұлы Жеңістің 80 жылдығы кеңінен атап өтіледі, – деген еді. Жеңістің 80 жылдығының маңыздылығын және Президенттің тарихи жадыны сақтау жөніндегі тапсырмаларын ескере отырып, Үкімет «Atamnyn Amanaty» қоғамдық бірлестігінің бастамаларын қолдап, олардың жүзеге асырылуына көмек көрсетеді деген үміттеміз.

«Atamnyn Amanaty» ҚБ баспасөз қызметі

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button