Жаңалықтар

Ерлік – елге мұра, ұрпаққа ұран

2025 жылы Ұлы Отан соғысындағы Ұлы Жеңіске – 80 жыл. Бұл бағытта өңірде игі істер бастау алды. Биыл Ұлы Отан соғысының ардагерлері, көрнекті қоғам қайраткерлері Камали Дүйсембеков пен Қали Аманбаевтың туғанына – 100 жыл. Ұлы Жеңістің 80 жылдығы қарсаңында қос ардагерді еске алу мақсатында Қарағандыдағы «Достық» үйінде дөңгелек үстел өтті.

Суреттер ұйымдастырушылардан

Соғыс жылдарында Қарағанды облысы 45 мыңға жуық азаматты майданға аттандырған. Алты мыңнан астам қарағандылық Ұлы Отан соғысындағы ерлігі мен батырлығы үшін түрлі орден, медальдармен марапатталса, 18 жерлесімізге Кеңес Одағының Батыры атағы берілген. Қазіргі уақытта аймақта көзі тірі тоғыз ардагер ғана қалыпты. Дөңгелек үстел майдан даласында ерлікпен қаза тапқан жауынгерлерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.

– Бүгінгі іс-шара өңірден майданға аттанған ардагерлерді тек еске алумен ғана шектелмейді, сонымен бірге, олардың еңбегін, ерлігін келешек ұрпаққа үлгі етіп, жүріп өткен жолын саралап, келешек ұрпақтың бойына сіңіруді көздейді. Біз – ақсақалдарымызды, үлкендерімізді құрметтеген халықпыз. Ардагерлердің өмір жолы – бізге үлгі-өнеге, – деді Әлібек Әлденей.

Осы шараның өтуіне тікелей мұрындық болған облыстық ардагерлер кеңесі. Кеңес төрағасы Ғабит Тұяқов қос ардагердің еңбек жолының, ерлігінің өскелең ұрпаққа тәрбиелік маңызы зор екенін атап өтті.

– Ардагерлеріміздің халқына, Отанына сіңірген еңбегі өлшеусіз. Облыстық ардагерлер кеңесі Қали Әлібекұлын осы қоғамдық ұйымның бастауында тұрған тұңғыш басшысы ретінде құрметтейді. Ал, Камали Жұматайұлы болса, кешегі сұрапыл соғыста өшпес ерлік көрсетіп, жауынгерлік «Даңқ» орденін үш мәрте иеленген. Ал, бұл Кеңес Одағының Батыры атағына тең. Біз осы екі ақсақалдың өмір жолын жастарға үлгі-өнеге етіп ұсынамыз. Оқу оқып, білім алуға талпыну, қиындықтарға мойымай, оларды табандылықпен жеңе білу, Отанына, еліне адал қызмет ете білу – міне, бұл қос майдангердің, қос қайраткердің өмірлік ұстанымдары, – деді.

Одан кейін сөз алған Қазтұтынуодағы Қарағанды экономикалық университетінің ректоры Ерқара Аймағамбетов қос ардагердің бойындағы асыл қасиеттер жайында айтып берді.

– Отанына адал қызмет етті. Қазақ үшін суға түсіп, от кешті. Барлық өмірін халыққа, елге арнады. Соғыстан кейін ел басынан ауыр кезеңдер өтті. Соғысқа қатысқандар соғыс жайлы көп айта бермейтін. Екі ағамыз да солай, соғыс жайында көп сөз қозғамайтын.

Керісінше, жастарға қолдау көрсетіп, патриоттыққа тәрбиелейтін. Ия, қызмет деген кетеді. Бірақ, сол сөздің түп-төркініне осы екі ағам жете білген. Соның тереңдігін түсінген бұл кісілер қайтып ашар есігін қатты жаппаған. Еліне қызмет етіп, түптің-түбінде оралар ортасы ел іші екенін, туған ел екенін ұмытпады. Мен жас болсам да, қоян-қолтық араластым. Ешкімге қату қабақ танытпайтын. Керісінше, күш-жігерін, ақылын елдің келешегіне жұмсады. Сөйтіп, өмірін мағыналы өткізді. Ал, біз – олардың жалғасымыз, – деді.

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Рымбала Омарбекова да бір кездері Қали Аманбаевпен қатар қызмет істеген.

– Кәмекең мен Қалекеңе қарап, жұмысқа деген адалдықтың, патриоттың қандай болу керек екенін ұғынуға болатын. Қалекең ең бірінші жауапкершілікті талап ететін. Қол астындағыларға дауыс көтеріп сөйлемейтін де. Қателессек, байыппен түсіндіруші еді. Бірақ, бәрі Қали Әлібекұлының көзқарасынан именетін. Ол кісінің үлкен бір еңбегі – Қарағандыда телевидениесін құрғаны. Қазіргі облыстық «Saryarqa» арнасы Қали Әлібекұлының жетекшілігімен құрылды. Телевидениені жоғары деңгейге көтерді. Кейін облыстық ардагерлер кеңесінің басшысы болды, – деді Рымбала Кенжебалақызы.

Шет ауданының құрметті ақсақалы, еңбек ардагері, өлкетанушы Боранбай Жумкин Камали Жұматайұлымен аттай 12 жыл бірге қызмет еткен жанның бірі. Ардагер Ақой жалпы орта білім беретін мектепке Кәмекеңнің атын беру туралы ұсыныс жасады.

– Кәмекең нағыз қамал алатын жасын майдан даласында өткізді. Одан кейін түрлі қызмет істеді. 1964 жылдың соңында Шет ауданына келіп, аудан басшысы болды. Содан 16 жыл табан аудармай, бірінші хатшы қызметін атқарды. Биыл Шет ауданының құрылғанына 96 жыл толса, содан бері ауданды 32 азамат басқарған. Солардың ішіндегі ең ұзақ басқарған – Камали ағамыз еді.

Арда азамат жастарды қолдайтын. Оған бір дәлел, менің Мақсұт Сәдуақасов деген досым Кәмекеңнің қолдауымен небәрі 29 жасында Қарабұлақ совхозына директор болды. Одан кейін Мағауия Сатыбалдин деген жолдасым Ақшатау совхозына бас инженер болып барған. Кейіннен директорлыққа тағайындалды. Ал, маған 1964 жылы Ақмоладағы (кейіннен Целиноград) ауыл шаруашылық училищесін бітіріп келгеннен кейін қасына ертіп, көп дүние үйретті. Кейін ауыл шаруашылық бөлімінің басшылығына келіп, сол жерде аттай 22 жыл қызмет атқардым. Шет өңірі Кәмекеңдей арда азаматты ешқашан естен шығармайды. Құрметіне Ақой жалпы орта білім беретін мектепке атын беру туралы ұсыныс тастадым, – деді ол.

Дөңгелек үстелге Камали Жұматайұлының қызы Роза Камалиқызы да қатысып, әкесі туралы тебіренді.

– Әкем мен анам 10 перзент тәрбиелеп өсірді. Бәрімізді оқытты. Әкем соғыстан келгенде бір қолын жоғары көтере алмайтын. Себебі, екі рет жарақат алыпты. Алайда, соған қарамастан жұмыс істеді. Әкем – біздің мақтанышымыз. Өзімнің үш балам бар. Бауырларым да қасымда. Бәріміз 9 мамырда немесе әкемнің, анам­ның туған күнінде жиналамыз. Әрі әкеміздің атына берілген көшеге де бару әдетімізге айналған. Әкемді еске алып, осындай шараны ұйымдастырғандарыңызға зор алғысымды білдіремін, – деді.

Ардагер журналист, еңбек ардагері, КСРО телевизия және радио үздігі, Қазақстанның мәдениет қайраткері Галина Рахимова да сөз сөйлеп, лебізін білдірді. Естеліктерін айтып, еңбегі жайында сөз қозғады. Әрине, қос тұлғаның еңбегі – өлшеусіз. Оны дүйім жұрт жақсы біледі. Әрі ұрпақтың мәңгі жадында.

Ербол ЕРБОЛАТ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button